Accessibility links

2005 жылы Қазақстанда бейбіт уақытта төтенше жағдайлардың кесірінен мың жарым адам қаза болды және 6 мыңнан астам адам жарақат алды


2005 жылы Қазақстанда бейбіт уақытта төтенше жағдайлардың кесірінен мың жарым адам қаза болды және 6 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл туралы 9 ақпанда Астанада төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов алқа отырысында хабарлады. Оның айтуына қарағанда адамдардың көбі өрт кезінде мерт болған. Ал, өрт сөндіруде қолданылатын құтқару техникасының тозығы жеткен, дейді мамандар.

Жалпы төтенше жағдайларға бірнеше апат түрлері жатқызылды. Оның ең қауіптісі әзірге өрт апаттары. Өрт апаттарының 70 пайызы тұрғын үйлерде болған. Оның сыртында базарларда 580 өрт апаты болған. Өрттің жалпы шығыны 8 миллиард теңгеден асады. Өрт кесірінен 638 адам көз жұмды. Төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмахановтың айтуынша, адам құрбандары тілсіз жаудан көп болған:

- Ең көп құрбандары болған өрттен, өйткені үйде көбінесе кішкене ішімдік жағдайынан, газдан, тұрмыстық жағдайлардан көп болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының айтуына қарағанда өрт апаттарының жиілеп кеткендігі жергілікті атқару органдарының және жеке мекемеле жетекшілерінің өрт қауіпсіздігіне тиісті көңіл бөлмеуінен болған. Жергілікті әкімшіліктерде құрылған комиссиялардың құрамында кейде тіпті өрт сөндірушілер болмай шыққан. Соның кесірінен өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған, дейді мамандар. Ал, республикадағы 54 мыңнан асатын өрт сөндіруде қолданылатын гидранттардың 20 пайызы істен шыққан екен. Оның сыртында, өрт сөндіруде қолданылатын 6 мыңға жуық су қоймаларының мыңға жуығы қолдануға жарамсыз, дейді төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі айтып өткендей, республикада төтенше жағдайларда қызмет жасайтын құтқару техникаларының тең жартысынан астамы ескірген. Осы уақытқа дейін, территориясы үлкен Қазақстанда не бәрі бірнеше тік ұшақ жұмыс істеп келген, дейді мамандар. Төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмахановтың айтуынша, техника тозған:

- Біздің техникамыз ескі, нормаға жатпайды. Әсіресе өртке қарсы техника. Бізде әр облыс орталығында 10 қабаттан биік үйлер бар, тағыда салынып жатыр биік үйлер. Бізде 10 қабатты үйден жоғары шығатын машина жоқ, соған 54 метрлік машина алып жатырмыз.

Өрттен кейін адам құрбандары санынан екінші орында тұрған жол апаттары. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бұл апаттардың 80 пайызында жүргізушілер кінәлы болып шыққан. Ал, Ішкі істер министрлігінің басшылығы хабарлағанадай, жақын болашақта Қазақстандағы автокөліктер саны екі есеге дейін артып шыға келеді. Ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Шпекбаев айтып өткендей, әзірге полиция шет елдер тәжірибесін зерттеп, бейнекамералардың санын көбейтіп жатыр. Соңғы зерттеу көрсеткендей Алматыдағы тек бір бейнекамерада автокөлік жүргізушілерінің ереже бұзған 2000 фактісі тіркелген. Бұл жол полиция басқармасының бір апталық жұмысынанда артық, дейді ішкі істер министрлігінің басшылығы.

Ал, дәрігерлер болса, құс тұмауынан сақтану керек деп дабыл қағып отыр. Алматылық Республикалық санитарлы-эпидимиологиялық стансаның бас дәрігері Кеңес Оспановтың айтуынша, Қазақстанға құс тұмауы таралуы ықтимал:

- Әрине қауіп бар. Былтыр Павлодарда вирус табылды құстар арасында. Қазақстанда 15 миллион адам болса, оның 3 пайызы тұмайға қарсы егілді, бұл жылдағыдан көп. Себебі құс тұмауына қарсы әлемде дәрі жоқ, ал адамдар тұмаудан егілсе мутация болмайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы болса әр түрлі індеттер лаңкесшілерменде таратылуы мүмкін деген пікірде, сондықтан бюджеттен бөлінген арнайы қаржыға әсіресе мұнай кен орындарын қорғауға жабдықтар және оқ өтпейтін кеудешелер алуға тендер өткізілді деп хабарланып отыр. Ал, Алматылық Республикалық санитарлы-эпидимиологиялық стансаның бас дәрігері Кеңес Оспановтың айтуынша, Қазақстанға биотерроризмге қарсы қаржы бөлінген:

- 80-нің үстінде әр түрлі пакеттер алдық. Біздің еліміз биотерроризмге дайын болуы керек. Бізде бірінші рет 1991 жылы алдық осы пакеттерді Азиядағы бір мемлекеттерден. Қаржы бөлініп жатыр, осы 5 жылдың ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша үкімет зертханаларды жақсарту үшін 7 миллиард теңге бөледі.

Ал, төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмахановтң айтуынша жалпы биыл министрлікке 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық. Және осы мақсаттарға бөлінетін қаржы жыл сайын ұлғайтылып отырады.
XS
SM
MD
LG