Accessibility links

Қырғызстан үкіметі Ресей мен Америка әскери базаларына қарама-қайшы шарт қойып отыр


Қырғызстанда орналасқан екі шетел әскери базасының жағдайлары осы аптада анықтала түсті. Қант әскери базасы жайында Ресей делегациясының құрамындағы бір қолбасшы "біз мұнда мәңгі қаламыз" деді. Бишкек маңындағы америкалық әскери базаны айтатын болсақ, президент Құрманбек Бақиев Ауғанстандағы жағдай тынышталған соң америкалық жасақ әкетілу керек, ал базаны жалдау құнын 100 есе өсіргіміз келеді деді. Сөйтіп, Қырғызстан Ресей мен Америка әскери базаларына қарама-қайшы шарт қоя бастады.

Ресей әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Владимир Михайлов, Ұжымдық қорғаныс ұйымының хатшысы Николай Бордюжа 16 ақпан күні Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев, қорғаныс министрі генерал Исмаил Исақовтармен кездесіп, Қант қаласында орналасқан орыс әскери базасының жағдайын талқылады. Қырғызстанға келе салысымен генерал Михайлов "Қанттағы базамыз мәңгі қалады" деп мәлімдеді. Ресей қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Юрий Зубаков Қант базасы жайындағы келісімді Мемлекеттік Дума ратификациялаған соң Ресей қорғаныс министрлігі базадағы қызметін жетілдіре бастады деді. Генерал Михайлов Қант базасындағы жасақтың қатары еке еседен артық ұлғайып, 750 адамға жеткізіледі деді, қосымша әскери құрал-саймандар әкелінеді деді.

Қанттағы база Ұжымдық қорғаныс ұйымының аясында 2003 жылы қазан айында ашылған. Ресей әскері Қант базасына көк тиын төлемейді, себебі Ресей әуе күштері Қырғызстанның әуе қорғаныс мүддесін қамтиды делінеді. АҚШ Әскери Соғыс колледжі жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша профессоры Стивен Бланк Қант базасының арқасында Ресей тек Қырғызстанда емес, бүкіл Орталық Азияда әскерін ұстап отыр, Қант базасы жайындағы әрекет Ресейдің Орталық Азияның өз басында, Орталық Азияның төңірегінде әскери ықпал жасап отыруының негізгі бұыны дейді.

Қырғызстан үкіметі Қант базасында Ресей әскерінің күшеюіне жол ашып жатса, "Манас" әуежайында орналасқан америкалық әуе күштері базасына керісінше қарама-қайшы талаптарды қоя бастады. Ресейдің "Коммерсант" газетіне берген сұхбатында президент Бақиев базаның жылдық жалдау ақысы екі миллион доллар болса, бұл соманының енді 207 миллион долларға өсірілгенін қалаймыз деді.

АҚШ соңғы кезеңге шейін Өзбекстанда Ханабад қаласында да әскери база ұстап отырды. Әндіжан көтерілісін өзбек үкіметі қанға батырып басқан соң АҚШ үкіметі ресми Ташкентті қатты сынаған. Есесіне өзбек президенті Ислам Кәрімовтың үкіметі Өзбекстаннан америкалық жасақты шығартқызды. Содан бері "Манас" базасының америкалық әскер үшін маңызы өсе түсті. АҚШ бастаған батыс бірлестігі "Манас" базасын Ауғанстандағы әскери және басқа қызметіне пайдаланады.

Міне енді Қырғызстан үкіметі америкалық базаның жалдау құнын өсіреміз деп отыр. Бұл мәселе Қырғызстан мен АҚШ арасында қаралатын мәселе, бұл әзірше тек Қырғызстан жағының мәлімдемесі. Лондонда шығатын "Джейнс каунтри риск" журналының редакторы Алекс Ватанка жалдау құнын өсіреміз деген тек сылтау болу мүмкін, бұл америкалық жасақты елден шығару амалына ұқсайды дейді:

- Шынтуайтында, ресми Бишкек өзбектерге ұқсап америкалықтарға кетіңдер деп айтып отырған жоқ. Бірақ олар америкалықтарға қойылатын шарттарды қиындатып, америкалықтар өздері кетсін деген жағдайды жасап отыр.

АҚШ ресми өкілдері тарапынан Қырғызстанның жаңа мәлімдемесі жайында әзірше ешқандай жауап айтылған жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG