Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.07.2006 жыл


Сенбі күні жарыққа шыққан “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Экпресс К”, “Айқын” т.б. мерзімді басылымдар “Менің Қазақстаным” әніне ресми мәртебе беріліп, әнұранға айналғанын жарыса хабарлапты. Сондай-ақ аталған басылым беттерінде саяси-әлеуметтік мәселелерде назардан тыс қалмаған екен.

“Егемен Қазақстан” басылымының соңғы санында жарық көрген “Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой, намысын бермеген қазағым мықты ғой” атты мақалада автор Сауытбек Әбдірахманов: “қаңтардың 6-сы күні Парламент еліміздің саяси, рухани өміріндегі елеулі шешімдерді қабылдады. Жедел жаңарудың бір биігіне көтерілген, жетідегі жастан жетпістегі қартқа дейін жаттай алатын, санаңды сілкіп, жігеріңді жанып-жанып жіберетін жаңа әнұран дүниеге келді”, деп жазыпты. Автор: “Бұл әнұранды халық таңдады. Бұл әнұран уақыт сынынан өтті. Ешкімде халықтан биік емес, ешкімде уақыттан дана емес. Парламент халық сөзіне, уақыт үніне құлақ асты. Бұған дейін: “Кең екен жер деген, жерге дән шықты ғой. Дән егіп терлеген қазағым мықты ғой”, деп шырқалып келген ән жолдары енді “Ежелден ер деген, даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген қазағым мықты ғой” деп шырқалатын болды жазыпты.

“Казахстанская правда” басылымы “Менің Қазақстаным” әніне жоғарыдағыдай өзгеріс енгізген ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әнұранға қос автор болғандығын жазыпты. Сондай-ақ, басылым қаңтардың 11-і күні жаңа сайланған Қазақстан президентінің ант беру салтанаты өтетіндігін хабарлапты.

“Экспресс К” басылымы сенбілік санында Христос Рождествосы мерекесінің басталғандығына назар аударыпты. Басылым Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана және Алматы Митрополиті Мефодийге жолдаған құттықтау хатын жариялапты.

Ал “Айқын” мен “Литер” басылымдары соңғы санында саяси мәселелерге назар аударған екен. “Литер” басылымының сенбілік санында газет тілшісінің Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевпен сұхбаты жарияланыпты. Жуырда ғана шетелде демалып қайтқан Ертісбаев мырза сайлаудан кейінгі саяси жағдай туралы ой бөлісіпті.

“Айқын” басылымы “Қазақстанда парламент сайлауы мерзімінен бұрын өткізілуі мүмкін бе?” деген мәселеге назар аударыпты. Бұл мәселеге пікір білдірген саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстандағы парламент сайлауының мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екендігін жоққа шығармапты. Әзімбай Ғали: “бұл қадам саяси элитаның, сонымен қатар Батыстың көңілінен шығу үшін жасалмақ. Сонда Қазақстан, 2009 жылы ОБСЕ-нің төрағалығына қол жеткізуіне мүмкіндік туады” дейді. Ал Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы: “Парламент сайлауының өткізілуі туралы Конституцияда белгілі бір мерзім көрсетілген. Яғни, парламент сайлауы сол уақытысын сақтауы тиіс. Парламенттің қоғамдағы беделі депутаттардың санымен емес, сапасымен өлшенуі тиіс” деген пікірін білдіріпті. Сондай-ақ басылым бетіндегі “Пирамидаға құрылған “тұрғын үй” шырқау шегіне жетіп тұр” атты мақалада 2006 жылы тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттайтыны хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG