Accessibility links

Қазақстанның ақпарат министрі баспасөз туралы заңды халықаралық талаптарға сәйкестендіргісі келеді


Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев республиканың “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңы халықаралық стандарттарға сай болғанын қалайды. Мұндай пікірін министр Алматыда дүйсенбі күні адам құқығы мәселесіне арналған отырыста мәлімдеді. Бақылаушылардың пікірінше, мұндай талап үстіміздегі жылы іске асуы мүмкін, бірақ кейбір журналисттер жаңа тағайындалған министрдің сөзіне күмән келтіретіндерін айтады.

Қазақстан үкіметі республика президентінің тапсырмасы бойынша, әлемдегі үздік 50 мемлекеттің қатарына қосылу үшін республика заңдарының, соның ішінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның халықаралық стандарттарға сай болуына үлес қоспақшы. Бұл туралы Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев мәлімдеп отыр. Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын бейүкіметтік ұйым - “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженова, ондай заң дұрыс шығу үшін мамандар бір ортақ шешімге келуі тиіс деп санайды.

- Әңгіме мынада болып тұр: біз халықаралық стандартты өзімше түсінуіміз мүмкін, ал билікте отырғандар оны басқаша түсінуі ықтимал. Егер де мүмкіндік пайда болып, бұл заң жобаны әзірлеп жатқан түрлі ұйымдар, яғни “Әділ сөз” қоры, Журналистер Конгрессі және басқада ұйымдар барлығы кездескенде ортақ бір шешімге келсе, біз тек қуанамыз, - дейді Ғалия Әженова.

Сарапшының пікірінше, көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше заңы өзгерту керек.

- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды Қылмыстық кодекстен немесе Азаматтық кодексстен және де басқа заңдардан жеке дара бөліп қарауға болмайды. Егер біз өзіміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңымыз халықаралық стандартқа сай болсын десек, онда жоғарыда атап өткен заңдарға да өзгеріс енгізу керек. Себебі, журналист жұмысы барысында атқарған жұмысы бойынша, Азаматтық кодекс бойынша немесе Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартыла алады. Сондықтан біз осының барлығын ескеруіміз керек», – дейді “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженова.

Ал, Қазақстан парламентінің депутаты, «Отан» партиясының мүшесі, журналист Уалихан Қалижан бүгінгі таңда мемлекетте бар бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайына наразы емес.

- Қазақстанның өзінің даму, өзінің демократиялық, әлеуметтік жағдайына байланысты, бүгінгі талаптарға сай келетін бұқаралық ақпарат құралдары бар. Қазіргі кезде бізде екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары бар, оның 80 пайызы жеке тұлғалардың, олигархтардың, партиялардың құралдары болып келеді.

Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт министрінің мемлекетте бар заңдарды халықаралық стандартқа сай келтіру керек деген жоспарына журналист әрі саясаткер Әміржан Қосанов сенбейтінін айтады.

- Біздің қазіргі билік басындағы азаматтар еш уақытта баспасөз саласын дамытуға бармайды, себебі, олай болған жағдайда мемлекеттегі саяси жүйенің негізі өзгереді. Бірақ, Қазақстан 2009 жылы ОБСЕ ұйымына төрағалық ету үшін мемлекет шенеуніктері осындай мәлімдемелер жасауы мүмкін, - дейді Ә.Қосанов.

Ал журналист Нұртөре Жүсіптің ойынша, қазақстандық мамандар республикадағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң халықаралық талаптарға сай келсін деп, күресіп жатқанда мемлекеттік тілдегі интернет басылымдар артта қалып отыр.

- Қазір күллі әлем елдері интернет арқылы ақпарат таратып, маңызды ақпаратты жеткізіп отыр. Ал қазақ елінде қазақ тілі интернет сиякты осындай жүйеге қол жеткізе алмай отыр. Мәселе тек қазақ тілінде емес, мәселе бұған мемлекет тарабынан, ақшасы бар азаматтардың көңіл аудармай отырғандығында, - дейді журналист Н.Жүсіп.

Бірқатар мамандар халықаралық стандарттарға сай келетін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң Қазақстанда үстіміздегі жылдың аяғына дейін дүниеге келуі мүмкін деген пікірі білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG