Accessibility links

Американың 2007 жылға сұралып отырған 2,77 триллион доллар бюджетінің 16 пайызына таяуы қорғаныс саласының мұқтаждарына бөлінбек


Американ Президенті 2007 жылға арналған бюджеттік ұсынысын АҚШ Конгресіне дүйсенбі күні жолдады. Бұл бюджетте қорғаныс саласының мұқтаждарына бұрын болмаған көлемде қаржы – 439 миллиард доллар бөлу сұралып отыр. Пентагонда өткізген баспасөз мәслихатында Американ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд бұл ақша Американың терроризмге қарсы күрес және әдеттегі соғыс жағдайындағы мүмкіндіктерін көтеруге жұмсалмақ деп мәлімдеді.

Қазанның 1-інде басталатын келесі қаржы жылына Пентагонға бөлінетін қаржы Американ Қорғаныс Министрлігінің қазіргі бюджетінен жеті пайызға таяу артық болғалы отыр. Жинап келгенде келесі жылғы қорғаныс шығындарына 439,3 миллиард доллар сұралуда.

Американың Ирақ пен Ауғаныстандағы әскери және басқа да әрекеттеріне орай Конгрестен мұның сыртында тағы да қосымша 120 миллиард доллар қаржы сұралып отыр.

Кеше (aқпанның 6-сында) Пентагонда өткізген баспасөз мәслихатында Американ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд бұл ақша Американың терроризмге қарсы күрес және әдеттегі соғыс жағдайындағы мүмкіндіктерін көтеруге жұмсалмақ деп атап өтті.

"Президенттің Қорғаныс министрлігіне сұрап отырған бюджеті өткен жылғымен салыстырғанда артығырақ болмақ. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары деп есептелетін басты мәселелерді қамту үшін қажет. Атап айтқанда, бұл АҚШ, американ халқын, оның мүдделерін қорғау үшін, қолбасыларына кез келген жағдайда әрекет ете алатын мүмкіндік беру үшін, әдеттегі соғыстарға, сондай-ақ әдеттегіден тыс әскери әрекеттерге дайын болу үшін, және ең бастысы, бізбен ынтымақ елдермен тығыз жағдайда жұмыс істеу үшін қажет", - деді АҚШ Қорғаныс министрі.

Дональд Рамсфельд, өзінің сөзімен айтқанда қауіпсіздікке салынған инвестиция ретінде бөлінбек бұл қаржының орасан екенін мойындай отырып, бұл қаражат АҚШ-ың жалпы ұлттық өсіміне салғанда 4 пайыздан да кем боп шығатынына да назар аударды.

Шығын ең көп кететін жобалардың бірі әскердегі дивизиондарды аз уақыт ішінде кез келген жерге түсіруге болатын әскери бригадалар етіп қайта құру жоспары болып отыр. Бұған 6,6 миллиард доллар сұралып отыр.

Мұндай әскери жасақтарды құру артилеррияға, әскери мәшинелерге, бронежилеттерге деген сұранысты күшейтпек. Бұл шығындарға қосымша 6 миллиард доллар бөлінуі сұралды.

2007 жылғы бюджетте қорғаныс саласының мұқтаждарына сұралып отырған қаражаттың ендігі бір бөлігі әдеттегі соғыс әрекеттеріне қажет қару-жараққа жұмсалмақ. Оның қатарында сүңгуір қайықтарға қарсы соғыса алатын жаңа кемелер, жаңа қырғи ұшақтар аталып отыр.

Сонымен қатар, терроризмге қарсы күреске де едәуір қаржы бөлінбек. Бұл тұрғыда, мәселен шетелдегі террорлық топтарға қарсы әрекеттерде қажет адамы жоқ барлау ұшақтарын жасап шығаруға арнайы қаржы бөлінбек. Партизандық топтарға қарсы күресе алатын американ арнайы жасақтарының санын да көбейту көзделуде. Мұндай әскердің саны қазір 50 мың болса, 2011 жылға қарай олардың санын 64 мыңға жеткізу көзделген. Жалпы алғанда, арнайы операцияларға 2007 жылы бөлінбек қаржы 5 миллиард доллар болмақ. Бұл 2001 жылғы дал осындай шығыннан екі есеге көп.

Сөйтіп, Американың 2007 жылға сұралып отырған 2,77 триллион доллар бюджетінің 16 пайызына таяуы қорғаныс саласының мұқтаждарына бөлінбек.
XS
SM
MD
LG