Accessibility links

Қазақстан: ресми билік А.Сәрсенбайұлын өлтіруге одан кек алуды көздеген бұрынғы әріптесі тапсырыс берген деп мәлімдейді


Дүйсенбі күні Қазақстанның ресми билігі оппозиция лидерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның 2 серігін ұрлап алып кетіп, өлтіруге Ержан Өтембаев тапсырыс берген деп мәлімдеді. Осы күні Астанада өткізген брифингте ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың мәлімдегеніндей, оған А.Сәрсенбайұлы мен Е.Өтембаевтың бір-бірін жақтырмағаны ең басты себеп болған көрінеді. Ержан Өтембаев – Қазастан Парламенті Сенаты аппаратының басшысы болатын. Ресми биліктің рұқсат бермеуіне қарамастан осы жексенбі күні қазақ оппозициясы бірнеше мың халықтың қатысуымен А.Сәрсенбайұлы мен оның 2 серігін және Заманбек Нұрқаділовті еске алатын митингі ұйымдастырып, олардың қазасына жауапты саяси тұлғаларды соттауды талап етті. Оппозиция А.Сәрсенбайұлын, Бауыржан Байбосыновты, Василий Журавлевті, Заманбек Нұрқаділовті және т.б. “қазіргі режимнің саяси террорының құрбандары” деп санайды және бұдан былай 26-ншы ақпанда “саяси террордың құрбандарын еске алу күні” ретінде жыл сайын атап өту туралы бастама көтеріп отыр. Қазақстандағы кейбір саясаттанушы сияқты Қазақстан оппозициясы да Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты ресми биліктің соңғы мәлімдемесін күдікпен қабылдады.

Дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның бас полицейі Бауыржан Мұхамеджанов Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді Парламент Сенаты Аппаратының басшысы Ержан Өтембаев жоспарлаған деп мәлімдеді. Оның айтуынша, кісі өлтіруге Е.Өтембаев пен А.Сәрсенбайұлының көптен бері бір-бірін жақтырмай келгені ең басты себеп болған көрінеді.

Б.МҰХАМЕДЖАНОВ: “Тапсырыс беруші – парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев. А.Сәрсенбайұлының республикалық басылымдардың бірінде Е.Өтембаевқа нашар мінездеме берілген мақаланы жариялауынан кейін екеуінің арасы күрт суыды. Мақала жарыққа шыққан соң, Ержан Өтембаевтың сөзі бойынша, ол қызмет бабымен төмен құлдырады. Осы жағдайы үшін А.Сәрсенбайұлын кінәлі деп санаған Е.Өтембаев ұзақ уақыттан бері одан кек алуды ойлап жүрген”.

Ішкі істер министрінің осылай деп мәлімдеуінің қарсаңында, жексенбі күні Алматы қаласында қазақ оппозициясы А.Сәрсенбайұлы “саяси тапсырыспен өлтірілді” деп мәлімдеп, қылмысқа жауапты билік өкілдерін жауапқа тартуды талап етті. Митингіге бірнеше (түрлі есеп бойынша 2.5 мыңнан 4 мыңға жуық. САҚ) мың адам қатысты. Одан бұрын оппозиция қылмысты әділ де ашық тергеу үшін тәуелсіз де қоғамдық комиссия құрды. Келесі күні, дүйсенбіде, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің алдында тергеудің ашық жүргізілуін талап еткен пикет ұйымдастырылды. А.Сәрсенбайұлын тапсырыс беріп өлтіруге оның Е.Өтембаевпен арадағы жауласуының себеп болғанына саяси сарапшылар да күмән келтіреді. Олардың пікірінше, ішкі істер министрі Б.Мұхамеджановтың дүйсенбідегі мәлімдемесі – көрнекті оппозиция лидерінің қазасын ресми биліктің қалай қалай бұрмалағасы келетінін айқын аңғартады. Мысалға, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында белгілі қазақ саясаттанушысы Досым Сәтпаев былай деп ой бөлісті.

