Accessibility links

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына 80 жыл толды


Қаңтардың 13-күні Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Бұл айтулы мерекені театр ұжымы жазушы-драматургтер Қалихан Ысқақов пен Шахимарданның «Қазақтар» атты тарихи драмасы қойылымының тұсаукесерімен атап өтпек.

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының аға буын актерларының бірі, бүгінде шығармашылық мүмкіндігін театр режиссурасынан сынап көріп жүрген Тұңғышбай Жаманқұлов драматургтер Қалихан Ысқақов пен Шахимарданның сценарийлері бойынша қойылған «Қазақтар» атты спектаклі өзі ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қазақтың рухани қара шаңырағының 80 жылдық мерейтойына тарту болмағын айтады. Оның пікірінше, бұл қойылым қазақ тарихынан сыр шерте отырып, бүгінгі тыныс-тіршілігін таразылаумен қатар, болашақ болмыс-бітіміне барлау жасайтын дүние болмақ.

Ал театртанушы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының 80 жылдық мерейтойы барысында қазақ театр өнерінің тарихына қатысты бұған дейін белгісіз болып келген деректерді де жұртшылық білуге тиіс дейді. Ол қазақ театрының сахнасында осыдан тура 80 жыл бұрын Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы қойылғандығын дәлелдейтін дерек табылғандығын айтады.

«Пьесаның авторы Қошке Кемеңгерұлы және театр директоры Дінше қуғын-сүргін жылдары атылып кеткеннен кейін олар туралы айтуға тыйым салынған. Содан кейін-ақ аталған пьеса ұмыт қалды да, қазақ театрының тарихы М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасынан басталады деген пікір қалыптасты», - дейді театртанушы Бағыбек Құндақбаев.

Және де театртанушы Бағыбек Құндақбаев Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының бүгінгі көркемдік деңгейі көңіл көншіте бермейтіндігін айтады. Ал бұл жайтты театрдың аға буын актерлерының бірі Асанәлі Әшімов заңды құбылыс ретінде қабылдайтындығын алға тартты.

Дегенмен театр актеры Тұңғышбай Жаманқұлов көркемдік деңгей мәселесі әр кезде де театр басшылығының білігі мен ұятына байланысты болып келгенін айтады. Дейтұрғанменде театрымыз көрермені алдындағы міндетін адал атқаруға тырысып келе жатыр дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.
XS
SM
MD
LG