“Қолда бар аз мәліметке қарағанда құқық қорғау органдары әуелі өз ішінде тазарту жұмыстарын жүргізу керек. “Арыстанның” қолға түске бес адамына қоса тағы біраз полигонды қылмыскерлер қолға түсуі мүмкін” деп, жазыпты “Түркістан” газетінің тілшісі Гүлбиғаш Омарова.
“Время” газетінде жарық көрген Виктор Верктің мақаласында белгілі қоғам қайраткері, әрі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға ресми өкілдерден тек Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен президент әкімшілігі басшылығының орынбасары Марат Тажиннің ғана келгендігі айтылыпты.
“Свобода слова” газетінде “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Бас прокурор Рәшит Түсіпбековке, Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың атына жазған ашық хаты жарық көріпті. Өз ашық хатында Жармахан Тұяқбай мырза құзырлы орындардың бұл орын алған оқиғаға байланысты Сыртқы Істер Министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаевадан, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының бірінші орынбасары Қайрат Сатыбалды, белгілі кәсіпкерлер Александр Машкевич, Патох Шадиев және Әлижан Ибрагимовтан да жауап алуын сұрапты.
“Дата недели” немесе “Айна плюс” газетінде жарық көрген журналист Сергей Дувановтың сараптамалық мақаласында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтірген қылмыскерлердің олардың мәйітін тауға апарып тастағысы келгендігіне баса назар аударылыпты. Мақала авторының болжамына сүйенсек, оларды өлтірген қылмыскерлер денелерін тауға апарып тастап, “аңшылықты қаза тапқан” деген қорытынды жасауға негіз болатын жалған із тастауға тырысқан. Сондай-ақ автор өз мақаласында олардың қалай қаза тапқандығы анықталмай жатып-ақ билікке жақын кейбір беделді ақпарат құралдарының Алтынбек Сәрсенбайұлы аңшылықта қаза тапты деген сыңайдағы жалған мәлімет таратқандығына айрықша көңіл бөліп, мұндай ақпаратты олар қайдан алды деген сауал тастапты. Сонымен қатар аталмыш басылымда Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге қатысы бар қылмыскер тобының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде президенттің туыстарының бірі оған басшылық жасаған кезеңде жұмыс жасағандығы айтылыпты.
“Литер” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында мұндай ауыр қылмыс жасаған адамдардың бірінші рет тез арада табылып отырғандығына тоқталыпты.