Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.04.2006 жыл


Қазақ тіліне қатысты Қазақстан президентінің соңғы кезде айтылған пікірі баспасөз бетінде әңгіме туғызыпты. Сондай-ақ жаңа үкімет құрамына енген жаңа министрлердің жоспарлары да сенбі күні шыққан газеттерде сөз болған. Мысалы, Мәдениет, Ақпарат және Спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев «Мәдениет және спорт» атты жаңа телеарна ашу мәселесін көтерсе, Әділет министрі Зағипа Бәлиев өз мекемесіндегі жемқорлықпен күресуге кіріскені белгілі болып отыр.

«Жас қазақ үні» газетінде Қазақстан президентін қазақ тілінің жағдайын жеткілікті түрде күйттемей отырғанын сынға алады. «Елбасының өзі: «Үкімет қазақша да, орысша да сөйлейді. Біздің халқымыз да солай. Қазақстанда 8 миллион 200 мың қазақ бар. Соның жартысы қазақша білмейді. Барлығымыз жабылып, алдымен соларды қазақша сөйлетейік, сонан кейін басқа мәселелерді көтеретін боламыз», деп жіберді. Ал керек болса, Мемлекет басшысының өзі мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған Парламент депутаттарын тиып тастап отырса», дейді газеттің бас редакторы Қазбек Иса. Бұл кезде жаңадан тағайындалған Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев бұрынғы министр Сауытбек Әбдірахмановқа «Егемен Қазақстан» газетінде берген сұқбатында тілді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын алға тартады. «Мысал үшін қазірдің өзінде 5 облыстың іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшірілгенін айтуға болады. Олар – Қызылорда, Оңтүстік қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Жамбыл облыстары. 2006-шы жылдың ішінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды о блыстарында және Алматы қаласында іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшіру жоспарланып отыр», - дейді министр Ермұхамет Ертісбаев. Сонымен бірге жаңа министр «қай партияға бүйрегі бұратынына қарамай, барлық бұқаралық ақпарат құралдарын қорғамақ ниетте». «Сондықтан да, мысалы, оппозициялық газеттердің мемлекеттік тапсырыс алу конкурстарына қатысу ниетін қолдайтын боламын», депті министр. Оның ойынша, «оппозицияға да, тиісінше, оппозициялық баспасөзге де елдегі жағдайды сараптаудың жаңа деңгейіне көтерілмей болмайды. Сайлау кезеңі «жаппай жамандау» тактикасы өзін-өзі ақтамағанын көрсетіп берді, қайта, оппозиция үшін кері әсер туғызды» деп есептейді Ермұхамет Ертісбаев. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат айдынын кеңейтіп, «Мәдениет пен спорт» телеарнасын құру керек шығар деген ой тастайды. «Мұндай теларнаны қоғамдық телевизия пішінінде құруға болатын шығар», - деп жоспарлайды Мәдениет, ақпарат және спорт министрі.

Ал келесі бір Үкімет мүшесі, «Әділет министрі Зағипа Бәлиеваның арманы бар: ол -өз мекемесін жемқорлардан тазарту», деп жазады «Эспресс К» газеті. «Ол үшін оған Ұлттық қауіпсіздік комитет мен Бас прокуратура жәрдем бермек». Былтырғы жылы Әділет министрлігіне қарасты құрылымдарда 29 қылмыс жасалып, 11 адам сотталған. Бұл мекемеде парақорлық, өз лауазымын және қызмет бабын асыра пайдалану сияқты қылмыс түрлері жиі кездеседі екен. Мысал ретінде министрдің өзі Алматы жылжымайтын мүлік орталығының оралмандардан, мемлекеттік жылжымайтын мүлікті тіркету бойынша заңсыз ақша жинауын, ойын-сауыққа 2,3 миллион теңгені ысырап етуін, Шығыс Қазақстан жылжымайтын мүлік орталығы басшысының 12 миллион теңгеге коттедж сатып алуын тілге тиек етіпті.

Ал казиноға миллиондаған ақшаның ысырап болатынын жазады «Жаса қазақ үні» газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, ұлттық компаниялардың бірінде вице-президент лауазымын атқарған Арман Қажығанов деген азамат казионаға 61 миллион теңгеден астам қаржыны рәсуә етіп, бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Анкара соты Түркия азаматы Түрғұт Тірәлінің Қазақстан Ұлттық банкісіне қарсы шағым-арызын қанағаттандырмай тастады деп хабарлайды «Казахстанская правда» газеті. Газет берген деректерге сүйенсек, Тұрғұт Тірәлі 1995-ші жылы «Интертекс» қазақ-түрік кәсіпорнынан 1800 күнге 5 миллион долларға «Қазкомқұрылысбанктің» векселін алады. Алайда, бүгінгі күнге дейін вексель бойынша ешқандай төлем жасалмайды. Сондықтан, түрік азаматының шағымы бойынша Түркияның құзырлы орындары 2005-ші жылдың маусым айында Түркияда тіркелген Қазақстан Ұлттық банкінің шоттары мен Түркия аумағындағы Қазақстан ұшақтарын тұтқындайды. Бұл қоғамды дүрліктіреді. Соның әсерінен 2005-ші жылы қараша айында «Эйр Астана» компаниясының рейстері едәурір кешігіп, Қазақстан азаматтарының құқықтарына нұқсан келтірілген. Соған орай Әділет министрлігі Түркия сот орындарының шешімімен келіспей, шағымданады. Ақыры биылғы жылдың қаңтар айының 18-інде бұл іс алынып тасталып, Түркия азаматының өтінішін Анкара соты қараусыз қалдырғанын жазады «Казахстанская правда» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG