Accessibility links

Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік сатып алу жүйесінде мемлекет қаржысын заңсыз жұмсау анықталып отыр


Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесі жеке адамдардың байлығына айналған. Бұл туралы бас прокуратураның мемлекеттік органдардағы заңдылықты қадағалайтын департамент басшылығы хабарлады. Ал, қаржыны қадағалау комитетінің мәліметінше осы салада 40 миллиард теңгенің заңсыз игерілгендігі анықталған. Мысалы, тендерлерді заңсыз өткізу арқылы мердігерлер елді мекендерде су өткіземіз деп орасан қаржыға кенелген, ал, шын мәнісінде олар ауылдардағы су құбырларына тиспеген.

Жалпы, мемлекеттік тапсырыстарға жауапты қаржы министрлігіндегі жұмыстың ашық еместігін билікте мойындады, дейді сарапшылар. Жаңа үкімет мүшелерімен өткен жиналыста президент Назарбаев қаржы министрлігі бұрыңғы басшыларға қарағанда жұмысты әлсіретіп жіберді деді. Оның айтуынша органдар ашық жұмыс істемейді. Онда кеден, салық, мемлекеттік тапсырыс бар. Барлығы осы министрліктің сатылатын органдары деп айтып жүр, деді президент. - Президент былтырғы жылы өткізілген барлық тендерлерді тексеріп ненің кімге және қаншаға сатылғандығын анықтауды тапсырды. Ал үкімет басшысы Даниял Ахметов ұлттық компаниялардың айналымы 6 миллиард доллардан асатындығын хабарлады, бұл бюджеттің жартысы, деді ол, бірақ, бюджет қаржысын құруда осы жақ сұр болып тұр, деді премьер. Тендерлерде заң тек сырт көзге қарағанда орындалып жатқан сияқты, дейді кәсіпкерлер. Тексеру өткізген прокуратура өкілдерінің айтуынша осындай тендерлердің арқасында жеке шенеуніктермен ұлттық компаниялардың лауазым иелері байып келеді. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының мәліметіне қарағанда қазіргі қалыптасқан тендер өткізу жүйесі мемлекетке тиімсіз:

- Бас прокуратураның мемлекеттік органдардағы заңдылықты қадағалайтын департамент бастығы Андрей Кравченконың бақылауына қарағанда бәсеке таласын тек бір жаққа тиімді жасау үшін, тендерлерге қатысушыларға заңда жоқ талаптар қойылады, бұл бір. Екіншіден, тендерге бір басшыға бағынатын компаниялар қатыстырылады. Үшіншіден, ақша алған тендерлік комиссия өкілдері мемлекетке тиімді емес өзіне тиімді компания үшін дауыс береді.

Прокуратура мәліметінше, тендерде берілетін ақшаны белгілі бір жұмысқа тапсырыс бергендер алады. Кейбір жеке шенеуніктермен ұлттық компаниялардың лауазым иелері мемлекет пайдасын ойламайтындығы белгілі. Қаржыны қадағалау комитеті мұны өздері мойындап отыр. Тендерге қатысқан экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, бұл салада жемқорлық көп:

- Республикалық бюджеттен 220 миллион бөлінген кезде өзім тендерге әдейі қатыстым. Тендер дұрыс өтті деп айта алмадым. Негізі бұл салада үлкен жемқорлық бар.

Комитет өкілдері тендерлерді халықаралық тәжірибеге сүйеніп өткізуді ұсынып отыр. Дамыған елдерде мемлекеттік тапсырыс туралы мәліметті жарияламас бұрын, маркетингтік қызметтер базарды зерттеп арзан және сапалы қызмет ұсынатын компанияларды іріктеп алады. Сосын on-line режимінде тендер өткізіледі. Осылайша дербес қызығушылығы бар адамдардың араласуына тосқауыл қойылады адам факторы азаяды және тендерге көптеген кәсіпорындар қатысуға мүмкіншілік алады. Оның сыртында интернет сауда қағаз айналымын азайтады. Бірақ, Қазақстанда бұл туралы әңгіме қозғалғанына 3 жыл болды, нәтиже жоқ, дейді экономистер. Сарапшылардың пікірінше, мұның себебі ақшаға келіп тіреледі. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, бұл салада көп ақша айналымда жүр:

- Көптеген кәсіпкерлердің айтуынша мемлекеттік сатып алу саласында өткізілетін тендерлер алдын ала келісілген келісімге айналып кеткен. Өткен жылы мемлекеттік сатып алуға 400 миллиард теңге немесе 3 миллиард доллар бөлінген. Және жыл сайын бұл сома 65 миллиардқа ұлғайып отырады.

Сондықтан болар әзірге тендерлер ескіше өткізіліп келеді, дейді прокуратура өкілдері. Заңсыз тендер өткізгендер қатарында жол салушылар және су құбырын өткізетін кәсіпорындар көзге түскен. Тексеру көрсеткендей көп жағдайда құбырларды жөндеп немесе жаңадан салатын мердігерлер сапасыз жұмыс атқарып оған көп ақша сұраған. Ал, су ресурстары жөніндегі комитет шенеуніктері жұмыстың сапасыз орындалғанына қарамастан актілерге қол қойып орасан қаржы төлеп отырған, дейді тексеру өткізген прокурорлар. Тендерге қатысқан экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, тендер талаптарын өзгерту керек:

- Тендерге қайраткерлер, депутаттар қатысу керек. Ал әкімдер жабық түрде тендер өткізедіде әкімнің кабинетінде жеке шешіп аладыда жалпы көрсету үшін тендер өткізеді. Негізі жауапты сол бетте беру керек. Олар бір аптадан кейін береміз дейді. Ал бір аптаның ішінде қаншама құжаттарды ауыстыруға болады.

Мысалы, Астана маңындағы Қорғалжың елді мекеніндегі құбырды жөндеуге 82 миллион теңге төленген. Алайда, жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Тұрғындар осы уақытқа дейін ескі тат басқан құбырдан су ішіп келеді. Ал, комитет шенеуніктеріне қарсы екі қылмыстық іс қозғалды. Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Атшабаров бұл туралы былай дейді:

- Ауыз су мәселесіне байланысты екі нысан бар, Қорғалжың және Павлодар облысындағы нысандар тапсырылған мемлекеттік комиссияның актісі бар, оның түсініктемесін прокуратураға береміз. Олар акредитивпен жылжып 2-3 айға кішкене кешіктіріліп тапсырылды бірақ жылдың аяғында аяқталды.

Прокурорлардың айтуынша, әдетте тендерлерге өздері жұмыс істемейтін ұсақ мердігерлер қатысады. Бірақ, тендерді жеңіп шыққансоң олар қызмет бағасын көтерудің арқасында тапсырысқа берілген ақшаның 30-50 пайызын алады. Осы қаржының бір бөлігі параға жұмсалады дейді кейбір сарапшылар.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG