Accessibility links

Ресей мен Украйна арасындағы газ дауының Түркменстанға да әсері болатын түрі бар


Қымбат бағасына алмаған жағдайда Украйнаға газ беруді азайтатындығын Ресей сенбі, жексенбі күндері іс жүзінде дәлелдеген де болатын. Дей тұрғанмен сейсенбі күні Еуропа базарына қарай газ айдау қалыпты арнада атқарылған-ды. Ал, Украйна өз кезегінде Түркменстаннан арзан газ сұрайтындығын мәлімдеген еді. Сонымен ресми Ашхабад бұл жағдайда Мәскеу мен Киевтің қабағына жалтақтаумен отыр.

Ресей мен Украйна арасындағы газ дауында Түркменстанның қай жаққа шығатыны әлі белгісіз. Себебі ресми Ашхамад бұған байланысты нақты пікірін білдіре қойған жоқ. Дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде Украйнаның Отын және энергетика министрі Иван Плачков; “Мен тағы да қайталап айтамын, Украйна өзінің жер астындағы газ қорын пайдаланып, сондай-ақ қол қойылған келісім бойынша Түркмен газын алып жатыр”, деген болатын. Ал, Ресейдің Газпромы төрағасының орынбасары Александр Медведев бұл хабарды жоққа шығаруға тырысты. “Украйнаның газ тарататын жүйесінде 2-ші қаңтар күні тек Ресей газы ғана айдалуда. Украйнаның бұл жүйесіне Түркмен газы келген жоқ”, деді Медведев.

2003-ші жылдың көкек айында Ниязов мырза Ресей елбасы Владимир Путинмен 25 жылға арналған келісімге қол қойған болатын. Ол бойынша Ресей елі Түркмен газының негізігі бөлігіне иелік етпекші. Жаңа жыл қарсаңында ғана, яғни желтоқсанның 29-да Газпром өкілі Алексей Миллер Ашхабадта жаңа келісім шартқа қол жеткізді. Ол бойынша 2006-шы жылы ресми Мәскеу Түркменстанның 30 миллиард текше метр газының әрбір мың текше метрін 65 доллардан сатып алмақшы.

Бұған дейін Түркменстан мен Украйна арасында газға байланысты жарасымды әріптестік орнап келді. Атап айтқанда 15 жылдық іскерлік байланыстар барысында Украйнаның алған газының өтемақысын төлей алмай, қарызға батуына да кей сәттерде ресми Ашхабад мән бермеуге тырысатын. Мысалы 1993-ші 1999-шы жылдар арасында Украйнаның қарызы бірнеше жүздеген миллион долларды құрағандығына да Ниязов кешіріммен қарап келген еді. Өткен жылдың қараша айында Түркменстан елбасы 2006-шы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, барлық алымсақтарға Түркмен газының әрбір мың текше метрін 60 доллардан сататындығын айтқан еді. Желтоқсан айының соңғы күндерінде сөйлеген сөзінде Украйна елбасы Виктор Юшенко “Ашхабадпен арадағы келісімге орай Түркмен елі Украйнаға 40 миллиард текше метр газдың әрбір мың текше метрін 50 доллардан береді”-, деген болатын.

Содан бергі аралықта Ресей, Украйна және Түркменстан арасындағы шахмат ойыны шиеленісе түсті. Оның бір себебі- өткен аптадағы ресми Ашхабадтың мәлімдемесі. Түркмен жағының сол жолы айтуынша, ресми Киев 40 миллиард текше метр Түркмен газының әрбір мың текше метрін 65 доллардан сәл төмен бағамен жаңа жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, сатып алуға келіскендей еді. Бұл хабар Мәскеу мен Киев арасындағы газ үшін күресті одан әрі өршіте түспекші. Мұндай жағдайда барлық тарап та өздерінің экономикалық және саяси қызығушылықтарын мұқият түрде қайта қарастыруы тиіс, дейді сарапшылар. Аталған теке-тірес барысында Түркменстанның өз ұстанатын бағытын таңдауы күннен-күнге қиындай түсуде.
XS
SM
MD
LG