Accessibility links

Пәкістан премьер-министрінің Уашингтонға сапарында екі елдің ынтымақтастығы мен терроризммен күрес мәселелері талқыланды


Сейсенбі күні Пәкістан премьер-министрі Шаухат Азиз бен АҚШ президенті Джордж Буш екі елдің ынтымақтастығындағы көптеген мәселелерді талқылап, сонымен қоса терроризммен күрес жайында сөйлесті. Ақ үйде өткен 45 минуттық кездесуден кейін, екі ел жетекшісі бірнеше бейбіт тұрғынның өліміне әкелген, АҚШ әскерінің Пәкістанның солтүстігіндегі елді мекенге әуеден соққы берген оқиғасы жайлы сөз қозғамады. Осама бен Ладеннің орынбасары Айман әл Зауахри нысанаға алынып, шабуылданды дегенді Пәкістан үкімет басшысы Шаухат Азиз сынға алған болатын. Бірақ, дүйсенбі күні Уашингтонға келген Азиз тек екі елдің арасындағы ынтымақтастық туралы ғана әңгіме қозғады.

Өткен жексенбіге дейін Шаухат Азиз, Ауғаныстанмен шекаралас Пәкістанға жасалған зымырандық шабуылды айыптап келген болатын. Оның айтуынша, Уашингтон шабуылға дейін ол жоспарлаған әрекеттері туралы Пәкістан үкіметіне ештеңе айтпаған. Бірақ, хабарларға қарағанда, Буштың терроризммен халықаралық күрес деп атайтынындай, Бушпен кездесуінен кейін Азиз, тек өз елінің Құрама штаттармен қарым-қатынасы туралы ғана айтты.

“Біз терроризмнің барлық түрі мен көріністерімен күрескіміз келеді. Мұнда ешқандайда жаман немесе жақсы террорист деген жоқ. Және терроризм шекараны білмейді. Сондықтан, біздің Құрама Штаттармен терроризммен күрестегі одақтастығымыз әлемдегі бәріміз бен барлық азаматтық қоғам үшін өте маңызды деген”, - деді Шаухат Азиз.

2001 жылдың 11-ші қыркүйегінен бері әл-Қаиданы жеңуге көмектесу жолында, Пәкістан мен оның басшылығы, яғни елдің президенті генерал Первез Мүшаррафпен қоса, АҚШ ықпалының астында болды. Көптеген пәкістандық ол одақтастыққа наразылығын танытқан.

Ол қарсылықтар өткен жылғы қазан айында Пәкістанда орын алып, 80 мың адамның өмірін қиған қатты жерсілкінісінің зардаптарына АҚШ-тың берген көп көмегінен соң азая бастаған. Бірақ, қаңтардың 13-дегі әуеден берілген зымырандық шабуылдан кейін, пәкістандықтар қайтадан ашуланып қалды. Ал, Ақ үйде Шаухат Азиз бар назарын АҚШ-тың берген көмегіне елінің ризашылығын айтуға тырысты.

“Біз шынымен де, зілзаланың салдарынан зардап шеккен адамдардың өмірін қайта қалыптастыру үшін жасалынған көмекті бағалаймыз. Қамқорлықты сезіну мен бөлісу біз көріп тұрған - АҚШ пен Пәкістан арасындағыдай, әрқашанда елдер арасында жақсы қарым-қатынас орнатады”, - деді Шаухат Азиз.

АҚШ президенті Джордж Буш та жоғарыдағы әуе шабуылы туралы қозғамай, наурыз айында өзінің Пәкістан мен Үндістанға сапар шегетінін ғана мәлімдеді. Ақ үй өкілінің айтуынша, Буштың ол сапарының қандай мақсатта болатын егжей-тегжейі туралы әзірге анық емес.

Буш та өз кезегінде, Азиз сияқты екі ел АҚШ пен Пәкістан арасындағы ынтымақтастық туралы ғана айтумен шектелді.

“Менің пікірімше, Пәкістанмен қарым-қатынас Құрама Штаттар үшін өмірлік маңызы бар ынтымақтастық. Және мен премьер министр мен президентке бізбен түрлі мәселелер бойынша тығыз жұмыс жасап жатқаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз Америка мен Пәкістанға соққы бергісі келген террористермен күресу жолында бірге жұмыс жасап жатырмыз”, - деді президент Буш.

Пәкістанның елді мекеніне жасалған зымырандық соққыдан кейін пәкістандықтар Америкаға қарсы ереуілдер өткізген болатын. Сейсенбі күні Норвегияда болған кезінде Первез Мүшарраф ол шабуылда әл-Қаида жетекшілерінің бірі Айман әл Зауахри өлтірілмеді, бірақ ұйымның кейбір мүшелері өлтірілгені туралы бастапқы берілген дәйектер бар деген. Дегенмен, ол әзірге қорытынды дәлелдер емес екенін қадап айтты.

Пәкістан мен Американың ауытқыған солқылдақ қарым-қатынасына қарамағанда, қазіргі қатынас өзара қажеттілік үшін әзірге мықты болып қала береді, дейді Халықаралық Бейбітшілік үшін Қажеттілік атты Карнеги қорының Уашингтондағы орталығының саяси зерттеушісі Фредерик Грэр. Оның пікірінше, Құрама Штаттарға Пәкістан әл-Қаидамен күресте көмектесу үшін және әл-Қаиданың мүшелері тығылып жүр деген Пәкістанның сол аймақтарына бару үшін қажет. Ал, Пәкістан Американың қаржылай көмегін қажет етеді дейді ол. Бірақ, Грэр мұндағы өзара қажеттіліктердің шектеулі екенін айтады. Оның атап айтуынша, Пәкістан үкіметінде екі елдің қарым-қатынасы әл-Қаида толығымен жойылғанда тоқтап қалуы мүмкін деген именушілік бар. Өйткені қазір Құрама Штаттарға оңтүстік Азияда терроризмен күресте одақтас керек болып отыр, дейді саяси зерттеуші Грэр.
XS
SM
MD
LG