Accessibility links

Ауғанстан: Нидерланды парламенті НАТО күштерін орналастыру мәселесін талқылады


Нидерландының заң шығарушылары кеше Ауғанстанның НАТО жасақтары тұрған оңтүстік аймағына 1100-ден астам қосымша күштер жіберу керек пе, жоқ па деген мәселені талқыға салды.

НАТО биылғы жылы Ауғанстанның АҚШ әскерлері бақылап тұрған аймағына 7 мыңдай жасақ орналастыруды жоспарлап отыр. НАТО күштері негізінен әл-Қаида мен Талибанның қалдықтарына қарсы күресті жалғастыратын болады. Голландияда Ауғанстанға жіберілген жасақтар соғысқа қатыстырылады деген алаңдаушылық кең өріс алып отыр. Сондықтан да дауыс берушілердің жартысынан көбі Ауғанстанға әскер жіберуге қарсы болған, енді Нидерланды үкіметі бұған байланысты түпкілікті шешімді Гаагаға қайрылу арқылы шығарғалы отыр. Мұның өзі НАТО-ның әскерлерін кеңейту жоспарына қалай әсер етуі мүмкін?

Ауғанстан жерінде қосымша тағы да 1100-ден астам Нидерланды жасақтарын орналастыру НАТО-ның елдің оңтүстік аймақтарында операциялар жүргізуді кеңейту мақсатының бір бөлігі болып табылады. НАТО-ның өкілі Джеймс Аппацурай БҰҰ-ның Халықаралық бітімгершілік күштерін бастаған альянстың ең кемінде елдің 75 проценті аумағына орналасуды көздеп отырғанын айтады:

- НАТО-ның маңызды жоспарлауы бойынша, Ауғанстандағы халықаралық қауіпсіздік күштерін қазір біз тұрған Кабулдан бастап, елдің солтүстігі мен батысына, сондай-ақ оңтүстігіне қарай кеңейту ойластырылған. НАТО елдері бұны қолдап отыр. Қазір біз жасақтардың оңтүстікке қарай жылжу процесін атқарып жатырмыз. Бұл процесте Канада үкіметімен қатар Британия билігі де басты роль атқарады.

Қазіргі таңда Ауғанстанда НАТО-ның 9 мың жасағы бар. Алдағы бірнеше айдың ішінде альянс ауған жеріне 7 мыңдай әскер жібермекші, сөйтіп Одақ күштерінің жалпы саны 16 мыңға жететін болады. Канада Кандағар провинциясына 2500 солдат жібермекші. Британияның Ауғанстандағы жасақтарының саны 1100 болса, осы аптада Британия ауған жеріне тағы 3300 әскер күшін жібереміз деп жариялады. Дат парламенті де кеше Ауғанстанға 200 әскер жіберуге мақұлдап дауыс берді. Австралияның сыртқы істер министрі Александр Даунер де бірнеше жүздеген солдат жібереміз дегенді айтты.

Бұрын Нидерландының сыртқы істер министрі болған, қазір НАТО одағының бас хатшысы Яап де Хуп Схеффер Парламенттен Голландия жасақтарын ауған жеріне жіберу мәселесін тезірек мақұлдауларын өтінді. Осы аптада Лондонда Британияның премьер-министрі Тони Блэр Нидреланды жасақтары НАТО жоспарының басты, маңызды бөлігі деп атап көрсеткен болатын. Нидерланды әскерлерін ауған жерінде орналастыруға қарсылық білдірген парламент мүшелері өз әскерлері Ауғанстандағы Талибан мен әл-Қаида қалдықтарымен соғысуға жіберіледі деген қорқыныштарын айтады. Олар, демек Голландия жасақтары, Қандағардың солтүстігіндегі Урузган провинциясына Тарин Котқа жіберілмекші. Осы аймақта өткен жазда ғана Британия мен АҚШ әскерлері жүздеген Талибан күрескерлерін өлтірген болатын.

АҚШ-ғы адам хұқтары тобының Азия бойынша директоры Брэд Адамс Урузган мен оған жақын жатқан провинцияларда қауіптің жоғары екендігімен келіседі. Бірақ та ол биыл Ауғанстандағы АҚШ күштерін 19 мыңнан 16500-ге қысқарту жоспарына байланысты ауған жерінде Голландия жасақтары аса қажет деп атап көрсетеді.

- Нидерландыда ауған жеріне жасақтарын орналастыруға байланысты қызу пікірталастардың болуы орынды. Пәкістан шекарасын бойлай Талибан мен әл-Қаида қалдықтары қимыл-әрекет жасап жатқан шақта әскерін жіберген ел, әскерлеріміз тек бейбіт мақсаттар үшін бара жатыр деп ойлай алмайды. Бұл операцияларды АҚШ бастады, енді олар кейін қайтпақшы. Олар енді басқалардың көмектесуін сұрап, өздері Ирақтағы күресті жалғастырмақшы. Бұл процеске Нидерландының қатысатындығы жақсы. Және біз бұл мәселені олар оң шешеді ғой деп үміттенеміз.

НАТО өкілі Аппатцурай да Голландияның өз жасақтарын ауған жеріне жіберуге қолдау білдіреріне альянс сенімді дейді. Ол сондай-ақ егер Нидерланды бұл жоспарға қарсы болса, олқылықтың орнын басқа елдердің әскерлері толтырады дейді. Голландия парламентінің тегі ирандық бір мүшесі Фара Карими Гаага заң шығарушылары ақыр соңында Нидерланды әскерлерін Урузган провинциясына жіберуге қолдау білдіретін болады деген ойын айтқан. Ал осы апатда Лондондағы конференцияда Ауғанстанның қорғаныс министрі Абдул Рахим Уардак халықаралық донорларды НАТО жасақтары ауғанның оңтүстігінде шетелдік жанкештілердің шабуылдарына тап келетініне әзір болуы керек деп ескертті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG