Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.21.2006 жыл


Осы аптадағы үкіметтің жасақталуы - республикалық басылымдардың әлі назарында. Онда әсіресе жаңадан тағайындалған министрлерге арнап, кеңінен талдау берілген. Сондай-ақ бұл үкіметтің болашағы туралы болжам жасалып, бұған дейінгі үкімет атқарған жұмыстардың бірі - тұрғын үй бағдарламасының кемшіліктерін көрсететін фактілер келтірілген.

«Сырты бүтін, іші – түтін». Павлодар қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер жайлы «Экспресс К» газетіндегі Станислав Песневтің мақаласы осылай аталады. «Жоспарланған үйлер салынды. Бірақ тұрғындар аяқталмаған пәтерлерге көшіп барған. Үй салған құрылысшылардың жұмыс сапасын көріп, жағаңызды ұстайсыз», - деп жазады мақала авторы. Оның келтірген деректеріне қарағанда, сыртынан әдемі көрінетін зәулім үйлер қыс түскен кезде сыр бере бастаған. Кейбір пәтерлердегі алабажақ түсқағаздардың сыпырылып түсіп, едендегі арзан линолиумдердің алынып қалуы былай тұрсын, пластик терезелерден жел гүлеп, мұз қатып, тұрғындардың мазасын алған. Ал тұрғындардың арызы бойынша мемлекеттік комиссия тексеріс жүргізгеннен кейін құрылыс компаниялары әр шаршы метрге 350 долллар жұмсау үшін үнем жасауға тура келген деген қорытынды шыққан. Ал «Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов болса, жаңа жыл қарсаңында 2005-ші жылы ипотекалық бағдарлама аясында 22,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бергені туралы есеп берді. Ол үйлердің ішінде біз әңгіме еткен 2 он қабатты, 3 тоғыз қабатты үйлер де бар», дейді «Экспресс К» газетінің тілшісі.

Бұл кезде «Арзан үй аламыз деп 64 адам алданды», деп жазады «Айқын» газеті. Алматының 64 тұрғынына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жеңілдікпен "арзан пәтер алып беруге" уәде етіп, олардан 1,5 мыңнан 45 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны қақшыған күдіктіге қатысты қылмыстық іс Алмалы аудандық сотына жіберіліпті. «Күдікті Жұптыбаева ең алдымен, бір жеке тұлғадан "Мерксия" деген фирманы сатып алады. Бір ғажабы, әлгі фирманы өзінің атына аударуға тіпті де асықпаған. Фирманың Жарғысында оның "сұлулық салоны" қызметін атқаратыны жазылған. Бірақ пысықай келіншек фирманы тұрғындарға "жылжымайтын мүлік агенттігі" ретінде таныстырып, тіпті өзінің қолында Алматының "Мамыр-3" шағын- ауданындағы жаңадан салынған үйлердегі пәтерлердің әр шаршы метрін мемлекеттік бағдарлама бойынша 350 АҚШ долларына сату туралы Алматы қалалық әкімшілігімен жасалған келісімшарты бар екенін айтып, аңқау адамдарды жайлы пәтер алуға көндіре білген», - деп жазады мақала авторы. Осылайша 64 азамат алаяқтың "арбауына" түседі. Егер айып дәлелденген жағдайда күдікті ҚР Қылмыстық Кодексінің 117-бабының 3-тармағы бойынша барлық мүліктері тәркіленіп, 5 жылдан 10 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», дейді «Айқын» газетінің журналисі.

Ал тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырумен айналысқан Даниал Ахметов үкіметінің негізгі бөлігінің жаңа үкіметті жасақтауы республикалық апталық басылымдардың әлі де басты тақырыбы болып қалуда. Мысалы, «Новое поколение» газетінде Сергей Козлов Ахметов пен оның серіктерінің жұмыс істеген уақыт аралағында аса көзге түсе қоймағанына тоқталады. Бірақ «елеусіз» үкімет – нағыз тиімді үкімет, экономика мен жұртышылықтың табысының тұрақты дамуы қажетсіз эмоциалар тудырмайды, дейді саяси шолушы Сергей Козлов. Оның сөзіне қарағанда, Ермұхамет Ертісбаевтың Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болуы күтпеген жағдай болыпты. «Ертісбаевтың бұрынғы президент кеңесшісі қызметі өзінің ерекшелігіне жақынырақ болатын: ол ел ішіндегі ел басының қарсыластарының идеологиялық шабуылын көрсетті. Жалғыз өзі барлық қарсыластарға төтеп бере білді», дейді журналист.

Шынымен Ертісбаевтың министр болып тағайындалуы бақылаушылар арасында көбірек қызығушылық тудырғанын жазады «Караван» апталығы. «Олардың кейбіреуі жорамал жасауда: Сонда бұл – саяси кеңесі үшін тарту ма, әлде батыл болжамадары үшін жазалау ма? Өйткені, енді бөтен біреудің іс-әрекетттеріне түсіндірме беріп отырудың орнына өзіне бір нәрсе жасауға тура келеді», - дейді газет тілшісі. Егер «Новое поколнеие» шолушысы қазіргі үкіметке тұрақтылық тән екенін айтса, «Караван» апталығы «үкіметтің қазіргі құрамының ұзаққа баратындығына сенім жоқтығын» жазады. Газет сарапшысы президент кейбір министрлерді жол-жөнекей ауыстырып қана қоймай, президент әкімшілігінде, биліктің басқа құрылымдарында, оның ішінде әкімдер арасында да өзгерістер болатындығын болжайды.

Ал «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріндегі алғашқы беттердегі басты мақалалар Қарағанды облысына жаңа әкімнің тағайындалуына арналыпты. Президент Қарағанды өңіріне оның жаңа әкімін, яғни, президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Нұрлан Нығматуллинді облыстың атқа мінерлерімен таныстырған. Ал бұрынғы әкім Камалтин Мұхаметжанов үкімет басшысы Даниал Ахметовтің командасына Қоршаған ортаны қорғау министрі ретінде қосылған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG