Accessibility links

Қазақстанның Әділет министрлігі “Алға” партиясын тіркеуден өткізуге бас тартты


ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу комитеті «Алға» саяси партиясының тіркеуге тапсырған құжаттарын тексеру барысында партияға мүше болған 62051 адамның 400-ден астамының жеке басының құжаттары анық болмай, олардың кейбірінің бұл өмірде бар-жоғы белгісіз болып шыққан дегенді алға тартып, оппозициялық партияны тіркеуден бас тартып отыр. Мемлекеттік құзырлы органның мұндай шешіміне наразылық білдірген аталмыш партияның саяси кеңесінің төралқа мүшелері ақпанның 21-і күні саяси мәлімдеме таратты. Онда оппозициялық партия басшылығы “Алға” халықтық партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізбей отырған биліктің бұл шешімін «демократияға қарсы жүргізіп отырған іс-әрекет» деп бағалаған. Партияның жетекшісі Асылбек Қожахметов: “Бес айдан бері бізді әуре-сарсаңға салып, партияны тіркемей отырған Әділет министрі Зағипа Балиева қызметінен кетуі керек” дейді.

“Алға” партиясының саяси кеңесінің мүшелері таратқан мәлемдемеде: ““Алға” партиясы құрылғаннан бастап партияға және оның белсенді мүшелеріне жасалған қысым шегіне жетті. Өйткені, біздің көзқарасымызды қолдайтын азаматтарды партия қатарына кіргізбеуге, белсенді мүшелерімізге әртүрлі қысымшылықтар жасалып, оларды заңсыз құрықтау мен тұтқынға алу әрекеттеріне тап болдық”, делінген.

“Алға” халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Бақтылы Түменова: “Осыған қарамастан “Алға” партиясын тіркеуден өткізу үшін қажетті заңнамалардың талаптарын орындап, Әділет министрлігіне құжатымызды тапсырдық. Үстіміздегі жылдық ақпан айының 15-і күні ҚР Әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетінің “Алға” халықтық партиясын тіркеуден өткізбеу жөніндегі бұйрығы қолымызға тиді. Екі ай ішінде жинаған 62 мың қолымызды Әділет министрлігі бес ай тексеріп 400 адамның кейбірін кәмелет жасына толмаған, кейбірін өліп қалған дейді. Содан біздер: “Бұл қалай?” - деп өзіміз де сол тізімді қайта тексеріп шықтық. Өліп қалған ешкім жоқ. Кәмелет жасына жетпеген балалар қолдарына құжаттарын алыпты. Олардың жеке бас куәліктерінің көшірмесі менің қолымда бар”, дейді.

Әділет министрлігінің партияны тіркемеу жөніндегі шешіміне наразылықтарын білдірген алғалықтар енді Астана қалалық сотына шағымданбақшы.

“Бес айдан бері бізді әуре-сарсаңға салып, партияны тіркемей демократияға қарсы жұмыс істеп отырған Әділет министрі Зағипа Балиеава қызметінен кетуі керек”, дейді “Алға” партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов.

Бақтылы Түменова: ““Алға” халықтық партиясының жетекшілері мен мүшелері Қазақстан басшылығынан Әділет министрлігінің партияны тіркемеу жөніндегі шешімінің күшін жоюды талап етеді. Заң Қазақстан азаматтарына бірдей қызмет ету керек. Партия құру үшін 50 мың қол жина деді. Оны жинадық. Әр облыста 700-ден кем емес мүшелеріміз бар. Біздің партияға келгенде ешқандай заң жұмыс істемейді”, дейді.

“Нағыз Ақжол” партиясының заңгері, осы партияның саяси кеңеснің мүшесі Серікхан Жақыпов: “65 мыңнан астам қол жинаған “Нағыз Ақжол” партиясында Әділет министрлігі тіркемей отыр”, дейді. Оның айтуынша, Әділет министрлігі “Нағыз Ақжолдың” Астана қаласы бойынша 600-ден астам мүшелерінің нақты тіркеуі жоқ деп тіркеуден бас тартқан. Мұның өзі Қазақстан заңына қайшы дейді Серікхан Жақыпов.

Осы мәселеге байланысты Әділет министрлігіне хабарласқанымызда министрліктің баспасөз қызметкері: “Бұл мәселеге байланысты құжаттарды тіркеу бөліміне хабарласыңыз”, деді. Алайда, Әділет министрлігінің құжаттарды тіркеу бөлімінің қызметкерлерімен тілдесу мүмкін болмады.

”Азаттық” радиосына өз пікірін білдірген Алматы қаласының тұрғыны диссидент Кәрішал Асан-Ата: “Бұл мәселенің саяси астары бар екендігі өзінен-өзі түсінікті. Әйтпесе шет елде, мәдениеті дамыған елдерде үш адам бірігіп бір партия құра алады. Бізде әйтеуір адал іске кедергі табылады. Барлық ұйымдар “Отан” партиясы мен “Алға” партиясы бірдей құқы жағдайында болуы керек”, дейді.

Саяси мәлімдеме жасап, партияларының тіркелмей қалғанына наразылық білдіріп жатқан алғалықтар: “Мемлекет басшылары жоғарыдағы талап тілектерін орындаудан бас тартқан жағдайда біз өз тарапымыздан Қазақстан Конституциясы тиым салмайтын саяси қарсылықтардыі кез-келген түріне баруға әзірміз”, дейді.
XS
SM
MD
LG