Accessibility links

Иранның Қазақстандағы елшісі Мехмонпараст Ромин: “Ислам ғұрыптарын ұстанатын Иран ядролық қару жасамайды”


Ақпанның 6-сы күні Алматыда Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мехмонпараст Ромин БАҚ өкілдерімен жүздесті. Қазақстан мен Иран арасындағы сауда экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқандығын айтқан елші мырза қазіргі Иран төңірегінде қалыптастып отырған ахуалға тоқталды. Мехмонпараст Ромин: “Иран ядролық қару жасап жатыр деген қауесет белгілі бір мақсаттарды көздеп отырған мемлекеттердің ісі. Ислам ғұрыптарын ұстанатын Иран Ислам Республикасы мұндай әрекеттерге ешқашан бармайды”, деп мәлімдеді.

Қазақстандағы Иран елшісі Мехмонпараст Ромин алдымен мұнай, тұрғын үй жол құрылыстары, сондай-ақ ауылшаруашылығы саласы тауарларының экспорт-импорты бойынша Қазақстанмен қарым-қатынастағы Иранның әлемде мұнай өндіруден 4-ші, ал газ саласы бойынша 2-ші орын алатын мемлекет екеніне тоқталды. Елші мырза: “2005 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 900 млн. долларды құрады. Бұл көрсеткішті биылғы жылы бұдан әрі арттыра түсу ойымызда бар”, деді.

Мехмонпараст Ромин әңгімесінің екінші бөлігін Иран мен басқа мемлекеттер арасындағы қазіргі қалыптасып отырған ахуалға арнады. Ол: “Осыдан 27 жыл бұрын Иран мемлекеті Ислам революциясының жеңісіне қол жеткізді. Өз тағдырларын өз қолдарына алған ирандықтар осы уақыттан бастап тәуелсіз өмір сүруді қалады. Алайда сол 27 жылдан бері АҚШ және оның жақтастары Иран еліне қарсы саясаттарын тоқтатқан емес”, деді. Оның айтуынша, осы 27 жыл ішінде АҚШ пен оның жақтастары Иран елінде пайда болған террорлық топтарға қолдау көрсетіп келген. Мехмонпараст Ромин: “Иран елінің жетекшілеріне қарсы бірнеше террорлық әрекеттер орын алып, нәтижесінде Иран елі әлем бойынша террорлық әрекеттердің құрбанына айналып отыр” дейді.

“Қазіргі Иран ядролық қару жасап жатыр деген қауесет белгілі бір мақсаттарды көздеп отырған мемлекеттердің ісі. Осыдан 30 жыл бұрын атом энергиясы бойынша халықаралық МАГАТЭ ұйымының ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісіміне қол қойған Иран осы уақытқа дейін осы келісімдерді сақтап, сол келісім шеңберінде жұмыс істеп келеді. Әрі ислам ғұрыптарын ұстанатын Иран Ислам Республикасы мұндай әрекеттерге ешқашан бармайды. Осыдан 30 жыл бұрын Иранда американдықтардың билігі жүріп тұрғанда олар сол жерге атом электр станцияларын салу туралы бастама көтерген еді. Енді міне 30 жыл өтті. Иранда халық саны өсті. Олардың электр энергиясына деген сұранысыда артты. Осыған орай біздің атом электр станциясын салуымызға АҚШ пен оның жақтастары қарсы”, дейді Мехмонпараст Ромин.

Сондай-ақ, ол Иран мен Ирак арасындағы қақтығыстарға да АҚШ-тың қатысы бар. Иракпен болған қақтығыстарда Саддам Хусейн біздің елге қарсы жаппай қырып-жоятын химиялық және бактерелогиялық қаруды пайдаланды. Ол қаруды Саддам Хусейн Америкадан алғаны бізге мәлім дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG