Accessibility links

Қазақстан А.Сәрсенбайұлының өлімін тексеру ісіне АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының мамандарын тартпақшы


Ақпанның 16-күні Алматыда баспасөз өкілдері үшін өткізген брифингте Қазақстан Ішкі істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты істі тергеу-тексеру жұмыстарына АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының (FBI) мамандарын тарту көзделіп отырғанын мәлімдеді. Министр мырза ол жайында Қазақстандағы АҚШ елшілігімен келісімге қол жеткенін айта келіп, «FBI мамандарын шақыртқандағы мақсат - қаза себептері туралы қоғамда қандай да алып-қашпа әңгіме мен жаңсақ пікір, қауесетке жол бермей, бұл істі мейлінше ашық өткізу қажеттігінен туындап отыр» деді. Ал оппозиция жетекшісі Жармахан Тұяқбай «Қазақстан билігінің бұл қадамы өздерін таза етіп көрсеткісі келген ниеттен туындап отыр» дейді.

Бейсенбі күні Алматыда өткізген брифингте Қазақстан Ішкі Істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов оппозиция серкесі Алтынбек Сарсенбайұлының өліміне байланысты бірнеше болжамдар қарастырылып отырғанын және ол болжамдар бойынша жеке топтар жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

«Әзірге ешқандай болжамдар жоққа шығарылған жоқ», - деді министр Б.Мұхамеджанов.

Және ол бұл істі тергеу-тексеру мейлінше ашық болуы үшін АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының (FBI) мамандарын да шақыру жоспарланып отырғанын, ол жайында Қазақстандағы АҚШ елшілігімен тиісті келісімге келгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол, мәйіттерден алынған 5 дана 5,45 калибрлі тапанша оқтары сараптамалық тексерістен өткізіліп, бұл қару бұрындары Қазақстандағы қандай да қылмысқа қатысы бар-жоқтығы анықталып жатқанын хабарлады.

«Осы қылмысты ұйымдастырушылар мен орындаушылар жайлы нақты деректер беретін азаматтарға Қазақстан Ішкі Істер министрлігі тарапынан 10 миллион теңге сыйлық тағайындалып отыр және олардың аты-жөнінің құпиялығына кепілдік беріледі», - деді министр.

Оппозиция өкілдері «бұл қайғылы қазаға биліктің өзінің тікелей қатысы бар, билік - кінәлі» деп отыр. Оппозициялық күштердің басын біріктірген «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалыс көсемі әрі былтырғы жылдың аяғында өткен президенттік сайлауда оппозиция атынан президенттікке таласқан Жармахан Тұяқбай мырза биліктің Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты тергеу-тексеру жұмыстарына АҚШ мамандарын шақыру қажеттігі туралы шешімін былай бағалады:

«Саяси астары бар өлімнен кейін, билік қолдан келгенше соған өзінің қатысы жоқтығын дәлелдегісі келіп отыр. Сол бағытта әділеттілігін көрсеткісі келіп, тиісті, басқа елдің сарапшыларын шақырып, сол іске қолынан келгенше көмек бергенін айтып жатыр. Менің ойымша, ең бастысы, бүгін қай жерден қандай маман алып келмесін, біздің ең басты тілегіміз де, талабымыз да осы қылмыстың бетін ашып, қылмыс жасағандарды әшкерелеп, оны ұйымдастырғандарды табу. Егер сол бағытта жасалып жатқан әрекеттер болса оны біз, әрине, қолдаймыз».

Ал Қазақстандағы Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бейүкіметтік ұйымның жетекшісі Евгений Жовтис мырза, биліктің АҚШ мамандарын шақыру туралы шешімге баруының екі себебі болуы мүмкін дейді.

«Бұл қайғылы өлім Қазақстанның халықаралық абыройына үлкен нұқсан келтірді. Себебі, бұл халықаралық қауымдастықта Қазақстандағы тұрақтылыққа деген сенімсіздік ұялататын оқиға болды. Сондықтан бұл оқиғаны ашық та тәуелсіз зерттеуге биліктің өзі мүдделі және халықаралық қауымдастықтың «бұған биліктің қатысы болуы мүмкін, сондықтан шын мәніндегі кінәлілерді табуға әрекеттенбей отыр» деген күдігін сейілту үшін де барып отыр».

Қазақстанға аты танымал тәуелсіз журналист Сергей Дуванов болса, минитр Мұхамеджанов мырзаның Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты істі тергеп-тексеруге АҚШ мамандарын тарту туралы мәлімдемесі «биліктің өз ішінде қандай да үшінші күш болуы мүмкін» деген болжамды растайды дейді.

«Менімше, бұл дегеніңіз биліктің өзі болмаса да, биліктің ішіндегі әйтеуір біреу биліктің қандай да тетіктерін пайдаланып, саяси өлімдерді ұйымдастырады да, оны президентке бұра салатынын Назарбаев мойындап отыр деген сөз. Сондықтан президент ол адамды табуға дайын екендігін аңғартады. Бірақ, бұдан бұрындары ол неге шетел мамандарын шақырмады екен?.. Ол өз мамандарына сенбеуі де мүмкін. Бұл ойланатын мәселе... Тәртіп сақтау органдарындағы кім де кім сол үшінші күшке де қатысы бар болып, өз ойынын жүргізуі мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды».

Қазақстан бұрын-соңды осындай істерде тергеу-тексеру жұмыстарына шетел мамандарын шақырған емес. Ресми билік Алтынбек Сарсенбайұлының қазасынан тура үш ай бұрын Алматыдағы өз үйінде жұмбақ жағдайда қаза болған Заманбек Нұрқаділовтың ісіне шетелдік мамандар тұрмақ, тіпті, тәуелсіз тергеушілерді де қатыстырмаған болатын. Мамандар Лира Байсейтованың қызының қазасы мен Сергей Дувановтың ісін де шетелдік мамандар тергеу-тексеру ісіне емес, жергілікті мамандардың сол істер туралы қортындысын бағалап, сараптау үшін ғана қатыстырылған дейді.

Сондай-ақ мамандар Алтынбек Сарсенбайұлының қазасына байланысты тексеріліп жатқан болжамдар арасында марқұмның Мәскеуде елшілік қызметте істеп жүрген кездегі қандай да коммерциялық қатынастардан бастап, қоғамдағы тұрақтылықты шайқалтып, елге іріткі салуды көздеген қандай да топтардың іс-әрекеті болуы мүмкін деген болжамдарды да қарастырып жатқандығын айтады.
XS
SM
MD
LG