Accessibility links

Мамандар Қазақстанда банктердің іріленуі мен жұтылу процесі басталды деп отыр


Ақпанның 3-і күні "Алматы сауда-қаржы" банкі елдегі келесі бір банк - "Валют-Транзит" банктің акцияларының бақылау пакетін сатып алу бойынша келіссөздер өтті. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына "Алматы сауда-қаржы" банкі баспасөз қызметі хабарлады. Мұны көптеген сарапшылар Қазақстандағы банктердің іріленуі мен бірін-бірі жұтып алу процесінің басы ретінде қарастырады. Олардың болжамынша, мұндай процеске үш ірі банк емес, орта деңгейдегі банктер ұшырайды. Бүгінде Қазақстан банк жүйесінің активтерінің 60 пайызын елдегі ірі 3 банк иеленіп отыр. Ал қалған 30 банктің үлесіне тек 10 пайыз активтер тиіп отыр.

«Алматы сауда-қаржы» («АТФ») банкі «Валют транзит» банкінің акциялар бақылау пакетін иемденбек. Бұл туралы «Азаттық» радиосына «АТФ» банк қызметкері Анатолий ОЖЕДОВ былай деп хабарлады:

- «АТФ» АҚ басшылары «Валют-Транзит» акционерлерімен олардың акцияларын өз бақылауына алу жөнінде келіссөз жүргізді. Тараптар өз мүмкіндіктерін біріктіріп, «Валют-Транзит» банкін дамыту және одан әрі капиталдандыру жөнінде мәмілеге келді.

Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі Ораз ЖАНДОСОВ бұл келісім-шартты қаржы рыногындағы «ірі оқиға әрі Қазақстандағы банктердің іріленуі мен бірін-бірі жұту процесі болатындығының дәлелелі» деп бағалайды.

- Қазақстанда көптеген банктердің басқа ірі банктермен салыстырғанда бәсекеге төтеп бере алмайтындығы – факт! Ал біздегі банк жүйесіндегі қызметі үшін алатын қаржы мөлшері халықаралық деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мұның бір себебі банктердің ұсақ болуымен байланысты. Сондықтан, банктердің бірігуі мен іріленуінің нәтижесінде банктердің салым мөлшері төмендеуі тиіс. Бірақ, бұл қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз, - дейді Ораз Жандосов.

Банктердің іріленуі тек Қазақстандағы орта және шағын банктерді қамитды. Ал Қазақстандағы ең ірі саналатын үш банк, яғни, «ТұранӘлемБанкі», «Казкоммерцбанк» және «Халық банкі» мұндай өзгерістерге ұшырамайды дейді «ТұранӘлемБанктің» баспасөз қызметкері Валентина ВЛАДИМИРСКАЯ.

- Активтері бойынша 4-5-ші деңгейдегі «АТФ» пен «Валют-Транзит» қосылса, елде тағы бір ірі банк пайда болады. Қалай болғанда да, банктердің іріленуі Қазақстанның банк жүйесі үшін жағымды болмақ. Ал біздің банкке келсек, «ТұранӘлемБанк» онсыз да ірі банк. Ол тағы бір нәрсе сатып алса, онда мүлде іріленіп кетеді. Ал ол бізге қажет емес. Оған қоса Қаржы рыногын бақылау агенттігі оған рұқсат бермейді. Сол сияқты, осы агенттік әлгіндей қадамға баруға «Казкоммерцбанкке», «Халық банкіге» де тиым салады. Сондықтан, бұл үлкен банктердің Қазақстанда басқа банктерді сатып алуы екіталай. Ал, жалпы банктердің іріленуі мен бірін-бірі жұту процесі жүреді. Бұл – қалыпты құбылыс, - дейді «ТұранӘлемБанк» қызметкері Валентина Владимирская.

Дегенмен, Қазақстан Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Ғалым БАЙНАЗАРОВ жуық арада Қазақстандағы банктер көбеймесе, азаймайды деген пікір айтады:

- Себебі, мінеки: «Еуразиялық банк» құрылды. Сонымен бірге кеше президент Н.Назарбаевтың айтқан сөзіне қарағанда, тағы бір мемлекеттік банктің құрылуы ғажап емес. Ал екінші көлемдегі жекеменшік банктер біресе бірігеді, біресе ажырап жатады. Ал былайша олардың азаюы бойынша тенденция жоқ.

Бүгінде Қазақстанда барлығы 36 банк жұмыс істейді. Олардың алғашқы үшеуі банк жүйесіндегі бүкіл активтердің 60 пайызын иемденсе, алғашқы 6 банк барлық активтердің 80 пайызынан астамына қожалық етеді. Ал басқа қалған 30 банктің үлесіне тек активтердің небәрі 10 пайызы тиіп отыр. Мамандардың айтуынша, банктердің іріленуі оларға жұтылған ұсақ банктердің салымшыларына оң әсер етпек. Ал несие алушы шағын және орта бизнес өкілдерінің жағдайы іріленген банктердің стратегиясына байланысты болмақ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG