Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.06.2006 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда ұлттық рух, рухани тәуелсіздік мәселелеріне арналған сараптамалық мақалалар топтамасы мен сарапшылар пікірлері оқырмандар назарына ұсынылыпты.

Осы тақырыпқа орай «Егемен Қазақстан» басылымы мемлекеттік әнұранды өзгерту мәселесіне байланысты парламентте арнайы комиссия құрылғандығын осы комиссияның Қазақстан азаматтарының жүрегінен үлкен орын алған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» әнін мемлекеттік әнұран ретінде қабылдау туралы сөйлесіп, өз ұсыныстарын дайындайтын болғандығы туралы жазыпты. Ал жазушы Смағұл Елубай газетке берген «Ел боламын десең экраныңды түзе» атты сараптамалық мақаласында ұлттық тәуелсіздіктің үш тірегінің бірі рухани тәуелсіздіктің Қазақстанда әлі бой көтере алмай отырғандығын қынжылыспен баяндайды. Ол отаршылдық жылдарында қазақ қалқының айырылып қалған ұлттық құндылықтарын қалпына келтірмейінше, Қазақстанда қазақ тілін жетекші тілге айналдырмайынша тәуелсіздік діңгегі солқылдақ күйде қала бермек деген пікір айтады. Жазушы С.Елубай қазіргі қазақ телекөрермендері үшін аптасына бір реттен ғана берілетін «Күлтөбе», «Мезгіл», «Ақжүніс», «Дода», «Шынның жүзі» секілді ұлттық рухқа тәрбиелейтін бағдарламалар санының өте аз екендігін, бұндай бағдарламалар санын көбейту қажеттігін айтады.

Осы ұлттық намыс, ұлттық рух тақырыбында «Қазақ әдебиеті» апталығы есімі әлемге әйгілі қазақ балуаны Әбілсейіт Айхановпен «Мен аспаған асудан басқа қазақ баласы асса» деген атпен өткізген сұқбатты жариялапты. Сұқбатта, кеңес заманында жауырыны жерге тимеген осы қазақ балуанының кейін қуғындалып, қысастық көріп Қырғызстанға дейін барғаны, қайда жүрседе қазақтың намысын ту етіп ұстағаны айтылыпты. Ә.Айханов күрестегі өз тәжірибесін, әдіс айласын кейінгі ұрпаққа сарқып бере алмағанына өкінішін білдіріпті. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық күресін бүкіләліемдік деңгейге шығару қажеттігін айтыпты. Осы орайда ол «қазақша күрес» дегенді «қазақ күрес» деп атап, оның ережесін жасағанын айтыпты. Сөзінің соңында қазақ атын шығарған алып күш иесі Әбілсейіт Айханов өзінің ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддені қорғайтындарды құрметтеп қолдайтындығын білдіре келе ұлттық рухымызды оятпай ұлттық мемлекет жасаудың мүмкін еместігін айтыпты.

«Казахстанская правда» басылымы мемлекеттік әнұранды өзгерту мәселесіне байланысты мәжіліс депутаты Амангелді Айталының пікірін ортаға салыпты. Оның айтуынша, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң бұрынғы Қазақ ССР-інің әнұранының сазы қалдырылып, бірақ әнұранның мәтіні өзгерген. Бұл әнұранның сазын өткен ғасырдың 40-шы жылдары атақты сазгерлер Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған. А.Айталының айтуынша әнұранның сазы классикалық стилде жақсы болғанымен әнұранның жаңа мәтіні халық қабылдай аларлық сәтті болмаған. Сондықтан ел жүрегінен үлкен орын алған ‘Менің Қазақстаным‘ әні мемлекет әнұраны бола аларлық жағдайда тек қана сөз мәтінінінде ойланатын тұстар бар дейді Амангелді Айталы Казахстанская правдаға берген сұқбатында.

Ал «Новое поколоние» басылымы да осы мемлекеттік әнұран мәселесін көтерген мақаласын жариялапты. Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов газетке берген пікірінде «Менің Қазақстаным» әні барлық қазақстандықтардың сүйіп тыңдайтын, сүйіп айтатын әні екендігін, оны айтқан кімде болсын отаншылдық сезімде қалатындығын айтыпты. «Бұл әнді жас та, қария да, қазақ та, татар да, орыс та, еврей де - барлығы шырқай алады» деген ол. Ал қәзіргі қолданыстағы мемлекеттік әнұранды өзгерту мәселесін көтерген мәжіліс төрағасы Орал Мұқамеджановтың айтуынша қәзіргі әнұран мәтінін жаттаудың өзі қазақтар үшін қиынға соққан. Ал Әділет министрі Зағипа Бәлиева «Менің Қазақстаным» әнінің сөзі мемлекеттік гимнге сай отаншылдық сипаттағы өзгерістерге ұшырауы мүмкін екендігін айтыпты.

«Новое поколоние» басылымы осы жұмалық санында алда келе жатқан Құрбан айт мерекесімен барша мұсылман қауымын құттықтаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтий Әбсаттар Дербісәлінің құттықтауын жариялапты. Бас мүфтий өзінің құттықтауында әлемде бір жарым миллиард мұсылман баласының осы ерекше құрбан айт мейрамын тойлауға дайындалып жатқандығын, ал олардың арасында Қазақстанда тұратын 11 миллион мұсылман да Құрбан айт мерекесін тойлағалы отырғандығын айта келе, қазақстандық мұсылмандарды қасиетті мерекемен құттықтапты.
XS
SM
MD
LG