Accessibility links

Оңтүстік кореялық профессордың өзекті құжайрамен клондау арқылы омыртқа ауруларын емдеүге болады деген жаңалығы жалған дақпырт болып шықты


Осыдан 6 ай бұрын Оңтүстік Кореялық ғалым Хван Ву Сок клондау саласында жаңалық аштым деп әлемге жар салып, ол бір сәтте ұлттық қаһарман болып шыға келген еді. Ол өзекті құжайра – клеткамен клондау жасап, әлемде алғаш рет клондалған итті дүниеге алып келіп, ғылым әлемін таң қалдырған болатын. Бірақ, ол таңғажайып жаңалық енді қып-қызыл өтірік деп жарияланып, жұртты тағы да бір рет таңқалдырды. Бұл жөнінде Сеулдегі Ұлттық университеттің арнайы комиссиясы жариялады. Арнайы комиссия ол жаңалықтың керісінше адамзатқа зиянды екендігін дәлелдеген. Сонымен, профессор барлық абырой-атақтан жұрдай болып отыр.

Сеулдегі Ұлттық университеттің зерттеу бөлімі деканы Ро Жуң Хе бұл жөнінде былай дейді:

- Дәл қазіргі анықталған жағдайға қарағанда, профессор Хван жалған зерттеу жолына түскен. Ғалым өз қатесін мойындады, оның үстіне әріптестері оның қатесін тағы да тереңірек дәлелдей түсті.

Өткен мамыр айында АҚШ-та шығатын «Сайенс» (Ғылым) деген журналда бұл жаңалық жөнінде алғаш рет жазылған болатын. Ол мақалада профессор Хванның тобы 11 пациенттен адам эмбрионы жасуша-қужайрасы жасалды, олардан өзекті делінетін құжайра дүниеге келді деп жариялап жіберген еді.

Ғалым сол құжайраны кез-келген ағза-органда дамытуға болады деп сендірді. Оның үстіне, сол құжайра-клетканың көмегімен түрлі жазылмайтын ауруларды емдеуге болады деген қорытынды жасалды.

Бірақ, өткен қараша айынан бастап ғалымдар арасында ол жөнінде күдікті ойлар тарай бастады. Міне енді арнайы комиссия ол күдіктің рас екендігін дәлелдеп отыр. Профессор Хван 11 емес 2-ақ пациенттен қажетті жасуша-құжайра шығарған екен.

Бұдан небары жарты жыл бұрын ғана атағы әлемге әйгіленген ғалым Хван енді өзінің ол жаңалығы жалған екендігін мойындап, қызметінен кетті. Ол өз өкінішін былайша жеткізді:

- Мен халқымнан үлкен қателігім үшін кешірім сұраймын. Сіздерді әуре-сарсаңға салғаным үшін Сеул университетіндегі қызметімді тапсырамын. Дегенмен, пациенттік эмбриондық құжайра жасау - бұл Кореялық технология нәтижесі. Мұны қабылдауға болады. Бірақ, мен тағы да халықтан кешірім сұраймын, - деп, басын иді профессор.

Сонымен, клондау саласындағы бұл жалған жаңалықтан ғылымға пайда емес, миллиондаған долларлық нұқсан келгендігі анық болып отыр.
XS
SM
MD
LG