Accessibility links

Оппозициялық бағыттағы «Право. Экономика. Полтика. Культура» газеті жабылуы мүмкін


Қаңтардың 20-сы күні Астана экономикалық соты Сыбайласқан жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетіне қарсы Астана прокуратурасының талабын қарайды. Осы комитеттің атқарушы директоры Талғат Құсдәулетов мұндай әрекетті өзінің қолында жемқорлыққа қарсы материалдардың болуымен түсіндірсе, осы ұйым құрылтайшысы болып табылатын "Право. Экономика. Политика. Культура" газетінің бөлім редакторы Галина Дырдина билік орындары жемқорлықты әшкерелейтін тәуелсіз газеттен құтылуды көздеп отыр деген ойда. Әйтсе де, Астана прокуратурасы комитет жұмысында заңсыздықтар бар екенін айтады.

Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы комитет заңды түрде жемқорлықпен күресіп, оларды сот арқылы жеңуге тырысты. Бұл президенттің саясатына сай дейді комитеттің атқарушы директоры Талғат ҚҰСДӘУЛЕТОВ:

- Бәрі заң бойынша. Сыбайлсқан жемқорлыққа қарсы президент жарлығына, заңға сәйкес. Қоғамдық бақылау міндетті түрде болуы керек. Оған қоса біздің мемлекеттік саясат, президенттің саясаты сондай емес пе?!

Алайда, Астана қалалық прокуратурасы комитеттің қызметін заңсыз деп тапқан. Олар ауызша бұл комитет қоғамдық ұйымға сай емес қызметті атқарып отыр дегенді хабарлады. Әйтсе де, құқық қорғау орындарының талаптары дұрыс емес дейді заңгер Сергей УТКИН.

- Мемлекет тарапынан мүлдем түсініксіз талап. Онда біз журналистік зерттеулерге де тиым салайық. Егер қылмыспен күрес тек құқық қорғау орындарының ғана жұмысы болса, онда ештеңені де ашу мүмкін болмайды, - дейді заңгер Сергей Уткин.

Жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің атқарушы директоры Талғат Құсдәулетов те прокуратура талабын заңсыз деп отыр. Оның айтуынша, егер комитет қызметін тоқтатса, оның қарамағындағы «Право. Экономика. Полтика. Культура» немесе бұрынғы «Республика» газеті де жұмысын қоса тәмамдамақ.

Ал оппозициялық бағыттағы газеттің бөлім редакторы, қаңтардың 19-ы күні Қазақстанның демократиялық күштерінің «Азаттық» сыйлығын иеленген Галина ДЫРДИНА билік орындары жемқорлыққа қарсы материалдардың жарық көруін қаламай отыр дейді. Оның сөзіне қарағанда, бұл басылымның журналистері Павлодар мұнай өңдеу зауытының жекешелендірілуіне қатысты заң бұзушылықты әшкерелейтін материалдар тапқан:

- Біздің осы болашақ журналистік зерттеулерімзде қазір көптеген материалдар жинастырған Құсдәулетов маңызды роль атқаратындығы биліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Билік басындағы біреулер сыбайлсқан жемқорлықты әшкерелейтін материалдардың жарық көруін қаламайды. Ал біздің газетімізді жабу үшін құрылтайшыларды жоқ қылғаннан өзге құқық қорғау орындарында басқа амалы жоқ, - дейді журналист Галина Дырдина.

Алайда, Астана прокуратурасының қызметкері Думан Қаржасбаев «Азаттық» радиосына жемқорлыққа қарсы комитетті жабу талабында ешқандай саяси астар жоқ екенін айтады.

- Таза заңдық тұрғыдағы іс. Біз олардың қолдарында қандай материалдар бар екенін білмейміз. Онымен бұл істің еш байланысы жоқ. Біздің анықтағанымыз, олар қоғамдық ұйымдар құзырына жатпайтын, тек мемлекеттік органдар айналысатын өкілеттіліктерді алған. Мысалы, қадағалау,бақылау, тексеру. Олар қоғамдық ұйым емес пе? Мұндай қызметті олар қалай алады?, - дейді прокуратура қызметкері.

Қазақстан әлемде сыбайласқан жемқорлық белең алған елдер қатарына жатады. Мысалы, Халықаралық «Трансперенси интернейшнал» ұйымының зерттеулері бойынша, Қазақстан сыбайласқан жемқорлық деңгейі бойынша 150 мемлекеттің арасында 130-шы орында тұр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG