Accessibility links

Астана экономикалық соты Сыбайласқан жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комитетті жабу туралы шешім шығарды


Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес биылғы жылдан бастап екі кезеңнен тұратын жемқорлықпен күресуді көздейтін жаңа мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Алайда, жақын күндері Қазақстандағы жемқорлықпен күресетін жалғыз республикалық қоғамдық ұйым қызметін тоқтатуы ықтимал.

Қаңтардың 24-і күні болған сот мәжілісінің нәтижесінде Сыбайласқан жемқорлықпен күресетін қоғамдық комитетті жабу туралы прокуратураның талап-арызы қанағаттандырылды. Бұл жөнінде«Азаттық» радиосына осы істі жүргізген Астана экономикалық соты судьясының хатшысы, өзін Ксения деп таныстырған қызметкер хабарлады.

Ал Астана прокуратурасының талабын заңсыз деп есептейтін жемқорлыққа қарсы комитеттің атқарушы директоры Талғат ҚҰСДӘУЛЕТОВ «Азаттық» радиосына берген сұқбатында өздерінің комитет тіркелген уақыттан бері 10-ға жуық сыбайласқан жемқорлық фактілерін анықтағандарын, оның ішінде Бас прокуратураға қатысты іс бар екенін тілге тиек етті.

«Мен президенттің атына «Ақпарат» республикалық мемлекеттік кәсіпорынға қатысты сауал жібердім. Себебі, Бас прокуратура ғимаратын салуда бюджет төлемдері бойынша өрескел кемшіліктер кеткен. Мен бұған дейін прокуратураға басқа істер бойынша сауалдар жібергеніміде, олар жауап беретін, ешқандай талап қоймайтын. Ал желтоқсан айында «Ақпарат» мемлекеттік кәсіпорнына қатысты мәселе көтергеннен соң бірден олар осы талап-арызды әзірледі. Сондықтан, бұл істің негізгі себебі – комитеттің жұмысында жатыр! Басқа оған түсіндірме жоқ!», - дейді Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитеттің атқарушы директоры Т.Құсдәулетов.

Комитеттің келесі бір мүшесі Мүтәлап АБСАТТАРОВ та комитетті жабу туралы шешім жоғарыдан қабылданған деген пікірде. Әйтсе де, ол өздерінің жарты жылда үлкен жемқорлық фактілерін әшкерелеп үлгермегендерін, сондықтан, комитетті жабу туралы шешімнің түп негізінде – оның қарамағындағы оппозициялық «Право. Экономика. Политика. Культура» газеті жатқандығын айтады.

«Менің ойымша, жабу керек деген алдын-ала шешім қабылданған сияқты. Себебі, комитетті жапса, газетті де жабады. Біздің қолымызбен жапқан сияқты. Бір «оқпен» екі құрылымды «атып» отыр ғой. Біз болсақ, былайша айтқанда, «қан шығарып» та үлгерген жоқпыз.

Айтқандай-ақ бұған дейін «Право. Экономика. Политика. Культура» газетінің редакторы Галина ДЫРДИНА өздерінің Қазақстанның жоғарғы билігіндегі азаматтардың сыбайласқан жемқорлық әрекеттерін әшкерелейтін материалдар әзірлеп жатқандығын айтып, сондықтан, комитеттің жабылуын да сонымен байланыстырады.

«Мінеки, біздің биліктің алаңдаушылығын тудырып отырғаны осы! Билік басындағы біреулер сыбайласқан жемқорлық қылмыстарын әшкерелейтін материалдардың жарық көруін өте қаламайды. Ал біздің газетімізді жабу үшін құрылтайшыларды жоқ қылғаннан өзге заң орындарында амал жоқ», - дейді журналист Галина Дырдина.

Алайда, Астана прокуратурасының қызметкері Думан ҚАРЖАСБАЕВ «Азаттық» радиосына жемқорлыққа қарсы комитетті жабу талабында ешқандай саяси астары жоқ екенін айтқан еді.

«Таза заңдық тұрғыдағы іс! Біз олардың қолдарында қандай материалдар бар екенін білмейміз. Онымен бұл істің еш байланысы жоқ. Біздің анықтағанымыз, олар қоғамдық ұйымдар құзырына жатпайтын, тек мемлекеттік органдар айналысатын өкілеттіліктерді алған. Мысалы, қадағалау, бақылау, тексеру. Олар қоғамдық ұйым емес пе? Мұндай қызметті олар қалай алады?», - дейді прокуратура қызметкері.

Бірақ, заңгер Жиенбек БҰЛЖАНОВ қоғамдық ұйымға қойған прокуратура талабымен түбегейлі келіспейді:

«Заңсыз талап! Мысалы, жемқорлыққа қарсы комитет адамның қолына кісен салып, қамай алмайды. Сондықтан, ол мемлекеттің бар іс-қызметтерін өзіне алып алды дегенмен келісуге болмайды. Комитет өзінің құзырындағы шаруамен ғана айналысқан. Жалпы, прокуратура «поездың алдына түсіп алып, жүріп отыр». Себебі, ешқандай заң бұзылмаған, ешқандай заңға қарсы қимыл көрсетілген жоқ. Ал «мемлекеттің құзырындағы қызметті алып алды-ау, алып алады-ау, біздің ісімізге бөгет жасайды-ау» деген болжамдар арқылы жабуға болмайды!»

Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы комитет басшылары сот шешімімен келіспей, онымен әртүрлі жолмен күреспек. Егер комитеттің басқарма мүшесі әрі «Ақ жол» партиясының белсендісі Мүталап Әбсаттаров Жоғары сотқа дейін шағымданамыз десе, комитеттің атқарушы директоры Талғат Құсәдәулетов «Асар» партиясының мүшесі ретінде партия лидері Дариға Назарбаевға арнап үндеу әзірледім дейді. Қазақстан үкіметі болса, қаңтар айының 30-ы мен шілденің 30-ы аралығында жемқорлыққа қарсы президент жарлығымен шыққан жаңа мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша қорытынды ақпаратпен президент әкімшілігін таныстырмақ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG