Accessibility links

«INCOMTYRE» компаниясы шина өндірісі бойынша Орталық Азия аймағында алда болмақ


Оңтүстік Қазақстан облысындағы он жылдан бері тоқтап тұрған «Шымкент шина жасау» зауытының жұмысы енді қарқын ала бастады. Аталған зауыт енді «INCOMTYRE» компаниясы атауымен Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия аймағындағы шина өндіруге кәсібиленген бірден-бір кәсіпорын болмақ дейді компания басшылары.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары сол кездегі одақтық деңгейдегі экономикалық тығыз байланыстар негізінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың бірі - «Шымкент шина жасау» зауыты әлгі басқа елдермен әріптестік-іскерлік байланыстар үзіліп қалған соң өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді.

«Сол себепті және де ол кездегі елдегі жалпы экономиканың тұралауы аталған зауыт жұмысын кідіріссіз одан әрі дамытуға мүмкіндік бермеді», - дейді «Шымкент шина жасау» зауытының бүгінгі заңды мұрагері «INCOMTYRE» компаниясы ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Әділхан Өмірбаев.

Сөйтіп, он жылдан астам уақыт жұмысы тоқтап тұрған аталған зауытты 2004 жылдың маусым айында «Ордабасы» корпорациясы Қазақстан үкіметінің қолдауымен сатып алып, 40 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, кәсіпорын жұмысы қайта жанданады.

«Өткен жылы шетелдік техника-технологиямен жарақтанып, жұмысын бастаған зауыттың шығарған өнімінің көлемі 2,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде өнім экспортының көлемі 10 пайыз. Ал биылғы жылы өндіріс көлемін екі есеге, өнім экспортын 2,5 есеге өсіруді жоспарлап отырмыз», - дейді «INCOMTYRE» компаниясы ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Әділхан Өмірбаев.

Ал «INCOMTYRE» компаниясының атқарушы директоры Александр Авдеев өздерінің өнімдері ТМД елдерінің өнімдерімен сапа жағынан бәсекеге түсе алатынын айтады. Және де бағасы ресейліктердікімен салыстырғанда он пайызға арзан дейді ол. Енді осы мәселеге орай көлік жүргізушілерінің бірін әңгімеге тартқан едік. Бұл жайында Нұрлан Жұмақанов өз басы отандық өндірісшілердің өнімін пайдаланатындығын білдірді.

Сондай-ақ «INCOMTYRE» компаниясы ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Әділхан Өмірбаев әзірге ауыр және жеңіл көліктердің доңғалақтарын жасауға машықтанған мамандарымыз енді шетелдік көліктердің де доңғалақтарын шығаруға мүмкіндік алатын күн алыс емес дейді. Және де Әділхан Өмірбаев өздерінің бүгінгі ең басты проблемалары болып отырған мәселе пайдаланылған доңғалақтарды шетелден Қазақстан нарығына шығармауға күш салу екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG