Accessibility links

Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару мәселесін сотта қарау қаңтардың 14-іне қалдырылды


Павлодар облысы Шідерті тәртібі жеңілдетілген колониясында жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару бойынша қаңтардың 10-ы күні өтуі тиіс сот мәжілісі тағы кейінге шегерілді. Мұны көптеген сарапшылар қаңтардың 11-іне белгіленіп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясымен байланыстырады. Әйтсе де, Қазақстан президенті қаңтардың 9-ы күні елде 14 мыңға жуық адамның бостандық алуына мүмкіндік беретін «Республиканың тәуелсіздің күніне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасына күні қол қойды. Бірақ Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов президенттен рақымшылық алатындар қатарында да жоқ.

Қазіргі таңда Қазақстандағы 100 түзеу мекемесінде 44 мыңдай адам қамауда отыр. Бұған дейін 2002-ші жылы жарияланған рақымшылық нәтижесінде 14 мыңдай сотталған азамат бостандыққа шыққан болатын. Бұл жолы да сонша адам азаттық алады деп жоспарланған. Солардың бірі Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов болады деген бұрынғы сенатор Зәуреш БАТТАЛОВАНЫҢ үміті ақталмады.

- Егер Ғалымжан рақымшылық заңына сәйкес бостандыққа шықса, онда оның қалған жазасын өтеу мерзімі толығымен жойылар еді. Сондықтан да, сол заңға Ғалымжан Жақиянов сотталған баптар енбей қалды. Егер қаңтардың 14-і күні сот болып, шешім шығарса, онда ол шартты түрде бостандыққа шығады. Яғни, оның әлі өтелмеген 3 жарым жылы шартты түрде қалады. Егер Ғалымжанға бұл уақыт аралағында қандай да бір айып тағылса, онда оны қайтадан колонияға қайтаруы мүмкін, - дейді экс-сенатор З.Батталова.

Әйтсе де, тәуелсіздік күніне байланысты рақымшылық алатындар ең алдымен әлеуметтік осал топқа жататындар. Олар – жастары кәмелетке толмағандар, жас балалары бар әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер. Оған қоса Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы мәселе заң қабылданғанға дейін-ақ көтеріліп кеткен дейді заңгер әрі Парламент депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ «Азаттық» радиосына:

- Бұл заңның оған еш қатысы жоқ. Себебі, ол бұл заңға дейінгі соттың шешімімен босатылмақ. Ал заң бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін ғана күшіне енбек. Оны босату немесе әрі қарай ұстау – тек соттың құзырында.

Қаңтардың 9-ы күні Қазақстан президенті тәуелсіздік күніне байланысты «рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойса, оның ертесінде Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару туралы сот мәжілісі колонияда болуы тиіс болатын. Әйтсе де, Павлодар облыстық соты қаңтардың 10-ы діни мереке күні ретінде аталып өтуіне байланысты демалыс болып жарияланғандықтан Жақияновтың ісін қарауды кейінге қалдырды. Мұның негізгі себебі - қаңтардың 11-күні өткелі отырған президент инаугурациясымен байланысты деп есептейді халықаралық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

- Әрине, бұл жерде оның бостандыққа шығуы елдің назарын өзіне аудартады деп отыр. Себебі, 3 жылдан артық қамауда отырған оппозиция лидері бостандыққа шықса, баспасөз-мәслихатын өткізуі, қандай да бір мәлімдеме жасауы мүмкін. Мұның барлығы қазіргі таңдағы басты оқиға, яғни, президент инаугурациясынан қоғамдық пікірді басқа жаққа бұруы мүмкін. Әйтпесе, заңдық тұрғыдан алғанда, Жақияновтың ісін шешпей, созуда еш қисын жоқ, тек қана жалаң саясат бар, - дейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.

Саясаткер Зәуреш Батталова болса, қазір Ғалымжан Жақиянов еркіндік алса, дәл президент инаугурациясы алдында бұл қоғамда толқу тудырады деп билік орындары сақтық жасап отыр деген ойда:

- Ғалымжан шықса, бірдеңе болып қала ма деген оймен сайлаудан кейін де, тәуелсіздік күні алдында да оны шығарған жоқ. Біресе Украинаға, біресе Грузияға қарайды. Енді, міне, инаугурация алдында да дәл сондай жағдай қайталанып отыр. Ал көлеңкесінен қорқып отырған билік инаугурация өткеннен кейін де, қаңтардың 14-інде де оны шығармай, тағы жарты жыл созуға мүмкіндігі бар.

Былтырғы жылғы желтоқсанның 14-күні Павлодар облысы Екібастұз қалалық соты қамауда жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару жөнінде шешім шығарған еді. Себебі, Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, мерзімінің тең жартысын өтеген жазаланушы уақытынан бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндігі бар. Павлодар облысының бұрынғы әкімі, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы жетекшілерінің бірі болған Ғалымжан Жақиянов 2002 жылы тамыз айында мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Былтырғы жылдың қазан айында ол жеті жыл мерзімінің тең жартысын өтеді. Алайда, Ғалымжан Жақияновты бірқатар адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар саяси тұтқын деп таныған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG