Accessibility links

Қазақстанда осы жылы кейбір автожолдар ақылы болады


Қазақстанда осы жылы кейбір автожолдар ақылы болады. Бұл туралы ақпанның 27 күні Астанада парламенттің үкімет сағатына көлік және коммуникация министрі Асқар Мамин хабарлады. Ал, кейбір депутаттар болса республикадағы автожолдардың 40 пайызының тозығы жеткен деп отыр.

Қазақстан үкіметі бекіткен автожолдарды дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша алдағы бірнеше жылда бұл салаға 1 триллион 300 миллиард теңге салынады. Жоспар бойынша бұл қаржыға 6 жолақты автомагистарльдар салынып, елдегі негізгі халықаралық 6 жол дәлізі қайта қалпына келтіріледі. Осылайша, Қазақстанның Еуропамен Азияның ортасында орналасуының тиімділігн пайдалану көзделген. Бұл Қазақстанның басқа елдермен жасалатын тауарайналымын едәуір ұлғайтады деп хабарланып отыр. Бірақ, оның сыртында, автожолдың тиімділігін арттыру үшін, оларды ақылы қылу алға қойылды, дейді көлік және коммуникация министрі Асқар Мамин:

- Осы жылдың ішінде бастау жоспарымызда бар. Ол Жезқазғаннан Сақсауылға дейін және Сақсауылдан Бейнеуге дейінгі жолдарда жүргізіледі.

Көлік және коммуникация министрі Асқар Мамин айтып өткендей, өткен жылы жол жөндеуге 63 миллиард теңге жұмсалған. Ал, кейбір депуттатар болса елдегі барлық жолдардың 40 пайызының тозығы жеткен деп отыр. Мамандығы құрылысшы парламент мәжілісінің депутаты Амалбек Тшановтың айтуынша, жол жөндеуге салынып жатқан қыруар ақша заяға кетуі мүмкін, өйткені жөндеу жүргізетін компаниялар құрылыс сапасына көңіл бөлмейді, оның сыртында, бұл салада жемқорлық бар, дейді ол:

- Біздің жолдардың сиқын қараңыз. Миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, жолдардың сиқы бұрын қандай болса, қазір сондай. Алғашқы жасаған кезде жақсы болып тұрады, ал, бір жыл өтпестен быт-шыт болады. Әр бір тендерді ұтқан адам өздері жауап беру керек. Ал, бізде үлкен лауазымды адамдар осыған қамқорлық жасап отыр, олар тендерді ұтып береді, бірақ, өздері істемейді.

Жол салудағы жемқорлық жайлы Қазақстанда тіпті мақал қалыптасқан. «Ақшаға кенелгің келсе не құрылыс жаса не жол сал, асфальтқа көп ақшаны басуға болады», деген пікір бар. Бірақ, қыруар ақша жолға салынғанымен жол сапасы көңілден шықпайды, дейді депуттар. Олардың есебіне қарағанда соңғы кезде автожолдардағы жол апаттары, адам қазасы көбейген, тіпті жаңа жолдардың өзінде адам өлімі жиі болып тұрады. Көлік және коммуникация министрі Асқар Маминнің айтуынша жолды сапасыз жасайтын компаниялар сотқа тартылады, ал, жемқорлық жөніндегі пікірді министр теріске шығаруға тырысты:

- Біз сапасын көтереміз. Жемқорлық туралы мәселе бізде жоқ, болмайды.

Автокөлік иелері болса ақылы жолмен салдырлап барған үшін тағы ақша сұрайтын болса темір жол немесе ұшақ сияқты басқа көлікпен бармаймызда деп отыр. Бірақ, темір жол вагондарының 60 пайызыны тозығы жеткен, дейді депуттатар. Көлік министрі болса осы жылы үкімет бөлген бірнеше миллион долларға 250 жаңа жолаушы вагондары сатып алынады деп отыр. Ал, әуе жолдарына қатысты депутаттардың сындары тіпті көп. Кейбір депутаттар ұшақ қызметкерлері жергілікті тілде сөйлемейді десе, басқалары қызмет атқару деңгейі төмен, ұшақтар белгіленген уақыттан кеш ұшады, деген сын айттты. Ал, парламент мәжілісінің депутаты Амалбек Тшановтың айтуынша, ең сорақысы осындай қызмет атқара отырып елдегі шет елдік компаниялардың ең ірісі әуе жолының құнын төмендетпей отыр:

- Шын мәнісінде мемлекеттік тиянақты бағдарлама болған жоқ осы уақытқа дейін, бұлар қазір осындай үлкен бағдарлама жасап отыр. Бірақ, әуе жолын алсаңыз бізде шет елдік «Эйр Астана» бір-ақ компания Қазақстандағы. Жалпы, дүние жүзінде ішкі әуе қатынасында ең төмеңгі бағамен барады. Бұларда қазір адам тасыуы 2003 жылмен салыстырғанда 3 есеге көбейген. Онда неге баға төмендемейді. Бұлар халықты ойламайды, тек өз қалтасын ойлайды. Мысалы Шымкентке барсаңыз АН-24 деген ұшақта бизнес класс деген жоқ, бірақ, бір күн қалғанда барсаңыз олар бизнес класс деп сатады.

Амалбек Тшановтың айтуынша, билет бағасының қымбаттығы соншалық оны шет елдіктер келіп Қазақстандықтарды тонап жатқанымен салыстыруға болады. Өйткені «Эйр Астана» компаниясының табысы жайлы мәлімет жоқтың қасы, дейді депутат. «Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер болса, осы кәсіпорын Қазақстанға келгелі ел бюджетіне 45 миллион доллар ретінде салық аудардық, дейді. Ал, әуе жолдарының құнына байланысты пікірінде Питер Фостердің айтуынша олар болашақта баға саясатын әліде қарастырады. Бірақ, халықаралық бағалармен салыстырғанда елдің ішіндегі бағыттарға қойылып отырған баға қымбат емес деді ол.

Питер Фостердің айтуынша, есесіне жақын болашақта Қазақстан ұшақтарындағы қызмет сапасы көтеріледі. Бизнес класс бағыттарында ыстық тамақ беріліп, жолаушыға қолайлы жағдай жасалады.
XS
SM
MD
LG