Accessibility links

«Нағыз Ақ жол» партиясының тіркеуден өте алмай отырғанына байланысты бірқатар парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері Қазақстан президентіне үндеу жолдады


«Нағыз Ақ жол» партиясын былтыр Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясынан бөлініп шыққан саясаткерлер Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Төлеген Жүкеев 2005 жылғы сәуірдің 29-ында құруға шешім қабылдаған. Содан бері партияны тіркеу туралы партия жетекшілігінің ұмтылысы нәтиже бермеген. Осыған орай қаңтардың 27-сі күні бірқатар парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлерінің Қазақстан президентіне арнаған үндеуі жарық көрді.

Қазақстан президентін «Нағыз Ақ жол» партиясын тіркетуге ықпал етуін сұраған бұл құжатқа қол қойған Парламент депутаты Амангелді АЙТАЛЫ Әділет министрлігінің оппозициялық партияны тіркемеуін демократиялық процестерге қарсы әрекет деп қабылдап отыр:

- Біздің саяси кеңістікте әр түрлі партиялардың болғаны орынды. Егер Әділет министрлігі бұлай заңсыз, түрлі тосқауылдар қойып, «Нағыз Ақ жол» партиясын тіркемей жатса, қоғамдағы демократиялық процестерге қарсы әрекет деп ойлаймыз.

Ал тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы, «Саяси партиялар туралы» заңға сәйкес партияға мүше 50 мың адамның орнына 65 мың адамның тізімін жинап берсе де, үкіметтік мекеме оппозициялық саяси партияны тіркеуден өткізбей отырғанын айтады. Бұл – демократиялық процестердегі кері шегініс деп бағалайды Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ:

- Біздің аяғымызға тұсау салуы – бұл қоғамды одан әрі демократияландыруға, реформалар жасауға, ілгерілетуге, өсіруге мүмкіндік бермеуге тырысып жатқан әрекеттің салдары. Бізді тіркету-тіркетпеу – Назарбаевтың қолында. Себебі, Қазақстанда дербес сот жүйесі жоқ.

Қазақстан президентіне арналған үндеуде егер оппозициялық партия тіркелсе, онда олар қоғамды демократияландыру жөнінде құрылған мемлекеттік комиссия жұмысына белсенді түрде ат салыса алар еді делінген. «Нағыз Ақ жол» партиясы комиссия жұмысына қатысса, онда бұл құрылымның қызметі одан сайын жандана түсер еді дейді депутат А.Айталы:

- Әрине, онда комиссияның ішінде әр түрлі пікір пайда болады, қоғамда пікірталастар тудырып, жаңа бір шешімдерге жетелейді.

Бұған дейін «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы да, егер партия тіркелген жағдайда Қазақстан президенті бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссия қызметіне араласудан бас тартпайтындарын айтқан болатын. Енді егер біздің партиямызды тіркесе, комиссия жұмысына қатысу керек дейді Қазақстанда тіркеуден өте алмай жүрген тағы бір оппозициялық партияның жетекшісі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:

- Біріншіден, оппозиция мен билік арасында диалог керек. Екіншіден, оның бір шарттары болуы керек. Өткен жолы біз айтқанбыз: Ғалымжан Жақиянов босатылмаса, біз бармаймыз деп. Қазір Жақиянов босатылды. Бұл – сөйлесуді бастауға жақсы бастама. Егер билік жағынан ондай ұсыныс келсе, біздің саяси кеңесіміз шешеді. Бірақ, меніңше, бару керек!

Ал әзірге «Алға» партиясын тіркету бойынша Асылбек Қожахметовтің әрекетінен еш нәтиже шықпай отырғанына 4 ай болды.

- Қыркүйектің 22-сінде тіркеуге құжаттарымызды өткіздік. Заңға сәйкес олар қазанның 22-сінен кешіктірмей жауап беруі керек еді. Міне, 4-ші айға бара жатыр ешқандай алға жылжу жоқ. Бірақ, желтоқсан айында сот өтті. Сот бізді қолдаған жоқ. Ал осыдан бір апта бұрын тіркеу комитетінен хат келді: 550 адамның өтінішінің түпнұсқасын беріңіздер деп. Осы аптада сұрағандарының бәрін жібердік.

Тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының басшылығы болса, саяси партияны тіркеу бойынша Жоғарғы сотқа шағымданған. Бұл туралы осы партияның аппарат басшысы, заңгер Серікхан Жақыпов былай деп хабарлады:

- Алдымен Астана сотына шағымдандық. Бірақ, Астана солардың сөзін сөйледі. Содан кейін заңға сүйеніп, Жоғарғы сотқа арыз беріп отырмыз. Ол арыз ақпан айының орта шенінде қаралуы керек.

Осы мәселеге байланысты тиісті ақпарат алмақ болып, Қазақстанның Әділет министрлігінің тіркеу бөліміне телефон шалған «Азаттық» тілшісімен сөйлесуден мекеменің жауапты қызметкерлері бас тартты.
XS
SM
MD
LG