Accessibility links

Павлодарда «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының тағы бір мүшесінің үстінен сот өтіп жатыр


Павлодар облысында Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының мүшесі, жасы 19-дағы Самат Халин есімді азаматқа қарсы сот ісі жүріп жатыр. Оған қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, аталған ұйымның ілімдерін насихаттағаны үшін және оның үнпарақтарын тартқаны үшін айыптар тағылып отыр. Егер сот оны кінәлі деп тапса, «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының мүшесі үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер бойынша басқармасының төрағасы Серік Қазыбекұлы 1986 жылы туған Халин Самат Ақбарұлына ҚР қылмыстық істер кодексінің екі бірдей бабы бойынша, елде заңсыз деп танылған ұйымның мүшесі ретінде жұмыс істегені үшін және діни араздықты туғызуға әрекеттенгені үшін айып тағылып отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша қылмыстық іс өткен жылы он үшінші қаңтарда Павлодар қалалық сотына түскен. Содан бері бірнеше сот отырыстары өткен. Енді қалай болғанда да Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған ұйымдардың тізіміне енгізілген «Хизб-ут-Тахрирдың» жұмысын белсенді түрде жүргізбек болған Самат Халин кемінде екі-үш жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін дейді Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер бойынша басқармасының төрағасы Серік Қазыбекұлы. Сот өкілі былтыр аталған ұйымның бірнеше мүшесі сотталғанын айтады.

«Қазір де Самат Халиннен бөлек осындай айыппен үш азаматтың ісін қарап жатырмыз», - дейді ол.

Ал Павлодар облыстық прокуратурасының тергеу басқармасының бастығы Мұрат Хамитов соңғы жылдары облыста «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қызметі қарқын алып отырғандығының байқалатынын айтады.

«Алайда олардың басшыларын әзірге қолға түсіру мүмкін болмай отыр. Тек құрықталып отырғандар - жетекшілерінің тапсырмаларын орындап жүрген кілең жастар», - дейді Мұрат Хамитов.

Бұрынғы студент Самат Халин да сондай орындаушылардың бірі болып шыққан. Оны ұстау барысында аталған ұйымның 400-ден астам үнпарақтары тәркіленді, дейді Павлодар облыстық прокуратурасының тергеу басқармасының бастығы Мұрат Хамитов.

Осы мәселеге орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қызметі күдікті екені рас, сондықтан олардың ісін заң арқылы қатаң жазалау қажет деген пікір білдірді. Алайда саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Қазақстанда соңғы кезде террористік-экстремистік әрекеттерді желеу етіп, қатаң түрде жазалаудың әдетке айналып бара жатқанын айтады.

«Бұл мәселеде өте сақтық қажет. Әйтпесе мәселені ушықтырып алу қиын емес», - дейді саясаттанушы.

Павлодар облысының заң органдары өткен жылы «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының жеті мыңнан аса үнпарақтарын тәркілегендерін айтады. Алайда, аталған өңірге әлі де келіп жатқан бұл үнпарақтардың жолын кесу мүмкін болмай отыр, дейді олар.
XS
SM
MD
LG