Accessibility links

Әлихан Бәйменов саяси реформалар жолында «Ақ жол» партиясының депутаттық мандатын пайдалану керек деп есептейді


«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, партияның депутаттық мандатын Парламентте пайдалану жөніндегі мәселені наурыз айында өтетін алтыншы съездің күн тәртібіне енгізгендіктерін жариялады. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов президенттің төрағалығымен өтетін демократияландыру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысына партияның қатысуы туралы шешім қабылдадық, дейді.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов өткен аптада партияның аймақтық филиалдары мен өкілдіктері басшыларының қатысуымен партия жұмысының алдағы мақсаттары жөнінде мәжіліс өткенін хабарлады. Сонымен ол мәжілісте екі мәселенің шешімін тапқанын айтты. Біріншісі, партияның депутаттық мандатын пайдалану болса, екіншісі үстіміздегі жылдың ортасында президенттің төрағалығымен өтетін демократияландыру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысына қатысу. Сонымен бірге ол «Ақ жол» партиясына мүше болып бұрынғы сенатор Уалихан Қайсардың қабылданғанын айтты. Ал депутаттық мандатты пайдалану мәселесі наурыз айында өтетін партияның алтыншы съезінде шешіледі деді Әлихан Бәйменов:

– Үлкен сайлау өтті. Өткенге салауат дейді. Әрі қарай елді алға қарай жылжытатын істерде мұрындық болу керек. Ол үшін бүкі мүмкіндікті пайдалану керек. Мен бірақ мандат туралы айтқанда жеке Бәйменовтің баратыны туралы айтып отырған жоқпын. Партия жалпы өзінің мандатын пайдалану туралы ұсыныс жасаймыз дедік. Ал ол кім болады? Мен болам ба, жоқ одан кейінгі тізімдегі адамдар бола ма, оны съезд шешеді, – деді Әлихан Мұхаммедияұлы.

2004 жылы өткен Парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша «Ақ жол» партиясы партия тізімімен бір депутаттық мандатқа ие болған.тын. Партия тізімі бойынша бірінші кезекте Әлихан Бәйменовтің өзі тұр. Ал екінші болып, сол кезде бұрынғы Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының аты-жөні тұрған.

Бірақ Әлихан Бәйменов Алтынбек Сәрсенбайұлы партия қатарынан шығарылғандықтан, оның Парламент депутаты болуға мүмкіндігі жоқ, – дейді. Ал «Нағыз Ақ жол» партиясын құрушылардың бірі, Алтынбек Сәрсенбайұлы Әлихан Бәйменов Парламент сайлауынан кейін сайлау әділетсіз өтті деп, съезде депутаттық мандаттан бас тарту туралы шешімді өзі қабылдатты. Енді оның депутаттық мандатты пайдалану керек дегеніне айтатын пікірім жоқ, деді «Азаттық» радиосына:

– «Ақ жол» партиясының атында да, затында да, депутаттық мандатында да барлығымыздың үлесіміз бар. Бірақ билік партияның атын да, мандатын да Бәйменовтің қолына берді. Ал Бәйменов күн сайын пікірін өзгертеді. «Президенттік сайлау әділетсіз өтті» деді. «Біз қарсы боламыз, сотқа береміз» деді. Бірақ үш күн өтпей өзгеріп шыға келді «сайлаудың қорытындысын айтатын ол саясаттанушылардың шаруасы» деп. «Назарбаев жеңді келісімге келеміз» деді, – дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов болса, елге саяси реформалар жүргізу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек, дейді. Ал таяуда Қазақстанның бір топ зиялы қауым өкілдерінің «Нағыз Ақ жол» партиясының ресми тіркелуін сұрап Қазақстан президентіне ашық хат жолдауына байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов партияның ресми тіркелуіне қарсылығым жоқ, бірақ «Нағыз Ақ жол» деген партияның атауына қарсылығым бар деді:

– Ол Үндеудің ішінде біздің партияның мүшесі Арыстан Есентүгеловтің қолы бар. Оның ішінде кеше ғана біздің партия қатарына қосылған Уалихан Қайсардың да қолы бар. Бізге өтініш жасаса бізде қол қоюшы едік. Бірақ бір сұрақ бар менің көкейімде. Егер ол азаматтар шынайы саяси болашағы бар партия құрғысы келсе, «Ақ жолдың» атына жабыспас еді. Ол азаматтар өкпе мен реніштен биіктей алмай жүр, – деді Әлихан Бәйменов.

Енді Әлихан Бәйменовтің партия мандатын пайдалану туралы шешіміне саясаттанушы Болатхан Тайжан «Азаттық» радиосына төмендегідей пікірін білдірді:

– Бұл таңғалардық оқиға екен. Өйткені бұл адамдар 2004 жылғы сайлауды әділетсіз өтті, заң бұзушылықтар болды деген еді. Енді келіп сол өздерін өздері жоққа шығарып жатқан сияқты. Бұл жалпы саясаткерлерге лайықты мінез, лайықты қадам емес деп санаймын. Әлиханға силы көзбен қараймын, бірақ мына қадамын түсіне алмаймын, – деді саясаттанушы Болатхан Тайжан.

2002 жылдың наурыз айында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының мүшелері болған Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов және Болат Әбіловтер «Ақ жол» партиясын құратындықтарын жариялады. Кейін оларлың қатарына Қазақстанның бұрынғы Ресейдегі Елшісі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы келіп, «Ақ жол» партиясы бес тең төрағамен толыққан болатын. 2004 жылғы Парламент сайлауында тәуелсіз экзит пулдың қорытындысы бойынша, «Ақ жол» партиясы сайлаушылардың басым дауысына ие болған. Алайда Парламент сайлауы өткеннен кейін бес тең төраға екіге бөлініп кетті. Сот шешімімен «Ақ жол» партиясы Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова қалса, Болат Әбілов, Алтынбек Сәрсенбайұлы және Ораз Жандосовтар қайтадан «Нағыз Ақ жол» партиясын құратындықтарын жария етті.
XS
SM
MD
LG