Accessibility links

Европа Одағы карикатураларға орай туындаған шиеленіске өз көзқарасын қатайта түсті


Мұхаммед Пайғамбарды мазақ қылған карикатураларға орай мұсылман әлеміндегі наразылық шерулері одан әрі жалғасуда. Шеруге шыққандар Европа Одағы үкіметтері кешірім сұрауы тиіс деп талап етсе, бұл мемлекеттердің ресми өкілдері өз елдеріндегі баспасөзді қадағаламайтынын әлем түсінуі тиіс деп отыр.

Мұхаммед Пайғамбарды әжуа қылған карикатураларға орай мұсылман елдерінде болып жатқан наразылық шерулерінің қатарында Пәкістанда соңғы үш күн бойы жалғасып отырған шерулер ерекше аталып отыр. Бүгін Пешауар және Лахор қалаларында шерушілер кинотеатрлар мен түрлі кеңселерді өртеумен болды.

Полицияның хабарлауынша, Пешауардағы шеруге 70 мың адам шыққан. Сөйтіп, бұл бұған дейінгі наразылық шерулерінің ең көлемдісі болып отыр.

Шеруге шыққандардың кейбірі қарақшылық әрекеттеріне жол берген. Полиция бұған жауап ретінде таяқ және көз жасаурататын газ қолданған. Хабарларға қарағанда, жаппай қарбаласта, қатарында сегіз жасар бара бар, жиыны үш адам құрбан болған.

Филипин астанасы Манилада наразылық шеруіне шыққан жүздеген адам Дания елшілігі алдында Дания туын өртеп жіберген. Елдің оңтүстігіндегі Минданао аймағы мұсылмандарының жетекшісі, депутат Муджиб Хатаман шерушілер Дания үкіметінің ресми түрде кешірім сұрауын күтуде деп мәлімдеді.

"Біз олардың Jyllands Posten газетінің әрекетін айыптауын қалаймыз. Олардың Jyllands Posten газетінің карикатуралары үшін, өз халқы атынан бізден кешірім сұрауын қалаймыз", - деді Филипиндық депутат Муджиб Хатаман.

Алайда, Европалық Комиссия Президенті Жозе Мануэл Баррозоның айтуынша, Европалық үкіметтер мұндай қадамға бара алмайды. Өйткені, Европа Одағына мүше ел үкіметтері өз еліндегі жеке адамдардың, яки тәуелсіз басылымдардың әрекетіне жауап бере алмайды. Страсбургте Европалық Парламент алдында сөйлеген сөзінде Баррозо мұсылман әлеміндегі жұрт осыны түсінетін уақыт жетті деді.

"Үкімет яки басқадай ресми мекеме жеке адамға қандай пікірді ұстану қажеттігін бұйыра алмайды. Сол сияқты, жеке адам айтқан пікір тек сол адамның өзіне ғана қатысты. Оған мемлекеттің де, халықтың да, діннің де еш қатысы жоқ", - деді Европалық Комиссия Президенті Жозе Мануэл Баррозо.

Ол сонымен қатар, Ислам және оның Европа тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесіне өз басы үлкен құрметпен қарайтынын атап өтті. Алайда ол сөз бостандығын қорғап, бұл мәселесінің "саудаға түсуі мүмкін" емес деді.

Бұл екі арада, Иранда шығатын Хамшахри газетінің бас сарашысы Мұхаммед Реза Заери Батыс елдерінің сөз бостандығы саясатын тексеретін уақыт келді деп мәлімдеді. Ол әлем елдері, оның сөзімен айтқанда, "АҚШ пен Израильдың миллиондаған халықты басып жаншуы мен өлтіруі" жағдайына қарсы шығуы тиіс деп айтқан.

Тегеран қалалық әкімшілігі шығаратын бұл газет Мұхаммед Пайғамбарды әжуа қылған карикатураларға қарсы шара ретінде еврейлердің 2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде бастан өткерген зұлматы Холокостты әжуалайтын карикатураларға жарыс жариялаған болатын. Бұл шараны бірқатар үкіметтер, сондай-ақ әлемдегі еврей қауымдастықтары, оның қатарында Иранда тұратын еврейлер қауымдастығы сын астына алды.

Сарапшылар Мұхаммед Пайғамбарды әжуа қылған карикатураларды алғашқы боп жариялаған Даниялық Jyllands Posten газетінен айырмасы Иранда шығатын Хамшахри газетін үкіметтен тәуелсіз деп атауға болмайтынына назар аударып отыр. Газетті Тегеран қалалық әкімшілігі шығарып келеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG