Accessibility links

Иран өзіне қажет уранның Ресейде байытылу мүмкіндігін қайтадан қарастыра бастады


Иранға қажет уранды Ресейде байыту мүмкіндігіне орай ресми Мәскеу жасап отырған ұсынысты Иранның ядролық келіссөздердегі бас уәкілі Әли Лариджани оң қадам деп бағалады. Бұл мәлімдемені Әлі Ларджани Мәскеуде Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Игор Ивановпен кездескеннен кейін жасады. Екі тарап қаңтардың 24-інде жасаған біріккен мәлімдемесінде Иранның ядролық бағдарламасына байланысты қалыптасып отырған айтыс Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі аясында дипломатиялық тәсілдермен шешілуі тиіс деп атап өткен.

Иранның ядролық келіссөздердегі бас уәкілі Әли Лариджани өз еліне қажет уранды Ресейде байыту туралы ұсынысқа оң баға берді, алайда бұл жоспардың егжей-тегжейі ақпанның 16-сында болатын келіссөздерде қарастырылуы тиіс деп атап өтті. Бұған дейін Иран уранды өз жерінде байытуға толық құқығы бар деп келген болатын.

Байытылған уран атомдық қуат бекеттерінде отын ретінде де, атомдық қару жасауда да пайдаланылуы мүмкін. Ресейдің Иранға қажет уранды байытып беру жөніндегі ұсынысы Иран өзінде байытылған уранды атомдық қару жасауға пайдалануы мүмкін деген алаңдаушылық айтылғаннан кейін күн тәртібіне шыққан еді. Ресейдің мұндай ұсынысын АҚШ және Европа Одағы қолдап шықты.

Соңғы мәлімдемесінде Иранның ядролық келіссөздердегі бас уәкілі Әли Лариджани бұл мәселеге басқа да елдердің араласуын құптайтынын атап өтті.

Иранның Ресей ұсынысына оң қабақ танытуы Иран мәселесі Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі жетекшілігінің арнайы отырысында талқылану қарсаңына сай келіп отыр. Мұндай жиынды Германия, Франция және Британия шақырып отыр. Оған Иранның өзіндегі ядролық объектілерде БҰҰ салған пломбаларды алып тастауы себеп болды.

АҚШ және Европа Одағының аталмыш үш елі Иранның ядролық бағдарламасына байланысты айтыс БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде күн тәртібіне көтерілуі керек деп есептейді. Бұл тұрғыда олар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері боп табылатын Ресей мен Қытайдың да қолдауына ие болуды көздеп отыр. Алайда, Иранда экономикалық мүддесі бар Ресей мен Қытай әзірге бұған мойынсұнбай отыр.

Лондондағы Стратегиялық Зерттеулер институтының ядролық қаруларды таратпау мәселелері бойынша бас маманы Марк Фитцпатрик-тың айтуынша, Иран өз ядролық бағдарламасына байланысты мәселенің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде көтерілуіне Ресейді келіспеуге көндіріп бағуда.

«Иран уақыт ұтуды көздеп отыр. Менің ойымша, Иран Ресей ұсынысымен бастап, келіссөздер барысында өз жерінде шектеулі көлемде болса да уран байыту, зерттеу өткізу тұрғысында жеңілдік саудалап алмақ ниетте. Алайда, мұны Батыс қабылдамайды», - дейді Лондондағы Стратегиялық Зерттеулер институтының ядролық қаруларды таратпау мәселелері бойынша бас маманы Марк Фитцпатрик.

Мәскеуде орын тепкен Ресейдегі саяси зерттеулер орталығының директоры, әрі Женевадағы Қауіпсіздік саясаты орталығының Европадағы қауіпсіздік бағдарламасының жетекшісі Владимир Орлов болса былай дейді:

"Иран Ресей ұсынысын қабыл алуға расында да мүдделі болып отыр ма, әлде бұл тек Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі отырысы алдындағы айла ма – ол жағын әлі де көруіміз керек. Егер бұл уақыт ұту саясаты болса, онда ресми Мәскеудің ұстанар көзқарасы Ресейдің Европалық әріптестерінің көзқарасымен қатар қатаң болмақ".

Бұл екі арада, Нью Йорк Таймс газеті сәрсенбілік санында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі мен Германияның сыртқы істер министрлері қаңтардың 30-ында Лондонда бас қосқалы отырғанын хабарлады. Хабарға қарағанда, олар қаңтардың 2-сінде Вьеннада өтетін Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі отырысы қарсаңында Иранға байланысты көзқарастарын ортақ арнаға түсіруге тырыспақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG