Accessibility links

Ресейдің Хамаспен келіссөз өткізбек жоспарына Израиль қарсы


Палестин сайлауларында жеңіске жеткен Хамас тобын Мәскеуге шақырып, олармен келіссөз өткізу жөніндегі Ресейдің жоспарын Израиль қатты сын астына алып отыр. Израильдағы кей саясаткерлердің айтуынша, мұндай қадам Таяу Шығыс бейбіт келіссөздеріне қауіп төндіруі мүмкін. Алайда, Франция Ресейдің мұндай жоспарын қолдауы мүмкін екенін байқатып отыр.

Ресейдің Хамас жетекшілерін Мәскеуге шақыру жоспарына орай өз сыни көзқарасын Израиль тағы да білдірді. Израиль СİМ Тзипи Ливни Ресей Президентінің мұндай ұсынысын жексенбі күні тағы да қатты сын астына алды. Израиль әскери радиосынан сөйлеген сөзінде ол: "Ресейдің мұндай шақыруы орынсыз, қажетсіз және мұның кері әсері болады", дей келе, бұл ұйымның Палестин сайлауларына қатысуы "террорлық ұйым боп табылатын Хамасты ақ етпейді", деп түйді.

Израиль үкіметінің мүшесі Тзанхи Ханегбидің сөзінше, Израиль Ресей Президентін Хамасты заңдастырмауға көндіруге тырысады.

"Халықаралық қауымдастықтың басқа да мүшелерімен тізе біріктіре отырып Израиль Ресей ресми орындарын және Ресей Президентін Хамас террорлық ұйымын заңдастырудан сақтандыруға тырысады", - деді Израиль үкіметінің мүшесі Тзанхи Ханегби.

Бұл екі арада, Хамас жетекшілігі Мәскеуге үстіміздегі айда бару жоспарлары бар екенін растады. Олардың сөзінше, Ресей бұл сапарға байланысты қандай да бір шарт қоймайтын тәрізді.

Газа қаласында жасаған мәлімдемесінде Хамас жетекшісі Исмаил Абу Хание бұл шақыруға байланысты Хамастың қанағаттанғандық сезім білдіретінін атап өтті:

"Хамас Исламдық қарсыласу қозғалысы көрші араб және мұсылман әлемімен арадағы келіссөздерді жалғастыра отырып, халықаралық қауымдастықпен келіссөздерді жоспарлай отырып, Ресей Президенті Путиннің шақыруын құрметпен қабыл алады, біз таяу арада, сәті түскенде Ресейге сапармен баруға әзірміз", - деді Хамас уәкілі Исмаил Абу Хание.

Бұл екі арада, қатаң сынға қарамастан, Ресей Хамаспен келіссөз өткізбек жоспарынан бас тартпайтынын анық байқатып отыр. Ресей, сондай-ақ, олардың үлгісімен таяу арада басқа елдер де Хамаспен арада батйланыс орнатады деп сенетіндігін жасырмауда.

Ресейдің Таяу Шығыстағы арнайы елшісі Александр Калугиннің айтуынша, ол Палестин әкімшілігінің жетекшісі Махмуд Аббаспен болған әңгімеде Ресей Хамастан Израильге байланысты көзқарасын өзгертуді сұрайтынын айтқан. Бұл мәлімдемесін Калугин жексенбі күні Рамаллада Аббаспен болған кездесуден кейін жасады.

Оның сөзінше, Ресей Хамастан Израильды мойындауды, терроризмнен бас тартуды және Израильмен арадағы барлық палестиндық келісімдерді жүзеге асыруды сұрамақ.

Франция сыртқы істер министрлігі Ресейдің Хамасты келіссөзге шақыруы қазір қалыптасып отырған жағдайды ілгерілетуге ықпал етеді деген сенімі барын мәлімдеді.

Таяу Шығыс бейбіт келіссөздеріндегі негізгі ара ағайын боп табылатын АҚШ, Ресей, Европа Одағы және БҰҰ Хамас тобы зорлық атаулыдан бас тартып, Израильды мойындауы қажет екенін, сондай-ақ Израиль мен болашақ Палестин мемлекетінің қатар бейбіт өмір сүруіне жетелейтін "жол картасы" атты бейбіт келіссөздерді қабыл алуы қажет екенін мәлімдеумен келеді.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG