Accessibility links

Қазақстанда 2005 жылы қызмет бабында бір журналист өлтірілді деген мәлімет жарияланды


"Шекарасыз репортерлар" деген халықаралық құқыққорғау ұйымы Қазақстанда 2005 жылы баспасөзді қудалау одан сайын кең етек жайды деген мәліметін жариялады. Бұл жерде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруындағы үкімет цензураны күшейтті, тәуелсіз газеттер өрескел жабылады деген мәселе көтіріліп отыр. Ол олма, былтыр дүние жүзінде 63 журналист тікелей кәсіби қызметіне байланысты өлтірілсе – ондай журналистің бірі Қазақстанда өлтірілді. Бұл кім екен? "Шекарасыз репортерлар" ұйымының 4 қаңтарда жарияланған қысқа баяндамасында ол журналистің есімі аталмаған.

Бұл кім болуы мүмкін? "Шекарасыз репортерлар" ұйымының 4 қаңтарда жарияланған құжатында әлем бойынша былтыр өлтірілген бірде-бір журналистің есімі аталмаған. Дегенмен, баяндамада жалпы дүние жүзі бойынша сөз бостандығының жағдайы күрт нашарлады, мұндай деңгейдегі жантүршігер жағдай тек осыдан он жыл бұрын, 1995 жылы болған делінеді. Былтыр қызмет бабында әлемде 63 журналист және 5 басқа баспасөз қызметкері өлтірілген екен. Бұлардың көпшілігі соғысты бастан кешіп жатқан Ирақта қаза тапты. Жиырма жылдық азаматтық соғысты артта тастаған Ауғанстаннның өзінде екі журналист өлтірілген.

Орталық Азия елдерінде қызмет бабында журналист былтыр тек Қазақстанда өлтірілген. Бұл кім болуы мүмкін деген сауалды біз Қазақстанда сөз бостандығын қорғаймыз деп құрылған бірден бір ұйым "Әділ сөз" ұйымына қойдық. "Әділ сөз" қоғамының өкілі Ғалия Әженова нақты жауап бере алмады:

- Кешіріңіз, бұл бір кроссворд сияқты болды ғой. Мәселен, Батырхан Дәрімбет жолда қайтыс болды, менім білуімше. Жолда апаттың кесірінен қайтыс болды Батырхан Дәрімбет. Ал енді жалпылама осындай адам өлтіріліпті деп "Шекарасыз репортерлар" ұйымының осылай жазғанына бола жол апатында өлген адамдарды біреу барып өлтірді деп айтудың өзі қиын мәселе сияқты.

- 2005 жылы Қазақстанда тікелей кәсіби қызметі үшін өлтіру оқиғалары болды ма?

- Ол үшін мен компьютерімді ашып, бұл мәселеге байланысты нақты көрсеткіштермен сөйлеуім керек. Бірақ негізінде ол, әрине, көп нәрсеге байланысты. Мәселен, бір жағынан қарағанда, бізде заңнама да дұрыс, көптен бері айтып келе жатырмыз.

- Ғалия, сіз компьютеріңізді қашан аша аласыз?

- Мен компьютерімді аша алмай отырмын, компьютерім сынып қалып. Администраторымыз Жаңа жылға бір жаққа кетіп қалып, компьютерімді аша алмай отырмын.

Сөйтіп, "Әділ сөз" ұйымының өкілі Ғалия Әженова 2005 жылы Қазақстанда қызмет бабында өлтірілген журналист кім болуы мүмкін деген сауалымызға 4 қаңтар күні жауап бере алмады. 2005 жылы Қазақстанда қызмет бабында өлтірілген журналист кім болуы мүмкін деген сауалымызды оппозициялық журналист Жұмаш Кенебайға қойып едік, ол кісі құжатта көрсетілген журналист Батырхан Дәрімбет болуы мүмкін деп жауап берді:

- Ол онда Батырхан Дәрімбет ғой. Қазақстан демократиялық партиясы, қазір "Алға" деп аталатын партия, Батырханның өлімінен саяси астар іздеген болатын, яғни бұл билік тарапынан өлтірілді деп. Бірақ мұның барлығында нақты дәлел жоқ, бұл сөз күйінде қалып отыр ғой. Батырханды билік өлтірді ме, жоқ ол жол апатынан кездесойық өлді ме? Оның бәрі жұмбақ күйінде қалып отыр. Дегенмен, Қазақстанда журналистерге қысым жасалып отырғаны рас енді.

Жұмаш Кенебай жұмыс істейтін "Жұма-Таймс" газеті Қазақстанда қудалау көріп жатқан тәуелсіз газеттің бірі. Біз Жұмашпен 4 қаңтарда сөйлессек, Жұмаш дәл 5 қаңтарда газетіміздің үстінен Алматыда тағы бір сот өтуге тиіс, газетіміз жабылатын шығар, себебі Алматы прокуратурасы "Жұма-Таймс" газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке намысына жүйелі түрде нұқсан келтіреді деп айыптады деді.

Ал Жұмаш Кенебай атап отырған "Азат" газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбет жол апатынан соң 2005 жылы 7 маусымда қайтыс болды. Батырхан Дәрімбет отырған мәшине Жамбыл облысында жол апатына ұшыраған. Батырхан Дәрімбет өмірінің соңғы жылдарында демократиялық оппозиция жетекшілерінің бірі болды. Оның алдында Батырхан Дәрімбет "Азаттық" радиосында ұзақ жылдары істеген.

Батырхан Дәрімбет тап болған жұмбақ көлік апаты жайында журналистер мен саяси белсенділер әр түрлі жорамал айтады. Қазақстан баспасөзінің сарапшысы Андрей Свиридов егеменді Қазақстанда 2000 жылға дейін бір ғана америкалық журналист Кристофер Геринг өлтірілсе, жаңа ғасыр басында жұмбақ көлік апаттарында бес журналист қаза тапты дейді. 2002 жылы Алексей Пугаев, Юрий Баев және Нури Муфтах қаза тапса, 2004 жылы Асхат Шәріпжанов қаза тапты. Нури Муфтахты дәл сол Жамбыл облысында автобустың астына біреулер итеріп жібергенін көрген куәлар бар деп ББС телекомпаниясы 2003 жылы хабарлаған болатын:

- "Республика" газетінің тілшісі Нури Муфтах 2002 жылы автобус дөңгелігінің астында қаза тапты. Куәгерлер оны біреулер автобустың астына итеріп жіберді дейді.

"Шекарасыз репортерлар" ұйымының 4 қаңтарда жарияланған қысқа баяндамасында қызмет бабында қаза тапқан бірде-бір журналистің есімі аталмаған жалпы. Қазақстанға қатысты ақпарат осы ұйым тарапынан, не басқа ұйымдардың тараптарынан жақын арада ресми ашылуы мүмкін.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG