Accessibility links

Қаңтардың 12-і - Дінмұхамед Қонаевтың туған күні


Мемлекет қайраткері, ұзақ жылдар Қазақстанды басқарған тұлғаның көзі тірі болғанда ол бүгін 94 жасқа толар еді. Осы күнге орай Дінмұхамед Қонаевтың шәкірттері және серіктестері, зиялы қауым өкілдері Алматыдағы оның ескерткішіне келіп, гүл шоғын қойды. Соңынан жиналған қауымға арнайы түсірілген фильм көрсетілді. Дінмұхамед Ахметұлының жастық шағына арналған бұл фильмнің болашақта тағы 9 сериясы шығады деп жоспарланып отыр.

Қаңтардың 12-күні Дінмұхамед Қонаевтың шәкірттері бір құпия сырды ашты. Бұл сыр ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың “Алатау” деген әнге жазған сөзінде болған екен. Дәлірек айтқанда, бұл ән дүниеге келмес бұрын ән сөздерінің авторы, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов достары арасында “Алатау” деп Дінмұхамед Қонаевты атағанын айтыпты. Соңынан сазгер Нұрғиса Тлендиевтың қатысуымен “Алатау” әні пайда болған.

“Алатау” әнінің тарихын бұқараға жеткізуді жөн көрген қаламгер, халықаралық Дінмұхамед Қонаев атындағы қордың вице-президенті Серік Әбдіраймұлының айтуынша, олар Дінмұхамед Ахметұлының жастық шағына арналған фильмнің бірінші сериясын осы әннің тарихымен бастаған екен. Серік Әбдіраимұлы болашақта Дінмұхамед Қонаевқа арналған 9 фильм түсірілмекші екенін айтты.

Жалпы, 10-сериядан тұрады деп жоспарланып отырған фильмнің бірінші сериясы қайраткердің жастық шағына арналған. Дінмұхамед Қонаевпен әріптес болып жұмыс істеген, ол кісінің қыр-сырын білген Нәдір Нәдіровтың айтуынша, Дінмұхамед жан-жақты адам болғандықтан, халық арасында ерекше құрметтелген.

- Мына қазіргі егеменді Қазақстанның негізін қалаған кісі - Дінмұхамед Қонаев. Мен кейде сұрақ қоямын, егер бізге егемендікті 40 жыл бұрын бергенде, біз игере алатын едік пе? Жоқ, себебі ол кезде өндіріс жоқ, ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамымаған. Жоғары білім беретін институттар болмаған. Қазір оның барлығы бар.

Көзі тірі болғанда қаңтардың 12-күні 94 жасқа толатын Дінмұхамед Қонаевтың шәкірттері көп болған. Бірақ бұл шәкірттерінің барлығы ұстазының туған күнін есіне ала бермейді, дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

- Біз ол кісілерден кейінгі ұрпақпыз. Жалпы, біздің ол кісі жөніндегі ойымыз да, көңіліміз де жоғары. Сол себептен жыл сайын ол кісінің ескерткішіне келіп, гүл шоғын қоямыз.

Ұстазының ерекше қасиеттерін Қазақстанның Коммунистік партиясының мүшесі Көпболсын Панзабеков те құрметпен еске алады.

- Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанға жасаған барлық жақсылығын айтып, жеткізу мүмкін емес. Кезінде, статистикалық мәліметтер бойынша, ол кісі елді басқарған кезде Қазақстан жерінде 47 қала салынған. Ол кісінің айтқан сөзі екі рет қайталанбайтын, себебі, барлығы дер кезінде орындалатын. Сондай-ақ, ол кісі сыбайлас жемқорлықтан таза болған. Тазалығы соншалық, Зухра жеңгеміз қайтыс болғанда оны 30 жыл бұрын сатып алған кілемге орап, шығарып салған. Қарап отырсаңыз, ол кісінің барлығын сатып алуға мүмкіндігі болған, бірақ ол кісі ондайға бармаған.

Халықаралық Дінмұхамед Қонаев атындағы қордың вице-президенті Серік Әбдіраимұлының айтуынша, болашақта «50 жыл ел ағасы» деген кітап дүниеге келмекші. Қазіргі кезде ол кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы әзірленіп жатыр екен. Кітаптың болашақ ұрпақ үшін маңызы зор, дейді Серік Әбдірайымұлы. Себебі, кітапқа керек деректерді жинақтау барысында авторлар жастардың тарихи тұлғаға ерекше қызығушылығын байқаған.
XS
SM
MD
LG