Д.СӘТПАЕВ: “Көзге оттай басылатыны: белгілі бір мақсатпен қоғамдық пікірді нақты сценарий бойынша қалыптастыруға деген ұмтылыс байқалады. Өйткені, қазірдің өзінде саяси биліктің ішіндегі ықпалды топтың бірі, оған президенттің отбасы мүшелері де кіреді, президентке қарсы қастандық ұйымдастырылды деп ашық мәлімдеді және тіпті ол қастандыққа бақталас топқа жататын тұлғалардың қатысы барлығы мүмкін екенін нұсқап көрсеткендей болды”.

Д.Сәтпаевтың айтуынша, таяудағы кісі өлтірген оқиғаның бір оқпен екі қоян атып алуды көздеген тәрізді: бір жағынан, билік оппозицияның ең басты стратегі А.Сәрсенбаевты құртса, екінші жағынан, деп санайды саясаттанушы, Н.Назарбаевтың отбасы мүшелдері саяси билік құрмындағы Е.Өтембаев, Н.Дүтбаев, Нұртай Әбіқаев сынды бақталастарын тайдырады.

Д.САТПАЕВ: “Өзіне айрықша назар аударатын маңызды жайт: көптен бері саяси элитаның аса ықпал-беделді өкілі болып келген Сенат спикері Н.Әбіқаевқа өте күшті соққы беріліп жатыр. Н.Әбіқаев - әрқашан мемлекет басшысының жақын маңында болды. Егер қатарына Ұлыттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен кеткен Н.Дүтбаев пен жақында тұтқындалған Е.Өтембаев кіретін Н.Әбіқаев бастаған топтың президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев бастаған топпен бақталас болып келгенін ескеретін болсақ, онда А.Сәрсенбайұлының қазасынан кейін қазір біз саяси билік ішіндегі осы топтың өзара “жан алысып, жан беріскен” күрес-тартысын байқаймыз”. Е.Өтембаев тұтқындалған соң, қазақ оппозициясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, ұзақ жылдар бойы президент Н.Назарбаевтың бірінші көмекшісі, президент әкімшілігінің басшысы болған, қазір парламент сенатының спикері Н.Әбіқаевты А.Сәрсенбайұлын өлтірген қылмысты тергеу толық аяқталғанша биліктен аластатылуын талап етті. Оппозицияның пікірінше, Сенат спикерінің тергеу барысына бөгет жасау немесе ықпал ететіндей билік құзыры жетеді.

А.Сәрсенбайұлы – өткен 3 айдың ішінде түсініксіз жағдайда қаза болған оппозицияның ең ықпалды екінші өкілі болды. Өткен қараша айының 12-сі күні жүрек тұсынан 2 рет және басынан 1 рет атылған оқтан мерт болған Заманбек Нұқаділовтің мәйіті өз үйінен табылды. Ресми биліктің тергеуі ол өзіне-өзі 3 рет оқ атып өлді деген қорытындыға келді. Саяси оппозиция Заманбектің өзіне-өзі 3 рет оқ атып өлуі мүмкін емес деп, ресми қорытындыны мүлде қабылдамады. Қазақ оппозициясы осы екі кісі де “саяси тапсырыстың құрбаны болды” деп санайды. Өткен аптада тіпті оппозиция лидерлері А.Сәрсенбайұлын тапсырыспен өлтіруге президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаев мен оның күйеуі әрі бірінші сыртқы істер вице-министрі Рахат Әлиевтің қатысы бар деп шықты. Осы күні Дариға – “Асар” партиясының төрайымы әрі Парламент Мәжілісінің депутаты, ал Рахат – бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары болды. Оппозициялық “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының лидері, А.Сәрсенбайұылының қаза болуы себептерін тергейтін тәуелсіз қоғамдық комиссияның жетекшісі, бұрынғы Бас прокурор әрі бұрынғы мәжілісі спикері Жармахан Тұяқбай ішкі істер министрі Б.Мұхамеджановтың кісі өлтіруге “Е.Өтембаев тапсырыс берді” деген сөзіне күмән келтіреді. Марқұм Алтынбектің туған ағасы – Рыспек Сәрсенбайұлы да тергеудің ресми қорытындысына өзі тұрмақ, өзінің немересі де еш сенбейтіін мәлімдеді. Қазақ оппозициясы тергеу барысында президент Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен үлкен күйеу баласы Рахаттан жауап алуды талап етіп отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG