Accessibility links

Қазақстанда жасылдардың “Табиғат” атты партиясы құрылатын болды


Қазақстанда тағы бір жасылдар партиясы құрылатын болды. Бұл туралы қаңтардың 5-і күні Алматыда “Табиғат” экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов мәлімдеді. М.Елеусізов мырза пікірлестерімен бірге жасылдар партиясын құру арқылы елдегі саяси мәселелерге белсене араласуды көздеп отырғандарын айтады.

Қазақстандағы “Табиғат” экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов: “Өткен президент сайлауында маған дауыс беріп сенім артқан Қазақстан халқының белгілі бір бөлігі біздің партияны қолдап мүше болатындығына сенім мол. Біз Қазақстанның әрбір азаматының экологиялық қауіпсіз әрі кепілді жұмыс орны мен баспанасы болуы үшін күресетін боламыз. Жасылдардың партиясы тек экологиялық мәселелермен ғана айналысып қоймайды. Партия Қазақстандағы саяси-экономикалық мәселелердің оң шешімін табуға да ықпал ететін болады”, дейді. Оның айтуынша, жасылдар партиясы мүшелер жарнасы мен дербес іс-қызметінің негізінде жұмыс істейді деп күтілуде. "Қандай партия да олигархиялық топқа тәуелді болғысы келмейді. Партия өзін-өзі қаржыландыруға тиіс. Осындай жағдайда ғана ол шынайы тәуелсіз партия бола алады" дейді Мэлс Елеусізов.

"Табиғат" партиясының қарарында: "Бұл - ғаламдық экологиялық апат қаупін сезініп, ұғынудан туған партия. Біз адам мен оның әлеуметтік-экологиялық игілігі мен денсаулығын құндылыққа балап, ұлықтайтын партиямыз", делінген.

Эколог-ғалым Молдағали Матқанұлы: “Қазақстанда жасылдар партиясының қатары көбейіп жаста қуанарлық жағдай. Экологиялық жағдайы күрделі болып кеткен біздің қоғамға мұндай партиялар ауадай қажет. Себебі, экологиялық апатпенен оларды сауықтыру, тазаландыру бағыттары қолға алынбай жатқан уақытта осы партия өмірге келіп тіркеуден өтіп көп бағдарламаны іске асыратын болса бүкіл қазақстандықтардың алдында беделге ие болады деп ойлаймын”, дейді.

«Жасылдар партиясына ойланбастын мүше болар едім. Өйткені мен Семей өңірінде туып-өстім. Полигоннан зардап шеккен біздер ұрпағымыздың саулығы үшін жұмыс істеуге даярмыз. Бала кезімізде атом бомбасы жарылған кезде саңырауқұлақты тамашалып соны көргенімізге мәз болатынбыз. Ал сол атом бомбасының қасіреті туралы бізге сол уақытта ешкім ешнәрсе айтқан емес. Қазір мен дербес зейнеткермін, үйде қарап жатқаннан гөрі табиғаттың сауығуына үлес қоссам несі бар?», - дейді Төлеубек Сыдықов есімді ақсақал.

Ал “Табиғат” экологиялық одағы наурыз айында жасылдар партиясының құрылтай жиынын өткізбекші.
XS
SM
MD
LG