Accessibility links

Қазақстаннның оппозициялық бағыттағы саяси күштері 19 қаңтарды Демократия күні деп таниды


Себебі, 2002 жылы дәл осы күні Алматыдағы Цирк ғимаратында “Қазақстан демократиялық қауымдастығының жиналысы” деп аталатын, Республиканың барлық аймақтарынан 900-дей адам қатысқан жиын өткізіліп, ол тікелей эфирде Қазақстанның көптеген қалаларында “Таң” телеарнасынан көрсетіліп еді. Сол жиынды ұйымдастырушылардың бірі, қазір әлі тіркелмеген “Алға” партиясының саяси кеңес төрағасы Асылбек Қожахметов ол жиналыстың ерекшелігі - онда ең бірінші рет Қазақстан халқы теледидардан сол кездегі билікке ашық та, батыл айтылған сын естісе, екінші жағынан ол сол кездегі Қазақстанның саяси сахнасындағы демократиялық күштердің барлығының басын қосуға негіз боларлық платформа тұрғызды дейді.

19 қаңтарды Қазақстан оппозициялық бағыттағы саяси күштері Демократия күні деп танығанмен, бұл күн билік тарапынан ондай мәртебеге ие емес. Және бұл күнді Қазақстан оппозициясы жылда атап өтетініне биыл 4 жыл болады. Жылда осы күні “Қазақстандағы демократияны дамытуға қосқан үлесі үшін” деп берілетін «Азаттық»/«Свобода» сыйлығының жеңімпаздарын анықтап, оларды марапаттау рәсімін өткізеді.

Осыдан тура 4 жыл бұрын 2002 жылы дәл осы күні Алматыдағы Цирк ғимаратында “Қазақстан демократиялық қауымдастығының жиналысы” деп аталатын Республиканың барлық аймақтарынан 900-дей адам қатысқан жиын өткізіліп, ол тікелей эфирде Қазақстанның бірқатар қалаларында “Таң” телеарнасынан көрсетіліп еді. Сол жиынды ұйымдастырушылар қатарында Демократиялық таңдау қозғалысын құрушылардың бірі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов, сол кездегі парламент депутаты Серікболсын Әбділдин, қазір әлі тіркелмеген “Алға” партиясының саяси кеңес төрағасы Асылбек Қожахметовтер бар болатын.

“Ол жиналыстың ерекшелігі - онда ең бірінші рет Қазақстан халқы теледидердан тікелей эфирде сол кездегі билікке ашық та, батыл айтылған сын естіді. Ол жиналыстың сол кездегі саяси ахуалдағы ролі – барлық демократиялық күштердің ынтымақтасу бағытында алаң құруға деген алғашқы ұмтылысын тудырды. Оған дейін «Республикалық халық партиясы» «Азамат» қозғалысын танығысы келмейтіндей, «Азамат» ДВК-ны, яғни «Қазақстанның демократиялық таңдауын» танығысы келмей, ал ДВК бәрін де танығысы келмейтіндей күй кешіп жүргенбіз. Ол жиналыс біздің рухани бірігуіміздің басы болды, барлық демократиялық күштердің бірігуі қажеттігі айқындалды және ол жиналыс әкімдерді тікелей сайлау мәселесесін референдумға шығару қажеттігі жөнінде бастама көтерді», - дейді Асылбек Қожахметов.

Қазақстан демократиялық күштері бұның алдында да, 1998 жылы, Мәскеуде бас қосып, бірігу мәселесін талқылаған болатын. Бірақ арада 4 жыл өткен соң, 2002 жылы ғана бірігу мәселесі нақты айқындала түскендей болды. Сонда да алдымен 2004 жылы ДВК мен С.Әбділдин бастаған коммунистер бірігіп, блок құрып, тек 2005 жылы барлық оппозиция бірігіп «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысына топтасып, президенттік сайлауға бірегей үміткерін ұсынған-ды.

«Ол жиналыста біз алдымызға қойған мақсаттарымыздың біразы орындалды, біразына билік құлақ асып отыр. Мәселен, әкімдерді сайлау мәселесінде - қазір биліктің өзі әкімдердің сайлануы қажеттігін айтып отыр, бірақ оларды мәслихат сайлаушылары арқылы іске асырмақшы. Әрине, ол біз ойлағандай емес, бірақ билік біздің ұсыныстарымыздың өңін өзгертіп болса да, ескере бастады. Демократиялық күштер болса - бірікті. Сол және одан кейінгі де ДВК-ның жиналыстарының құндылығы - оппозиция не айтпаса да, билік соны қазір қайталап отыр», - дейді А.Қожахметов мырза.

Алматыдағы неміс театрының бас режиссері әрі талайдан осы оппозиция қатарында жүрген Болат Атабаев, ДВК өткізген сол жиналыс жайлы былай дейді:

«ДВК енді жүйелі оппозицияны құрды, бұрын РНПК-да жүргенде өзімді диссидент ретінде сезінетінмін. Диссидент деген не? Ол - бүгін бар, ертең жоқ! Басымды көтеріп, айтарымды айтамын да, екі-үш айға өз жұмысыммен жоқ болып кетемін. Енді жүйелі оппозиция керек болды. Мына өркениетті елдерде билікте тұрған партия жүйелі оппозицияны өзі құрады, өзі көмектеседі, өйткені оппозиция - демократияның бір нышаны. Сондықтан мына ДВК жүйелі оппозицияны құруға көп еңбегін сіңірді деп санаймын».

Ал, тәуелсіз «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сатпаев 2002 жылғы сол жиналыс биліктің оппозиция көсемдеріне әртүрлі қитұрқы шаралар қолдануына ұйтқы болды дейді.

«Оппозиция үшін ол жиналыс жарнама тұрғысынан үлкен қадам әрі өз жақтаушыларының моральдық рухын көтерсе, билік үшін бұл алдағы парламенттік, одан соң президенттік сайлау алдында оппозицияның елеулі күшке айналу қаупін аңғартты. Ол жиналыс «Таң» телеарнасы арқылы Қазақстанның көптеген қалаларында көрсетілді. Ал, ол телеарна сол кезде ДВК жетекшілерінің бірі болған Мұхтар Аблязовтың телеарнасы болатын. Есіңізде болса, М.Аблязов та, Ғалымжан Жақиянов та сол жылдарғы биліктегі дағдарыстан оппозиция қатарына өткен «жас түріктер» еді. Оппозициядан сескенген билік артынша Мұхтарды да, Ғалымжанды да әртүрлі себептермен түрмеге отырғызса, коммунистерді екіге бөліп, «Ақ жол» партиясының жіктелуіне де ықпал еткен болса керек. Міне, ол жиналыс биліктің осындай шараларға баруына себепкер болды деп ойлаймын».

Оппозициялық күштердің биылғы 19 қаңтардағы жиналысының ерекшелігі – бұл жиналысқа, әу баста осы жиналыстың ұйтқысы болған және түрмеден жақында ғана шартты бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақиянов қатыспақ. Кейбір сарапшылар Ғ.Жақиянов мырзаның саяси сахнаға оралуы Қазақстан оппозициясының саяси тыныс-тіршілігіне тың серпіліс, қандай да өзгеріс әкеледі деп болжап отыр.
XS
SM
MD
LG