Accessibility links

Мұхамед Пайғамбарды күлкі қылған газеттерден соң сөз бостандығының шегі бола ма деген мәселе көтерілді


Даниялық бір газет былтыр қыркүйек айында Мұхамед Пайғамбарды келемеждеген карикатура суреттерін басты. Қаңтар айының басында оларды бір норвегиялық газет көшіріп басқан соң бірқатар ислам елінде қатты наразылық толқыны өтті. Ислам жетекшілері мен кейбір саясаткерлер бұл екі газет кешірім сұрамаса экономикалық бойкот жариялаймыз деп талап қойды. Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер екі еуропалық газеттің басқан суреттері сөз бостандығының болмысына сәйкес дейді.

Данияның бір аймағында шығатын "Джилландс постен" газетінде Мұхамед Пайғамбарды және кейбір басқа тұлғаларды бейнелеген барлығы 12 сурет басылыпты. Мәселен, бір суретте Пайғамбардың шалмасы бомба сияқты салынып, иірілген екен. Қаңтар айының басында бұл карикатураларды бір норвегиялық газет көшіріп басқан соң бұған сын айтылып, ақыры Таяу Шығыс елдерінде ашу-ыза туды. Бірақ карикатураларды алғаш жариялаған "Джилландс постен" газеті мәдениет бөлімінің редакторы Флемминг Роуз суреттердің бірде бірі Дания қауымында қалыптасқан ережелерден аспайды дейді.

Мұхамед Пайғамбардың өмірі жайында кітап жазған бір даниялық жазушы Пайғамбар туралы сурет салатын адам таба алмапты кезінде, ақыры бір суретші Мұхамед Пайғамбарды бейнелеп берейін, бірақ аты-жөнім аталмасын деп өтініпті. Міне осы жеке жағдайдан түйгенім – көптеген автор мен суретші өз есімдерін жариялағысы келмейтін болды, бұл өздеріне өзі цензура жасау, мен қоғамда бастау алған осы мәселеге назар аудартайын деп едім, дейді "Джилландс постен" газеті мәдениет бөлімінің редакторы Флемминг Роуз:

- Біз әдетте Иисус Христос бейнесін де күлкіге айналдырамыз, патша әулеті де, кейбір саясаткерлер де, тағысын тағы күлкі нысанасына алынып жатады. Осы 12 суреттің бірінде, нақты айтсам, мен өз басым және менім газетім күлкіге айналып отыр. Біз бір топ кертартпа араңдатушы ретінде көрсетілдік. Тағы бір суретте мұсылмандардың иммиграциясына қарсылық білдіретін белгілі даниялық саясаткер күлкілі жағдайда көрсетілді.

Бірақ көптеген мұсылман даниялық газеттің қалжыңын қабылдамады, Мұхамед Пайғамбардың карикатурасын әдейі жасалған араңдату деп түсінді.

Дания бас министрі Андерс Расмуссен газет редакторларына сөгіс айтыңыздар деген талапты қабылдамады, сөз бостандығы Данияның ең жоғары құндылығы, өз басым ешбір діни тұлғаны ешқашан күлкілі жағдайда бейнелемес едім, бірақ Дания баспасөзі шынайы тәуелсіз, не нәрсе жазатындарын өздері шешеді, деді. Мұндай қолдауға қарамастан "Джилландс постен" газеті осыдан екі күн бұрын өз веб-сайтында жартылай кешірім сұрады. Газет қызметкері Флемминг Роуз карикатура үшін кешірім сұрамаймыз, суреттердің өзі Дания шектеулерінен аспаған. Карикатуралар біреулердің ызасын туғызса сол үшін кешірім сұраймыз, бәлкім кейбір адамдар сатираның не екенін білмейтін шығар, жалпы Батыс қоғамы мен Ислам қоғамы арасында "мәдениет соғысы" жүріп жатыр, мәселе сонда дейді:

- Бұл мәдениет соғысы және де Батыс демократиясы мен Ислам әлемі арасында тек ғана мәдениет соғысы жүріп жатқан жоқ. Мұны мен ең алдымен, және ең бастысы, мұсылман әлемінің өз ішіндегі мәдениет соғысы деп қабылдаймын. Бір мұсылмандар заманауи, зайырлы қоғамда өмір сүргісі келсе, кейбір күштер оларды кері бұрмақ. Тоталитарлық және авторитарлық ұмтылыстардағы мұндай жағдайды өз басым Совет Одағында және Шығыс Еуропада 1980-1990 жылдары көргенмін.

Бейрут қаласында орналасқан Америкалық университеті Ислам істерінің сарапшысы профессор Хилал Хашан карикатуралардың ашу туғызғандары мен үшін жаңалық емес, көпшілік ислам елдерінде дін мен саясатты бір-бірінен ажырату мүмкін емес, батыс қоғамдары зайырлы келсе, мұсылман қоғамдарында дін ықпалы өте мықты дейді. Тіпті араб елдерінің жоғары деңгейдегі зайырлы саяси жүйелердің өздері ешқашан дінмен қатынастарын бұзбайды. Заман болса өзгерді, глобализация келгенде газет редакторлары жеке елдің жеке қоғамына ғана арнап жазып едік деп енді айта алмайды, дейді Хилал Хашан:

- Әлемде өзара байланыс жасау қазір өте белсенді болып жатыр, коммуникация өте шапшаң атқарылады, ақпаратты лезде табуға болады. Сондықтан ақпарат нысанасына жеке аудиторияны ғана алып едік деп айту өте қиын боп барады.

Бірақ қазіргі дау-дамайдың басқа да ықпалы болуы мүмкін – мұсылмандардың өздері ислам дінін реформалайтын уақыт келді деп ой қозғауы мүмкін, бұл мәселені мұсылмандар өздері көтерсе жөн, дейді радиомызға сұхбат берген осы сарапшы.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG