Accessibility links

Газеттер мен радио, телестанциялардың барлығы да мемлекеттік бақылауда болғандықтан, Беларус оппозициясы енді интернет технологияны пайдалануға бел буған


19-наурызда өтетін президенттік сайлау бәсекесіне қатысатын барлық кандидаттар өздерінің веб-сайттарын іске қосты, оны қолданушылардың көпшілгі онлайн жүйесінде пікіраталасқа қатыса алады. Дегенмен де сайлаудың үгіт-насихат науқаны барысындағы бұл жаңа технологияға алыс ауылдардағы тұрғындардың қол жеткізуі оңай емес. Беларустың ауылдық жерлерінде негізінен қазіргі президент Александр Лукашенкоға берілген, жақтастарды көптеп кездестіруге болады.

Сонымен интернет Беларус оппозициясы үшін ең маңызды қаруға айналып келеді. Біріккен оппозицияның бірегей кандидаты Александр Миленкевичтің баспасөз қызметін басқарушы Сергей Вазняк Миленкевичтің кандидат ретіндегі веб-сайты өткен жылдың қараша айында ашылғандығын және күн сайын ол веб-сайтқа қызығушылық танытып, кіретіндердің саны бір мың адамнан асатындығын айтады.

- Президенттік сайлау науқаны туралы жаңалықтар тұрақты жаңартылып отырады. Мұнда сондай-ақ Миленкевичтің өзі туралы ақпараттарды табуға болады. Веб-сайтта сонымен қатар сайлау науқанының белсенді қызметкерлері туралы да деректер бар. Бізде сондай-ақ елдің Миленкевич туралы білдірген пікір-көзқарастарын жариялайтын да секция жұмыс істейді. Адамдар сондай-ақ Миленкевичке сұрақтар бере алады, оған кандидат онлайн жүйесінде жауап қайтарып отырады. Веб-сайтта бізде бұлармен қатар түрлі видеоклиптер де бар.

Вазняк өз сөзінде интернет Беларуста бұдан бұрын 2001 жылы болған президенттік сайлау науқаны барысында да аса маңызды құрал болған дейді. Ол кезде интернетке қол жеткізе алатын адамдардың саны бар болғаны екі-ақ проценттей еді, ал қазір болса бұл көрсеткіш 15 процентке дейін өскен. Мұндай пікірмен Минскідегі тәуелсіз әлеуметтанушы Олег Манаев та келісіп, алдағы сайлауда интернеттің өте маңызды роль атқарары күмәнсіз дейді.

- Ең соңғы деректерге қарағанда, интернетті күнде пайдаланатындар мен жылына бірнеше рет кіретіндердің саны 23-24 процент, олардың тең жартысы күн сайын немесе аптасына бірнеше рет интернетті ашатындар, демек бұл шамамен бір миллионға жуық беларус, сонда барлығы 7 миллион сайлаушының бір миллионы, яғни 15 процентке жуығы деген сөз.

Алайда оппозиция өкілдерінің пайымдауынша, интернетті пайдалануда өзіндік кедергілер де жоқ емес. Минскідегі саяси стратегиялар институтының талдаушысы Валерий Карбалаевич интернетті қалалықтар мен оппозицияны қолдайтындар ғана пайдаланады дейді.

- Интернетті пайдаланатындар негізінен демократиялық бағытты ұстанатындар, оппозициялық құндылықты бағалайтындар. Сондықтан да олардың кандидаттардың веб-сайттарына кіретіндері табиғи нәрсе.

Беларуста жүргізілген сауалнамалар Лукашенконы қолдайтындардың басым бөлігі зейнеткерлер мен ауылдық жерлердің тұрғындары, немесе шағын қалаларда тұратын, қазіргі технологиядан алыста жатқан жұрт екендігін байқатқан. Ал "Беларуские новости" басылымының редакторы Кирилл Позняктың айтуынша, қарапайым халық, қоғам саясаттан шаршаған.

- Соңғы уақытта саяси белсенділік Беларуста біраз төмендеп кетті, бірқатар себептерге қатысты. Бұл, әрине, репрессиямен және оппозицияның іс-әрекеттеріне де көңіл қалушылықпен байланысты. Сондай-ақ адамдар қорқады. Олар елдегі жағдайдың өзгерер жолдарын көріп тұрған жоқ.

Сонымен қатар редактордың пікірінше, интернетті саяси ақпараттардан гөрі басқа түрлі себептерден пайдаланатындар көп, сондай-ақ Беларуста Ресей веб-сайттары кең тараған. Біріккен оппозиция кандидаты Миленкевичтің өкілі Вазняк өздерінің сайлау науқаны барысында мобил телефондарын пайдаланатындар үшін қалта телефоны арқылы хат жіберу әдісін де қолданатындықтарын айтады. Десек те, басты міндет адамдармен кездесу, әңгімелесулердің маңызды екендігін білеміз дейді олар.
XS
SM
MD
LG