Ақпанның 23-і күні Қазақстанның кейбір ақпарат көздері саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар тағы бір азаматтың Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына жақын маңайдан ұсталғандығы туралы хабар таратты. Ақпарат көздері ол адам А.Сәрсенбайұлын және оның қасындағы екі жолдасын өлтірген жендет-орындаушы болуы мүмкін екендігін айтуда. Ал тағы бір ақпарат көзі бұл ұсталған адам А.Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін тауға апарған джип автокөлігінің жүргізушісі екендігін айтып отыр.
Саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталып отырған бұл екі адам туралы хабарды Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Мұқтар Анарбеков жоққа шығармады.
«Алайда, тергеу-тексеру жұмыстарының қазіргі құпиялығын ескеріп, кімдердің ұсталып, тергеліп жатқандығын дәл қазір ашық жариялаудың қажеті жоқ», - деді ҰҚК өкілі.
Журналист Ермұрат Бапидің пікірінше, күдікті адам ретінде ұсталып отырған Ержан Өтембаев негізінде адам бетіне тура қарай алмайтын жұмсақ мінезді адам.
«Ол бұл мәселеде негізгі тапсырыс беруші адамның қол баласы ретінде ойнаған болуы әбден мүмкін. Қалайда билікке жақын ақпарат құралдары тапсырыс беруші адам Е.Өтембаев пен оны орындағандар ұсталды деп, нағыз қылмыстың бетін бүркемелеуге тырысып жатыр. Бұл мәселеде қашан А.Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген басты адам белгілі болып, жауапқа тартылады, сонда нағыз шындықтың беті ашылмақшы», - дейді Е.Бапи.
Қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасының жай-жапсарын анықтау мақсатында құрылған қоғамдық комиссия Қазақстанның Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен бұл іске байланысты марқұмның пікірлес серіктерінен ғана емес, сонымен бірге оның саяси қарсыластары саналған тұлғалардан – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаевадан, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы президентінің бірінші орынбасары Қайрат Сатыпалдыдан, танымал кәсіпкерлер - Александр Машкевичтен, Патох Шодиевтен және Алиджон Ибрагимовтан жауап алуды сұрап отыр. Бұл аталған алты адамның алғашқы үшеуі – президент Н.Назарбаевтың етжақын адамдары.