Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.15.2006 жыл


Ақпанның 15-күні жарық көрген қазақстандық мерзімді басылымдар, республикада балабақшалар қатары көбейіп келе жатқаны туралы, жалақы өскені жайында және Қаратау қаласы дауыл салдарынан 7 сағат бойы жарық пен жылусыз қалғаны жөнінде жазған. Сонымен қатар, сәрсенбі күні жарық көрген санында республика басылымдары төтенше жағдайдан қорғану мүмкін емес, бірақ апаттың алдын алуға болатыны туралы жазған.

Республиканың “Егемен Қазақстан” газеті мемлекетте балабақша саны көбейіп келе жатқанын жазыпты. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 9 балабақша пайдалануға берілген, енді облыстың басқа да аудандарында балабақшалар салу ісі қолға алына бастаған. Сонымен қатар “Егемен Қазақстан” газеті республиканың Статистикалық агенттігінің мәліметтеріне сүйене отырып, қазақстандықтардың жалақысы өсе түскенін жариялап отыр. «Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 34066 теңгені құрап, 2004 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда жалақы мөлшері 20,5 пайызға өскен. 2005 жылы атаулы жалақының өсуі экономикалық қызметтің барлық түрлері бойынша байқалып отыр. Мәселен, ауыл және орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы - 25,4 пайызға, құрылыс саласындағылардікі 24,2 пайызға өссе, сауда саласында – 21, денсаулық сақтауда – 20 пайыз, ал білім беру саласында 13,1 пайыз көтерілді», деп жазады “Егемен Қазақстан” газеті. Басылым елдегі өнеркәсіптегі еңбекақы 2005 жылы 41690 теңгені құрап, 2004 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға өскені туралы мәліметтер келтірген.

Қаратау қаласы 7 сағат бойы жарықсыз және жылусыз қалғаны туралы “Экспресс К” газеті жазған. Мұндай жағдайға Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы сенбі күні болған дауылдан кейін тап болған. Дауыл барысында талдар құлап, терезелер сынып, орталық аурухана, Мәдениет үйі және көп қабатты үйлер шатырсыз қалған. Дауылдың салдарынан орталық қазандық істен шығып, ауруханалар мен мектептер жарықсыз қалған. Бірақ, бірнеше сағаттан кейін жағдай қалпына келтіріле бастаған. Күні бүгінге дейін төтенше жағдай болғанда көмек көрсететін топтар Қаратауда жұмыс істеп жатыр. Алдын-ала жасалған есеп бойынша табиғи апат салдарынан келген шығын көлемі 18 миллион теңгеге бағаланып отыр екен.

Төтенше жағдайдың қанша тұратынын “Аргументы и Факты - Қазақстан” газеті жариялап отыр. Бұл мақалада газет тілшілері адам төтенше жағдайдан өзін-өзі сақтандыра алмайды, бірақ, апаттың алдын ала алады деп жазыпты. Демек, Қазақстаның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мамандары өткен жылы шұғыл түрде жасалған шақырулардың арқасында 11 мыңнан астам адамды аман сақтап, 32 мың адамды апатты жерден көшірген.

Қазақстан Солтүстік Атлантикалық одақпен өз қарым-қатынасын қалай жүргізуі керек деген мәселеге қатысты сәрсенбі күні “Айқын” басылымында мақала жазылыпты. Қазақстан НATO-мен қарым-қатынасын кеңейтпек, бұл туралы Қазақстан үкіметінің ресми сайтында хабарланды. Оның сыртында, Қазақстанда Орталық Азиядағы шекара аралық қылмыстарға қарсы бірлескен операцияларды үйлестіретін аймақтық ақпарат үйлестіру орталығы ашылады. Қазақстан Альянспен қарым-қатынасын кеңейтілген сипатта жүргізеді. НATO-ның бас хатшысы және Қазақстан президенті арасындағы келісім негізінде жасалған дербес серіктік және әрекет жөніндегі жоспарға сәйкес, екі жақ лаңкестік, есірткі және қару сату сияқты ғаламдық кеселдермен бірігіп күресетін болады. Ал Ресейдің кейбір ақпарат құралдары ресми Астананың қорғаныс күштерін АҚШ-тың көмегімен жаңарту жоспары бар деп хабар таратқан. Ресей саясаттанушылары Федерация құрылымдары ірі әскери тапсырыстардан құралақан қалуы ықтимал деген жорамал жасап отыр. Тіпті, Мәскеудің бұқаралық ақпарат құралдарында альянсқа кіретін келесі ел Қазақстан деп те айтылған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен кейбір сарапшылар өзгеше пікірде. Саясаттанушы Сейфолла Сапановтың айтуынша, "альянс ықпалын ұлғайтса, Қазақстан НATO-ға қосылуы да мүмкін. Альянстың қазіргі жүргізіп жатқан саясаты жалпы кеңейту мәселесіне байланысты. НATO-ның Орталық Азиядағы өкілдерінің соңғы кездегі көбейіп кетуі де бекер емес". Қазақстанның да кейбір сарапшылары НATO-ға мүше болуға қарсы емес сияқты, деп жазады “Айқын” басылымы сәрсенбі күнгі санында.
XS
SM
MD
LG