Accessibility links

Сәбит Мұқанов туралы жаңа еңбек несімен құнды?


24-ақпан күні Алматы қаласындағы Сәбит Мұқановтың мұражай-үйінде “Сәбит Мұқанов” атты әдеби-ғылыми ғұмырнама кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітап тұсаукесеріне белгілі ғалымдар, жазушылар, мұражай қызметкерлері қатысты. Осы еңбекті жазған авторлар аталмыш туындының Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына жаңа көзқарасты, жаңа ғылыми бағалауды тұжырымдайтын еңбек екендігін айтып отыр.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің классигі атанған кейбір ақын-жазушыларға түрлі сындардың айтыла бастағандығы белгілі. Сондай сынға “Өмір мектебі”, “Адасқандар”, “Ботагөз”, “Балуан Шолақ” сынды туындыларды дүниеге әкелген Сәбит Мұқановтың шығармашылығы да іліккен еді. Осындай сындардың соңғы уақыттары тым жиілеп кетуі, профессор Тұрсынбек Кәкішевтың “Сәбит Мұқанов” атты әдеби-ғылыми ғұмырнама кітабын жазуға итермелепті. Өз сөзінде профессор Т.Кәкішев шын мәнісінде жазушы Сәбит Мұқановтың халқына адал қызмет еткен перзенттердің бірі болғандығын бұлтартпас айғақтар мен деректер арқылы дәлелдеп жазғандығын әңгімелеп берді.

“Сәбит Мұқанов” атты кітаптың тұсаукесері өтетін жұма күні “Қазақ әдебиеті” газетінде жас ақын Серік Елікбайдың мақаласы жарық көрді. Өз мақаласында ол жазушы Сәбит Мұқановтың көптеген дүниелерді тапсырыспен жазғандығын сынға алып, “Қадірлі Сәбең” қара тақтаға кімдердің жазылатынын атап көрсетті” дегенді айтыпты. Ал, “Сәбит Мұқанов” атты кітаптың тұсаукесеріне келген жазушы Асқар Алтай мұндай сындардың негізі жоқ деп есептейді екен. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында ол Сәбит Мұқановтың әдебиеттегі орнын ешкімнің де жоққа шығара алмайтындығын сөз қылды. Жазушының артында қалған жары Мәриям Мұқанованың айтуынша, Сәбит Мұқанов өмір бойы тек халықтың қамын ойлаған адам болған.

Сәбит Мұқановпен араласып тұрған қазақ әдебиетінің ақсақал жазушыларының бірі Әзілхан Нұршайықовтың айтуынша, әсіресе ол жастарға үлкен қамқорлық көрсетіп тұрған. Сәбит Мұқанов мұражайы үйінің директоры Әділғазы Қайырбековтың айтуынша, жазушы туралы жаңа еңбек оның шығармашылығына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашады.
XS
SM
MD
LG