Accessibility links

Sun Microsystems Интернетті пайдаланушыларға коды ашық бағдарламалық платформа ұсынады


Ақпанның 8-де Алматыда Sun Microsystems компаниясы әлемде бірінші болып жаңа буындағы интернет жүйесіне негіз болатын бағдарламалық платформасын еркін және тегін пайдаланысқа шығарғанын мәлімдеді. Мамандардың пайымдауынша бұл жаңа жүйе Қазақстандық софтверлік яғни жоғарғы технологиялық өндірістің дамуына септігін тигізбек.

Нарық заманындағы бәсекелестіктен бе, жоқ әлде жыл сайын жаңарып отырарлық жоғарғы технологияны қажет ететін ақпараттық технология талабы ма, батыстық бір ірі компания өздері шығарған Solaris Enterprise System атты жүйесін интернетке тегін де ашық қойғанын жариялап отыр. Демек, бұл жүйені пайдаланғысы келген тұтынушылар Интернеттен тегін, әрі жүйенің кілттерін де ашық көшіріп алып, пайдалануына болады.

«Sun тұтынушы IT технологиясының мамандарына не ұсынып отыр десек, ол – мамандарға қажет өнімдерді тегін беріп отыр. Демек софтверлік компаниялардың капиталдық шығындары Sun платформасына көшкен кезінде ең аз мөлшерде болады деген сөз. Тұтынушының жұмыс орны да арзандайды деген сөз», - дейді компания өкілдерінің бірі Мәлік Шаймұмамбетов.

Осы орайда айта кетерлігі, жоғарғы технология саласында аттары әлемге танымал Майкрософт, Оракл сынды компаниялардың өнімдерін пайдаланғаныңыз үшін лицензия сатып алуларыңыз керек, не интернеттен пайдаланғаныңыз үшін белгілі мөлшерде қаржы аударып тұруларыңыз керек, ал Sun болса “енді біздің өнімдерді тегін пайдаланыңыздар” дейді. Sun компаниясының аймақтық өкілі Тоқтас Оқсан мырза «қазіргі қарқын алып отырған ақпараттық даму заманында ары қарай бұрынғыдай жабық даму мүмкін емес, сондықтан біз ашық даму стратегиясына көшкенді жөн көрдік» дейді.

«Екіншіден, әрине, біз қайырымдылық ұйым да емеспіз, біз коммерциялық компаниямыз, бірақ біз ашық стратегиямыз арқылы тұтынушыларымыздың санын күрт көбейтеміз деп сенеміз, ал ол өз кезегінде коммерциялық мүмкіндіктерімізді арттырады деп үміттенеміз», - дейді Sun компаниясының аймақтық өкілі.

Бірақ информациялық технология маманы, осы жобаның үйлестірушісі Олег Гусар: «біздің компанияның өнімдерін барлығы тегін пайдаланғанымен , оны қолдап тұратын қосымша үшін қаржы төлеуге тура келеді» дейді. Міне, мәселе қайда жатыр!

Қарама-қайшылыққа толы Қазақстан жұртшылығы енді-енді «дилер, менеджер, маклер, брокер» сынды нарық заманының терминдеріне құлағы үйрене бастағанда «Софтверлік өндіріс, сервер, веб, IT технология» сынды жаңа сөздер айналысқа түсе бастады. Әрине, «түсе бастады» дейтініміз - Қазақстанда жоғарғы технология мамандар ғана бұл саланы жетік білмесе, көпшілікктің одан хабары шамалы. «Жоғарғы технологияны қоя тұрып, жәй интернет Қазақстанда қаншалықты дамыған?» деген сауалымызға, Қазақстандағы IT компаниялары ассосациясының төрағасы Серік Құшпанов:

«Қазақстанда ондай зерттеулер арнайы жүргізілмесе де интернет өте нашар дамыған», - деп жауап берді.

Сондай-ақ мамандар Қазақстанда интернет жүйесіне қажет каналдарды пайдалану көрші Ресеймен салыстырғанда 7-10 есе қымбат екендігін айтады. Осындай ахуалда қандай да IT технологияның дамуы туралы сөз қозғау қаншалықты орынды? Дегенмен Sun компаниясының өнімдерін Қазақстанның белді-белді банктерінің бәрі дерлік пайдаланады екен.
XS
SM
MD
LG