Accessibility links

Түркменстан президенті үкімет қатарында тағы да өзгертулер жасады


Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязов осы аптаның басында Мәскеуден оралысымен, өзінің үйреншікті әдісі - шенеуніктерді орнынан алуға кірісіп кетті. 25 қаңтар күнгі Министрлер кабинетіндегі бес сағатқа созылған жиналыс барысында Ниязов ауылшаруашылық министрін қызметінен босатты, солтүстіктегі Дашауыз облысының губернаторын және Мемлекеттік балық комитетінің бастығын орындарынан алды.

Әдеттегідей Ниязов не себепті өзінің кадhлық шешімдері үшін дәл осы уақытты таңдағанын түсіндірген жоқ, ал бірақ Ауылшаруашылық министрі Беғенш Атамұрадовты қызметінен алуының бірнеше себептерін келтірді.

- Ауылшаруашылық министрі Беғенш Атамұрадов, сіз ұзақ уақыт жұмыс істедіңіз. Мен сізді өзімнің орынбасарым етіп тағайындадым. Неге сіз өз жұмысыңызды жақсырақ атқармайсыз? Сіз ешқашан президентке қандай да бір проблеманы шешу үшін келген емессіз. Мен сізді министр қызметінен аламын. Сіз бен сіздің адамдарыңыз Дашауыз бен Көнеқорғанның ақ астығын басқа провинцияларда жоғары бағамен сатқансыздар. Мұнда сіздің қылмысыңызда шек болмаған.

Түркменстанда ауылшарушылық министрлері алдында әрдайымда күрделі де қиын міндеттер болып келген. Ниязов жыл сайын бұл саланың лауазымды тұлғаларын ел үшін бидай мен мақтаны басты нысана етуге бағыттап отырады. Президент елдің жер көлемінің 90 процентін құмды шөл дала алып жатқанына қарамастан жыл сайын елде рекордты мөлшердегі астық өсіріліп жиналуын талап етіп отырады.

Ал Дашауыз губернаторы Какамұрат Аннагилижовты қызметінен алу үшін тағылып отырған айыптар сәл күрделірек тәрізді.

- Какамұрат Аннагилижов жақсы жұмыс істеймін және барлық мәселелерді шешемін деп ант берген болатын. Алайда ол жылдың ішінде аз ғана мерзім жұмыс істеген уақытында пайдалы институттардың қызметкерлерін жұмыстарынан алып, оның орнына өз адамдарын қойған, пара алған, жемқорлыққа барған. Көп әйел алған. Бұл қылмыстың бәрі ол губернаторлыққа тағайындалған соң ғана жасалмаған, одан бұрыннан келе жатқан жайттар, бірақ біз оны тексере алмаған едік, - деді президент.

Ниязов Аннагилижовтың төрт бірдей әйелі болған, 20 машина иемденген, меншігінде 275 қойы, 55 сиыры болған және мемлекеттен 2,4 миллион доллар ақша ұрлаған деп айыптады. Сонымен қатар Ниязов Аннагилжиовты оған қарсы қылмыстық істің де дайындалып қойғанынан хабардар етті.

Солтүстік Каролина университетіндегі Түркменстан бойынша маман Стивен Сэбол Ниязов үкіметінде бұлайша қызметтен алудың жалпы қайталанып отыратын жайт екендігіне тоқталады.

- Үкімет қатарында аракідік осындай өзгертулер жасап отыру Ниязовтың соңғы бірнеше жыл бойы қалыптасқан үлгісі. Министрлер мен басқа да лауазымдылар үшін қызмет қауіпсіздігі мұнда нольге тең десе болады. Және олардың бәрі де өз білуінше қызмет етеді, ал оның жүзеге асуы сондай қиын және ол қиындық өте жиі, - деген талдаушы Сэбол, осы аптаның басындағы Ниязовтың Мәскеуге барған сапары мен оның келе салып, үкіметтегі лауазымды шенеуніктерді аяқастынан орындарынан алуында ешқандай байланыс жоқ деп атап көрсетеді.

Дашауыз провинциясының губернаторы болып жаңадан тағайындалған Ағанияз Акиев бір кезде президенттің жеке күзетшісі болған. Тамыз айында Акиев премьер-министрдің Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бойынша жауап беретін орынбасары болып бекітілген болатын. Одан соң екі аптадан кейін Акиев Қазан қаласындағы ТМД жетекшілерінің ресми емес саммитінде Түркменстан өзінің ТМД-ға мәртебесін төмендеткенін хабарлаған еді. Түркменстан президенті сондай-ақ басқа да кадрлық өзгертулер жасады, ол жаңа білім министрін және мемлекеттік кеден қызметіне жаңа басшы, мемлекеттік балық комитетіне де басшыны жаңадан тағайындады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG