Accessibility links

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы Алтынбек Сәрсенбайұлы саяси қастандықтың құрбаны болды деген мәлімдеме жасады


Ақпанның 14-і күні Алматыда “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан оппозициясы қайраткерлерінің бірі, бұрынғы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі серігінің белгісіз жағдайда қазаға ұшырауына орай, баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш қозғалыстың өкілдері «Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы оппозиция қайраткерінің ой-көзқарасына қарсы тапсырыспен жасалған саяси өлім екеніне еш күмән жоқ» деп мәлімдеме жасады.

Сейсенбі күні Алматыдағы Ұлттық баспсөз клубында өткен баспасөз маслихатына «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшелері толық құрамда қатысты.

“Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі серігі жас азаматтар Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтер қанды қол қарақшының қолынан ауыр қазаға ұшырады. Бұл үшеуін қолдарын қайырып байлап, қала сыртына алып шығып бастарынан, арқаларынан қарақшылықпен атып өлтірген. Біз бұл өлімнің жоғарыдағы биліктің тапсырысымен болған саяси өлім екендігіне күмәніміз жоқ!” – деді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Дүйсенбі күні кейбір қазақстандық ақпарат құралдары Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі серігі аң аулап жүріп қаза тапты деп ақпарат таратқан болатын. Алайда, А.Сәрсенбайұлының пікірлес серіктері оппозиция қайраткері өз көзқарасы үшін қастандық құрбаны болды деп есептейді.

«Жақын күндері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қандай да бір деректердің беті ашылып, кінәлілер жазаланбаса, орын алған қазаға қазіргі биліктің де қатысы бар деп санаймыз. Сондықтан Қазақстан президентінен халық алдында есеп беріп, парламенттің төтенше отырысын шақырып елде орын алып жатқан заңсыздықтарды тоқтатуын талап етеміз», - деді Жармахан Тұяқбай.

Алайда, өз сөзінде Жармахан Тұяқбай, бұл қылмыстың беті ашылып, кінәлілер жазасын алады дегенге сенімдері аз екенін айтып, осы оқиғаның анық-қанығын тексеретін арнайы қоғамдық комиссия құрғандарын мәлімдеді.

Ал Алтынбек Сәрсенбайұлымен үзеңгі қағыстырып қатар жүрген саясаткер Болат Әбілов:

«Алтынбек өмірінің соңғы сәтіне дейін Қазақстанның болашағы үшін күресіп жүріп қапыда қаза тапты. Бұл өлімнің жоғарыдағы кабинеттің тапсырысымен болғанына күмәнім жоқ. Қазіргі биліктің бұл әрекеті оппозицияда жүрген саясаткерлерді қорқыта алмайды. Біз қандай жағдайда да аяғына дейін баруға әзірміз», деді.

Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері бұл мәселеге қатысты тергеу-тексеру жұмыстары аяқталған соң ғана істің нәтижесі хабарланатынын айтады.

Осы орайда айта кетер жайт, оппозиция өкілінің кісі қолынан қаза тапқаны туралы суық хабардан кейін жұрт арасында: “Алтынбек Сәрсенбайұлы жақын күндері билікке жақпайтын мәлімдеме жасап, оны баспасөз бетінде жарияламақ болыпты-мыс” деген алып-қашпа әңгімелер айтылған болатын. Бұл мәселеге қатысты “Әділетті Қазастан үшін” қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі, “Нағыз Ақжол” партиясы тең төрағаларының бірі - Төлеген Жүкеев:

“Бізде қоғамнан жасыратын ешнәрсе жоқ. Алтынбек құпия мәселелерді біліп, сол үшін қаза болды деп айтуға болмайды. Билік Алтынбек Сәрсенбайұлының білімділігінен, өмірлік ұстанымдары мен қабілеттілігінен қорықты. Билік оны болашақта қарсы шығып күрделі жұмыстар жасап қоя ма деген қорқынышпен өлтіріп отыр. Басқа себеп жоқ, мәселе - саясатта”, - деді.

Ал әлемде түрлі саяси оқиғалар орын алуда. Бүгінгі таңда сол саясаттан бейғам жатқан Қазақстанды ояту үшін үшінші бір күшлердің Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне әсері жоқ па деген сауалға, Қазақстан Коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин:

“Бұл жерде шетелдің іс-қимылы жоқ. Жалпы, біздің елімізде адам ату деген құс атумен бірдей болып кетті. Ол біздің ішкі саясатымыздың салдары”, - деген жауап берді.

Сәрсенбі, ақпанның 15-і күні таңертеңгі сағат 10-бастап Алматыдағы Ғылым Академиясының ғимаратында марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.
XS
SM
MD
LG