Accessibility links

Қазақстан ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов оппозиция қайраткері А.Сарсенбайұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен 6 адамның ұсталғанын хабарлады


Ақпанның 20 күні Алматыда Қазақстан ішкі істер министірі Бауыржан Мұхамеджанов баспасөз құралдары үшін қысқаша брифинг өткізіп, оппозиция қайраткері Алтынбек Сарсенбайұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен 5 адамның және оларға тапсырыс берген тағы бір азаматтың ұсталғанын хабарлады. Министр мырза «тергеу-тексеру құпиялығы мақсатында олардың аты-жөндері әзірге айтылмайды» дей келіп, Қазақстан өтінішіне көмек беруге дайындығы үшін АҚШ елшілігіне алғыс білдірді. Бұрын айтылғандай, АҚШ-тың Федералды тергеу бюросының маманы дүйсенбі күні кешке Алматыға келмекші.

20 ақпан күні Алматыда Қазақстан Ішкі істер министірі Бауыржан Мұхамеджанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында өткізген 4 минуттық брифингтен ұққанымыз – қазақстандық полиция белгілі саясаткер, белді оппозиционер Алтынбек Сарсенбайұлының қазасына қатысты деген күдікпен барлығы 6 адамды ұстапты.

«Ұсталғандардың аты-жөндерін әзірге айта алмаймыз, олар қазір қылмысты мойындайтындықтары туралы тергеу-тексеру органдарына мәліметтер беріп жатыр. Сонымен қатар, осы қылмысқа тапсырыс берген адам да ұсталды. Белгілі болғаны - тапсырыс беруші адам қылмыскерлерге «бір коммерсантты» ұрлап алып, келісілген жерге әкелуін тапсырған. Және ол үшін 25 мың доллар ақша төлейтінін айтқан. Сол келісім бойынша қылмыскерлер Алтынбек Сәрсенбайұлын ақпанның 11-күні кешкісін, өз үйінің алдында ұстап алып ұрлаған да, Алматыдағы «Малая станицаға» апарған. Ол жерде қылмыскерлер тапсырыс берушімен келісім бойынша А.Сәрсенбайұлын «Тойота-Камри» автокөлігінен, әзірге белгісіз көлікке отырғызған да, беймәлім жаққа алып кеткен».

Министр Б.Мұхамеджанов осылайша қысқа да нұсқа қайырды. «Сұрақ қоюға бола ма?!» деп, ұлардай шулаған журналистерге өзге мәлімет-дерек айтпады. Министр мырза орнынан тұрар алдында, Қазақстанның осы іске қатысты АҚШ-тан Федералды тергеу бюро мамандарын тарту туралы өтінішіне тез арада келісім бергені үшін Алматыдағы АҚШ елшілігіне ризашылығын білдіріп, АҚШ маманы дүйсенбі күні кешке Алматыға келетінін жеткізді. Министр мырзаның айтуынша АҚШ маманы істің материалдарымен танысып, қажет мамандарды іске тарып, әдістемелік көмек берумен айналыспақ.

Министр Б.Мұхамеджановтың осы мәлімдемесіне орай Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу-тексеру ісіне қоғамдақ бақылау үшін құрылған Қоғамдық комиссия төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзадан түсініктеме сұраған едік.

«Бүгінгі күні сол қылмысқа қатысты деген 5 адамның ұсталуы, сол қылмыстың ашылуы мүмкін деген үмітті арттырады. Бірақ, әлде де бұл жерде тек қана Алтынбектің өліміне қатысты 5 адамның ұсталғанымен, оны ұйымдастырған кім, оларды өлтірген кім екені әлі толық белгісіз болып тұрғанға ұқсайды. Сондықтан, менің ойымша, тергеудің істейтін жұмыстары әлі көп», - деді Ж.Тұяқбай.

Ішкі істер министрі Б.Мұхамеджановтың мәлімдемесіне қатысты сарапшылар пікірі сан алуан. Дегенмен, тапсырыс беруші кім екені, бұл күдіктілерге Қазақстандық заң адамдары қалай шыққандары туралы сұрақтар әзірге жауапсыз қалып отыр.
XS
SM
MD
LG