Accessibility links

Ресей мен Украина арасындағы газ айтысының салдарын Еуропа елдері сезе бастады


Ресей Украинаға газ тасымалын шектегені жөнінде хабар бүгінгі күні халықаралық ақпарат құралдары арқылы тарап отырған негізгі хабарлардың біріне айналып отыр. Бұл шектеудің жаңғырығы Еуропа елдерінде естіле бастады, Шығыс Еуропадағы кей елдер Ресейден келетін табиғи газ көлімінің азайып отырғанын мәлімдеп үлгерді. Бұл екі арада, Еуропа Одағы мен Құрама Штаттары екі тарапты да өзара келіспеушіліктерді тез арада шешуге шақырды. Алайда, Ресей мен Украинаның бұл айтысты қалай шешері әзірге беймәлім.

Ресей тарабы бұған дейінгі ескертулеріне сай Украинаға жөнелтілетін табиғи газ тасымалын шектегеннен беріде екі арадағы айтыс үдей түскендей. Ресми Мәскеу мен Киев газ мәселесіне байланысты бір-біріне қарсы айыптауларын одан әрі өршітуде.

Ресейдің мемлекет иелігіндегі ГазПром компаниясы Батыс Еуропаға жолдап отырған табиғи газдан жаңа жылдың алғашқы күнінде Украина 100 миллион текше метр газ ұрлады деп мәлімдеді. Жаңа жылға дейін Ресей мен Украина арасындағы газ келісіміне сай, Украина Ресейден күніне 120 миллион текше метр газ сатып алып отырған.

Ресми Киев өз кезегінде Ресей осынау дау-дамай арқылы Украин экономикасының тұғырын шайқалтқысы келіп отыр деп мәлімдеген. Украин Сыртқы İстер Министрлігінің ресми мәлімдемесінде Ресей көксеп отырған мақсатына жету үшін арнайы науқан бастады делінген. Бұл науқан барысында Ресей "экономикалық қысымды күшейтіп, жалған ақпарат тарату науқанын бастады" деп мәлімдеп отыр Украин Сыртқы İстер Министрлігі.

Журналистер алдындағы сөзінде Украин Президенті Виктор Ющенко былай деген:

"Осыдан бірнеше күн бұрын біз ресейлік ГазПромнан табиғи газ бағасына байланысты ресми ұсынысты алдық, онда 1000 текше метр газдың бағасы 230 доллар деп ұсынылды. Украина мұндай бағаны қабыл ала алмайтынын, оның жалғыз ғана себебі бар екенін мәлімдеді. Ол себеп - бұл бағаның экономикалық негіздемесінің жоқтығы. Бұл бағаның төбеден алып қойыла салғанын атап өткіміз келеді. Күні бүгінге дейін Украина мұндай бағаның неден қалыптасып отырғанына байланысты түсініктеме алған жоқ. Мұндай бағаны келіссөз тақырыбына айналдырудың еш жолы жоқ".

Бұл екі арада, Ресей мен Украина арасындағы газ айтысының салдарын Еуропа елдері сезе бастады. Аустрия, Мажарстан, Польша мен Словакия елдері Ресейден тасымалданатын газ көлемінің азайғанын хабарлап отыр. Мәселен Аустриялық Ұлттық газ компаниясы өзіне Украина арқылы тасымалданып жатқан ресейлік газ көлемінің үштен бірге кемігенін мәлімдеді.

Жалпы, Еуропа Одағы өз тұтынуына қажет табиғи газдың төрттен бірін Ресейден сатып алып отыр. Бұл газдың басым бөлігі, нақтылап айтқанда 80 пайызы Украина арқылы тасымалданып келді.

Германия, Италия, Франция және Аустрия біріккен мәлімдеме қабылдап, Украина мен Ресейді Батыс Еуропаға тасымалданатын газ көлімін тұрақтандыруға шақырды. Жексенбі күні Веннада журналистер алдында сөйлеген сөзінде Германия Канслері Ангела Меркел былай деген:

"Бұл айтыста өзара келісімге қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Мұның сыртында, Ресей мен Украина көрші елдер ретінде өз қарым-қатынасын ақылға салып шешді деп үміттенеміз."

Қаңтардың 4-інде Еуропа Одағының энергия саласындағы мамандары өзара бас қосып, қалыптасып отырған жағдайды талқылауда жоспарлап отыр.

Бұл екі арада, Құрама Штаттары да екі тарапты да өзара келіспеушіліктерді тез арада шешуге шақырды.
XS
SM
MD
LG