Accessibility links

АҚШ Федералды тергеу бюросы Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасын тергеуге көмектесеміз деп келісті


АҚШ Федералды тергеу бюросы (FBI) Қазақстан үкіметінің өтінішін алдық, тергеуге атсалысымыз деді. FBI қазір Қазақстанға мамандарын жіберіп жатыр, олар болашақ жұмыстың көлемі мен тәртібін анықтамақ. Тергеуді біз әдетте бейтарап жүргіземіз, тергеу қортындыларын шақырған елдің үкіметіне береміз, тергеу қортындыларын олар өз еркімен пайдаланады, - дейді FBI өкілі "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Қазақстандық оппозиция басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның жүргізушісі мен оққағарының зұлымдықпен өлтірілгені Қазақстанда саяси толқу туғызып тұр. Оппозиция осыдан үш ай бұрын өлтірілген диссидент Заманбек Нұрқәділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қандары үкіметтің мойнында деп айыптап жатыр. Елдің ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мұндай күдікті сейілту мақсатында америкалық мамандарын шақырып жатырмыз деп айтқан еді осы бейсенбіде. Енді міне Қазақстан үкіметінің ол өтінішін АҚШ Федералды тергеу бюросы қабылдағаны белгілі болды. FBI жоғары өкілі Стивен Кодак "Азаттық "радиосының Нью-Йорктегі тілшісі Никола Крастевке мынандай мәлімет берді:

- Федералды тергеу бюросына көмек сұраған өтініштің түскені рас. Біздің қолымыздан не келетінін анықтау үшін қазір жеке қызметкерлерімізді аттандырып жатырмыз. Қандай көмек ұсына алатынымызды анықтау қажет. Әзірше тек осыны айта аламын.

FBI тергеу көмегін сұраған елдердің өтініштерін әдетте қабылдайды екен. Тергеуді объективті жүргіземіз, дейді Стивен Кодак:

- Тергеу-зерттеу жүргізуді сұрайтын мемлекетпен әдетте біз түбегейлі өзара ынтымақтастық негізінде жұмыс істейміз. Зерттеу барысында табылған нәтижені шақырған ел ресмилеріне тапсырамыз. Ал ол дерек-мәліметтерді қалай пайдаланады - бұл шақырған елдің шаруасы. Егерде біз тапқан нәтиже олардікінен алшақ болса – бұл да олардың өз шаруасы.

Қазақстанның Вашингтондағы елшілігінің консулы Роман Василенконың айтуынша, АҚШ Федералдық тергеу бюросы қазақстандық ресми өкілдермен өзара ынтымақтаса жұмыс істейтін болады:

- Америкалықтар шақырылып отырғандағы мақсат – жұмыс қазақстандық тергеушілермен өзара ынтымақта болады. Олардың қандай рөл ойнайтындығын әзірше білмеймін, біз алдымен соны білуіміз керек, одан кейінгі кезекте – олардың қандай нәтижеге келуін білу қажет болады. Сондықтан бұл жөнінде қазір бірер пікір айту асығыстық болады.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуін ашуға көмектесетін деректі ақпарат үшін 10 миллион теңге сыйақы тағайындап отыр.
XS
SM
MD
LG