Accessibility links

Орта Азия мемлекеттері өз көгілдір отыны – табиғи газымен өзге елдерді өзара есептесуге мәжбүр ете ала ма?


Осыдан 25 күн бұрын Жаңа жылдың басында Ресей ескерту ретінде, Украинаға берілетін газды тоқтатып, халықаралық деңгейде өзінің газ саласында бақуат та беделді ел екендігін әлемге әйгіледі. Бұл жайт өз кезегінде Батыс Еуропаның өзін бір елеңдетіп алғандығы шындық. Міне осы, қатаң қыс ортасында орын алған газ бөлісу саясатына орай, американдық талдаушы Даниел Киммидж өзінің төмендегі зерттеуін ұсыныпты.

Алдымен зерттеушінің жазуынша, Ресей мемлекеттік «Газпром» компаниясы Орта Азия елдерінің газы арқасында, экспортталатын газдың өзінен млрд-таған доллар пайда көріп отыр. «Газпромның» бір жылдық газ өндірісі 550 млрд текше метрден асып жығылды.

Ресей 2006 жылы Батысқа сол газ импортын 151 млрд текше метрге жеткізсе, 2008 жылға барып, ол көгілдір отынның 163 млрд текше метрін сатпақшы. Сонымен, Ресей өзінің жаңа газ кеніштеріне инвестиция енгізудің орнына «Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстаннан жыл сайын кемінде 100 млрд текше метр газ алуды көздеп отыр», деп жазады, өзінің «Ресей газы мен Газпромның болашағы» деген кітабында Британиялық профессор Джонасан Стерн.

Ғалымның жазуынша, барған сайын Ресейдің Орта Азия газына деген тәуелділігі ұлғая бермек. Бұл мәселеде саясат үлкен бір фактор болғанымен, газ бағасының барынша өсе түсуі өз алдына тағы бір ерекше жағдай.

Бұл арада Өзбекстан Түрікменстанмен салыстырғанда біршама аздау газын Ресейге Қазақ жері арқылы өткізеді. Соның өзі Әндіжан қырғынынан кейін, Батыстың салқын көзқарасына байланысты біршама дағдарысқа кезіккен болатын. Бірақ адам құқықтарын өрескел бұзып, халықаралық деңгейде оқшауланып, жетімсіреп қалған Өзбекстанға күтпеген жерден Ресей мен Қытай өз қолын созды. Ал Өзбекстан ол қолдау есесіне өз әуе алаңынан АҚШ ұшақтарын шығаруға мәжбүр болды.

Сонымен кезінде тәуелсіздік табысы кезінде империядан құтылғанын қуана тойлаған Өзбекстан міне енді сол Ресейге қайта кіріптар болғандай. Екі ел Сыртқы агрессияға қарсы бірлесе күресетін өзара шартқа қол қойды. Ресей өз газын Украинаға 160 долларға сатқанымен, Өзбекстаннан 2006 жылы сол газды 60 долларға алмақ. Міне енді күні кеше хабарлағанымыздай, сол Өзбекстан ЕуроАзия қоғамдастығындағы Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан тобына барып қосылды.

Ал енді өзін бейтарап ел деп жариялаған Түрікменстанның табиғи газына Ресейдің алдағы кезде де барынша тәуелді болып қала беретіндігі шындық дейді талдаушы. Оның үстіне ғасырлар бойы қалыптасқан жылдың ай аттарының өзін өз отбасы мүшелерінің есімімен алмастырған өзбілермен президент Сапармұрат Ниязовтан кез-келген нәрсені күтсе болады, деп жазады Даниел Киммидж.

Ал енді Түркмен-Украин келісіміне келсек, 2006 жылы Украина 40 млрд текше метр газды, әзірше, 50 доллардан алуға келісіп отыр. Бірақ, «Время новостей» газетінің жазуынша, бұл ауызша ғана келісім. Ресей болса сол түркімендерден 30 млрд текше метр газды әрбір мың текше метрін 65 долларға шамалаған. Бірақ, қаңтардың 13-і күні «Ведомости» газетінің жазуынша Түрікменстан Ресейге сататын газ бағасын 85 долларға жеткізіп, қаңтар айының басында жасалаған Украина-Ресей келісімінің тас-талқанын шығаруы мүмкін екен. Дегенмен газеттің ол мәліметін түрікмен дипломаттары мойындамағанымен, қаңтардың 23-і күнгі Мәскеу кездесуінен кейін де президенттер Ниязов пен Путин сатылатын газ көлемі және бағасы жөнінде бірер дәйекті мәлімет айта қоймады.

Оның үстіне Ниязовтың Мәскеу сапары алдында Ашғабатқа Қытай Ұлттық даму және реформа министрінің орынбасары Гуобао келіп, жылына 30 млрд текше метр газ алу жөніндегі келісім жобасына қол қойып кеткен болатын.

Сөйтіп, Украинаға 40, Ресейге 30, Қытайға да 30, сонда барлығы 3 елге жалпы көлемі – 100 млрд текше метрден астам газ сататын Түрікменстан, бір қызығы, 2005 жылы бәрі болып, 63 млрд текше метр газ өндіріпті. Тағы бір айта кететін жағдай - Түрікменстан халқы үшін сол көгілдір отын – газ тегін болғанымен, Ашғабаттық дәрігерлердің немістердің «Дойче Велле» газетіне айтқанындай, Ашғабаттағы науқастар от жағылмайтын суық палаталарда жатып ем алуда екен. Ал Ресейге және өзге елдерге газын млн-даған долларға сататын Өзбекстанның жүздеген ауыл-қыстақ-кенттерінде сол газдың өзі жоқ екендігі белгілі. Оған қосымша бір дәлел - қаңтардың 21-і күні газсыз, электр қуатынсыз қалған әндіжандық әйел-аналар қаңтардың аязында күрең жолға шығып, көліктердің қатынасын тоқтатпақ болғаны.
XS
SM
MD
LG