Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.16.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдарда оппозициялық саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының соңғы сұхбаттары мен оны ақтық сапарға шығарып салуға орайғы және тағы басқа да мақалалар жарық көріпті.

Республикалық «Жас алаш» газеті саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы 13 ақпан күні редакцияға келіп, тікелей телефон арқылы оқырмандар сауалдарына жауап беруі керек еді деп жазады. Алайда 13 ақпан күні саясаткердің өлі денесі табылып, «амал не, Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл сұрақтардың бәріне бірдей жауап беріп үлгере алмады... Редакцияға алдын-ала сұрақтың өте көп түсіп жатқанын хабарлағанымызда «келіп түскен сұрақтарға ерте бастан жауап бере берейін..» деп, диктофонның алдында төрт сағат тапжылмай отырып біраз сауалға жауап берді» дей келіп, аталған басылым Алтынбек Сәрсенбайұлының аяқталмай қалған соңғы сұхбатын жариялаған. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы елдегі оппозицияның қызметіне қатысты сұраққа оппозицияның міндеті тек билікпен күрес қана емес, оппозиция қоғамды жандандырудың құрылымдық шаруаларымен шұғылданып, басты мақсаты – демократиялық процестерді алға жылжыту болып табылатындығын айтқан. Ал президенттің демократиялық реформаларды дамыту жөніндегі комиссиясы жұмысына қатысасыздар ма деген сауалға марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы бұған дейінгі өздерінің Ғалымжан Жақияновты босату жөніндегі және аталған комиссияны президенттің өзі басқаруы қажеттігі турасындағы талаптары орындалғандықтан оның жұмысына қатысу ойда бар деген пікірін білдіріпті. Және де «Жас алаш» газеті бұл сұхбатпен қатар марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын ақтық сапарға шығарып салу турасында мақалалар жариялаған. Азалы жиында сөйлеген жазушы Қалихан Ысқақтың, театр сыншысы Әшірбек Сығайдың, саясаткерлер Ғалымжан Жақиянов пен Болат Әбілевтердің сөздерін берген. Сондай-ақ мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіровтің ұсынысымен 15 ақпан күні парламенттің жалпы отырысында Алтынбек Сәрсенбайұлын бір минут үнсіздікпен еске алғандығы мен депутат Уалихан Қалижанның бұл қылмысты аша алмаса Ішкі істер министрі қызметінен кетуі керек деген ақпараттарды да қамтыпты. Сонымен қатар марқұм саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасына алаңдаушылық білдірген бір топ зиялы қауымның президентке жазған хаты да «Жас алаш» газетінің соңғы санында жарияланған.

Ал бейсенбі күні жарық көрген санында «Түркістан» апталығы ай мен күннің аманында, бейбіт күнде біртуар азаматтың қапияда дүниеден озғанына орай азанама беріпті. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына сіңірген еңбегін айта келіп, «Қолыңыздағы осы газеттің кезінде өмірге келуі мен қысылшаң уақытта аяғынан тік тұрып кетуінде де Алтынбектің көз майы бар. Демек, біз үшін Алтынбектің жөні тіптен бөлек» деп жазады «Түркістан» газеті. Мұнымен қатар аталған басылым саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының және оның көлік жүргізушісі Василий Журавлев пен оққағары Бауыржан Байбосынның өлтірілуіне қатысты «Тапсырыс берушілер мен жаналғыштардың тым еркінсуі біздің зығырданымызды қайнатып отыр» деген Мұхтар Әбілязов, Нұржан Сұбханбердин және Нұрлан Сұмағұлов сынды бірқатар бизнес өкілдерінің мәлімдемесін жариялаған. Онда «Әуелі арқадан, одан соң желкеден оқ ату көшілікке сес етіп жазалау деп білеміз. Сондықтан еліміздегі және шетелдегі білікті криминалистерді жұмылдыруды талап етеміз. Барша қазақстандықтарға сес көрсетілді. Қылмыс ашылуы керек! Қорқытқысы келгендерден тайсалмайық!» делінген.

Сонымен қатар осы тақырыпты кеңірек қаузаған «Время» апталығы өзінің 16 ақпан күнгі санында «Алтынбек Сәрсенбайұлы өлтірілді», «Біздің барлығымызға сес көрсетілді» және марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлымен өмірінің соңғы сәтінде жүргізілген «Біз қайда барамыз?» атты сұхбат пен мақалалар топтамасын жариялаған. Саясаткердің өліміне тергеу жүргізіп жатқан Қазақстанның құқық қоғау саласының пікірін білуге тырысқан аталған газет тілшілері әзірге олардың бұл қазаны саясатпен байланыстырғылары келмей отырғандарын айтады. Және де осындай ұстанымды парламент депутаттарының бірқатары білдірсе, енді кейбіреулері бұл қылмыстың бетін ашу Қазақстанның қазіргі билігіне сын екендігін алға тартқан.
XS
SM
MD
LG