Accessibility links

Алматы полициясы З.Нұрқаділов өзін-өзі өлтірді деген тергеу қорытындысын жария етті


Желтоқсанның 23-күні, Алматы қалалық ішкі істер департаменті биылғы жылдың қараша айының 12-сі күні Алматыдағы өзі үйінде, екі рет кеудесіне және бір рет басына тиген тапанша оғынан қаза болған Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне байланысты бір айдан астам уақыт жүргізілген тергеу қортындысын жария етті. Тергеушілер З.Нұрқаділов өзін-өзі өлтірген, оған отбасындағы кикілжіңдер себеп болған деген байлам жасап отыр. Ал дәл сол күні Алматыда марқұмның қырқын беріп жатқан Нұрқаділовтің жесірі Мақпал Жүнісова «Азаттық» радиосына білдірген пікірінде мұндай қорытындымен келіспейтінін айтты.

Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтірген. Қаза болғанына 40 күн толған Нұрқаділовке жұма күні отбасы ас беріп жатқан кезде, Алматы ішкі істер департаменті марқұмның өліміне қатысты жүргізілген тергеу қортындысы туралы баспасөз құралдары арқылы осындай мәлімет таратты. Ал марқұмның қырқына қатысу үшін Алматы қаласындағы «Жұлдыз» мейрамханасына 1 мыңға жуық адам жиналды. Марқұмды еске алып, оның әруағына құран бағыштауға келген жұрт ішке симай қалды. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы, кейінірек Қазақстан билігін өткір сынға алуымен көзге түскен саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі көпшіліктің көкейінде күмәнға толы сауалдар туғызып, түрлі тұжырымдар жасауға негіз болып келеді.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз ЖАНДОСОВ Нұрқідолвтың қазасына қатысты «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «бұл істің саяси сипат алуы нашар жағдай» екенін айта отырып, ішкі істер органдарының «кәсіби біліктілігі төмен» деген пікір білдірді.

- Олай болса, тергеу ісіне қажетті білікті мамандарды Қазақстанның негізгі серіктестері – Ресейден, АҚШ-тан, ЕуроОдақ елдерінен, Қытайдан алдыру үшін сол елдерден көмек сұрау керек,- деп есептейді Ораз Жандосов.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ саясаткердің ісін тергеуге жариялылық жетіспейтінін айтады.

- Сайлау алды қоғамдағы ахуалға өте қатты әсер еткен оқиға болды. Еліміздің бір ардақты азаматының өліміне байланысты болғандықтан, барлығы жария болып тұруы керек еді. Егер бұл істі соза берсе, оған саяси астар іздеушілер де көбейе бермек, - деді «Ақ жол» партиясының жетекшісі.

Белгілі театр режиссері Болат АТАБАЕВ марқұм Нұрқаділовтің өлімін зерттеу әлі басталған да жоқ деп есептейді:

- Сол саяси негізді желеу етіп, дұрыс тексеру басталмай жатыр. Сондықтан, Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы шындықтың қасына да жақындаған жоқпыз. Оған Нұрқаділовтің саяси белсенділігі себеп. Тірі Нұрқаділовтен емес, енді өлі Нұрқаділовтен де қорқады.

Ел-жұрты Нұрқаділовтің қырқын беріп жатқан кезде Алматы қалалық ішкі істер департаменті марқұм өзін-өзі өлтірді деген тергеу қортындысын жария етті. Онда келтірілген деректерде, Нұрқаділов денесіне тиген алғашқы екі оқтан емес, басына тигін оқтан көз жұмғаны айтылған. Тергеушілердің қортындысы бойынша, марқұмның өліміне отбасындағы кикілжіңдер себеп болған. Бұндай байламға негіз ретінде тергеушілер марқұмның туыстары мен жақындары Нұрқаділовтің зайыбы Мақпал Жүнісова бірнеше мәрте онымен ажырасқысы келгенін жеткізген. Оған дәлел ретінде Нұрқадловтің өлімінен кейін оның үйінен «Мен М.Ж-мен ажырасуға рұқсат беремін» деген қағаз табылғаны да айтылды.

Ал, марқұмның қырқын беріп жатқан жесірі Мақпал ЖҮНІСОВА «Азаттық» радиосына берген сұхбатында мұндай мәліметтерді алғаш рет естіп тұрғанын жеткізді:

- Ондайды естіген жоқпыз. Солай деп қойып па? Мен оған бәрібір қарсымын ғой! Ерте ме, кеш пе бәрібір ашылатын нәрсе ғой. Қазір толық тексермегеннен кейін сөйтіп айтқан шығар. Бір Алланың өзі кімнің болсын, жазасын береді!..

Заманбек Нұрқаділовті жақын танығандар оның жұмбақ өлімі қатты толғандырады. Мысалы, марқұмның курстасы әрі жақын достарының бірі Махмұт СӘЛІМБАЙ қайғылы оқиға есіне түссе, жаны күйзелетінін айтады:

- Адамның қанын көтерген адам қашан болсын жазаланады. Менің кейде құдайдан тілейтінім: достарыма да, қастарыма да мынандай өлімді бермесін. Мынандай жұмбақ өлім ерте ме, кеш пе ашылады. Кейін Заманбекке қаһарман атағы берілетініне де сенемін!

«Айбат» жастар қозғалысының жетекшісі Ғаділбек ӘКІМОВ саясаткердің өлімінен 40 күн өткенін, енді бұл жұмбақтың бетін ашу үшін батыл қадамдарға бару керек деп есептейді:

- 40 күн өтті. Енді ішкі істер министрілігінен талап етеміз. Ең бастысы халық, қоғам болып ішкі істер министрілігінен істің ашығын, анығын қамтамасыз ететіндей талап етуі керек. Мысалы, наразылық ретінде, шеру ретінде, қол жинау түрінде... Егер басымызды бұғып жүре берсек, ертең тағы біреуді атып тастауы мүмкін. Тағы бір оқ біреуге тиюі мүмкін.

Заманбек Нұрқаділов ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істеді. Алматы қаласы мен облысының әкімі болып тағайындалды, парламент депутаты болып та сайланды. Ал, Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметінде жүріп, 2004 жылы наурыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты мен елдегі жеке-дара билік жүйесін сынға алып, мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай, үкімет қаулысымен жұмыстан босатылды. Онан кейін Нұрқаділов Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлықты әшкерелейтін қоғамдық комитет құрып, оның жұмысына жетекшілік ететінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ, Қазақстанда биыл жыл басында құрылған оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының құрылтай комитетінде мүше болды. Алайда, өмірінің соңғы айларында Заманбек Нұрқаділов ел ішіндегі саясаттан бойын аулақ салып жүрген еді.
XS
SM
MD
LG