Accessibility links

Араб Әмірлігіне алдап-арбау жолымен апарылып, жезөкшелікке салынған жастары кәмелетке толмаған қазақстандық 6 қыздың шағымдары бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды


Араб Әмірлігіне алдап апарылып, жыныстық қызмет көрсету құлдығына түскен жастары кәмелетке толмаған 6 қыз бала елге қайтарылды дейді Қарағанды облыстық прокурордың аға көмекшісі Серік Омарқұлов «Азаттық» радиосына сәрсенбі күні. Оның сөзіне қарағанда, әзірге шетелге кеткен тағы 2 қыз табылмай отыр. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, биылдан бастап шетелдерде құлдыққа ұқсас жағдайға түсетін Қазақстан азаматтарын қайтару және оларға көмек көрсету мақсатында мемлекет бюджетінен 100 мың доллар бөлініпті.

Қарағанды облысында былтырғы жылғы қыркүйек айында Араб Әмірілігіне алдап-арбау жолымен жастары кәмелетке толмаған 8 қыз бала әкетіліп, оларды жезөкшелікке салу мақсатында сол жақта ұстаған. Алайда, кейін олардың 6-ының қайтып оралуына байланысты жалпы саны 18 қылмыстық іс қозғалды дейді Қарағанды облыстық прокурордың аға көмекшісі Серік ОМАРҚҰЛОВ:

- Алдында осыған қатысты 1 іс қозғалған болатын. Бірақ, тергеуге берілген 2 ай мерзім өтіп, нақты кінәлайтын, айыптайтын адамдар табылмағандықтан, іс тоқталған еді. Алайда желтоқсан айында бір қыз қайтып келген соң, сол іс қайтадан көтеріліп, оған қоса тағы 2 қылмыстық іс қозғалды. Ал қаңтар айында Араб Әмірлігінен тағы 5 қыз қайтап келген соң әлгілерге қоса тағы 15 қылмыстық іс қозғалған. Яғни, бүгінгі күні Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде 18 қылмыстық іс өндірісте қарауда бар.

Қарағандылық қыздарды делдалдар Араб Әмірілігінен жоғары ақылы даяшы, бала күтуші, фотомодель жұмыстарын тауып береміз деген уәдемен әкеткені айтылып отыр. Әйтсе де, ол жақта олардың құжаттарын алып алып, өздерін жезөкшелікке салған, өте ауыр жағдайда ұстаған, дейді елге оралған бойжеткендердің қорғаушысы әрі Халықаралық көші-қон ұйымының қызметкері Айна ШОРМАНБАЕВА:

- Олардың жағдайы жақсы болды деп айтуға, әрине болмайды. Ең алдымен құжаттарын алып алады да, сонан кейін мойындарына көп мөлшерде қарыз асып, соны қайтарып бергенше оларды ешқайда жібермейді. Қолдарына ешқандай құжат та, ақша да бермейді. Ал егер қарсылық көрсетсе, ұрып соғады.

Мәжбүрлікпен жезөкшелікке салынған 8 қыздың 1-і былтыр желтоқсан айында келсе, қалған 5-і Араб Әмірлігіндегі Қазақстан елшілігінің көмегімен елге қайтарылған дейді Қарағанды облыстық прокуратура қызметкері Серік Омарқұлов:

- Біреуінің берген мәліметтеріне қарағанда, ол өз құжаттарын жаңағы адамдардан ұрлап алып алып, елге қашып келген. Қалған 5 қыз өз үйлерімен ұялы телефон арқылы хабарласып тұрған. Сонан кейін ыңғайы келгенде жағдайларының қандай екенін айтқан. Ата-аналары Араб Әмірлігіндегі Қазақстан елшілігі арқылы оларды алып шыққан.

Ал қалған 2 жасөспірімді заң қорғау қызметкерлері әлі таба алмай отыр. Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Рысқали ДӘУРЕНБЕКТІҢ «Азаттық» радиосына айтуынша, биылғы жылы алғаш рет шетте құлдық жағдайға түсетін Қазақстан азаматтарын елге әкелуге көмек ретінде бюджеттен 100 мың теңге бөлініпті.

- Траффик деген негізінен Араб Әмірлігінде. Ал жас қыздарды ол елге кіргізбейді ғой. Сол себептен, олар Қырғызстанның немесе басқа елдің жалған құжаттарын жасап алады. Ол елде олар ұсталған кезде біздің елшілікке хабарлайды. Содан кейін ол азаматтардың қаражаты, жағдайы болмаса, біз оларды тұратын жермен, тамақ, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етеміз. Қазір осы мақсатқа бюджеттен 100 мың доллар бөлініп отыр. Жыл соңында көреміз, егер адамдар саны артса, ол қаржының көлемін ұлғайтуды сұраймыз. Егер азайса, онда қаржы көлемі де қысқарады, - дейді Р.Дәуренбек мырза.

Қазақстан сыртқы істер мекемесі өкілінің сөзіне қарағанда, Қазақстаннан қыздардың дені Араб Әмірлігіне әкетілсе, олардың басым бөлігі мәжбүрлікпен әкетілген жандар екен:

- Шамамен 5 пайызы өз еркімен барса, ал 90-95 пайызы алданып барған жас балалар сияқты. Біздің зерттеулерімізге қарағанда, ондай балалардың көбі - тұрмыс жағдайы нашар, кедей отбасынан шыққандар.

Қарағанды облысында адам сату бойынша қылмыстық іс соңғы 5 жылда алғанда алғаш рет қозғалып отыр. Әзірге 8 қызды шетелге жөнелткен күдіктілер қолға түспеген. Егер олар табылып, айыптары дәлелдене қалған жағдайда олар Қылмыстық Кодекстің 132-ші, 271-ші және 128-ші баптарына сәйкес 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкіндіктері бар.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG